Өмірбаяны

Ихсанов Ерсайын Уалитханұлы 1950 жылы 28 ақпанда  Атырау облысы Құрманғазы ауданының Котяевка селосында туған. 1971 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының математика факультетін бітірді.    

1976-1979 жылдары «Дифференциалдық және интегралдық теңдеулер» мамандығы бойынша осы институттың аспирантурасын бітірген.                   

1971–1991 жылдары Гурьев педагогикалық институтының математикалық анализ кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, доцент қызметтерінде болған.

1991–1997 жылдары Атырау мұнай және газ институтының жоғары математика кафедрасының меңгерушісі. 

1997–2001 жылдарында – «УНАТ» институтының Атырау филиалының директоры.                                                                                                      

2001 жылдан осы уақытқа дейін Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры.

Ихсанов Ерсайын Уалитханұлы – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының, ҚР Ұлттық Жаратылыстану Ғылымдар Академиясының және Халықаралық Информатизациялау Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол дифференциалдық  және интегралдық теңдеулер, теориялық космостық динамика мен аспан механикасы ғылыми салаларымен  шұғылданатын елімізге белгілі ғалым. Оның еңбектерінің нәтижелері 80-нен астам ғылыми басылымдарда, соның ішінде 3 ғылыми монографияда жарық көрген.

Ерсайын Уалитханұлының басшылығымен институт ұжымы осы күннің талаптарына сай білікті мамандар дайындауда, олардың білім сапасын көтеруде және озық тәжірибелерді, жаңа технологияларды оқу жүйесіне пайдалануды іске асыру бағытында үлкен жетістіктерге жетті. Институттың материалдық базасын нығайту, компьютерлендіру, лабораториялар мен пән кабинеттерін жабдықтау мәселелері оң шешімін табуда. Халықаралық білім кеңестігіне ену бағдарламаларына байланысты көптеген құжаттар және озық тәжірибелер оқу үрдісіне енгізілуде.

Институт қабырғасында студенттердің рухани, тәрбиелік және мәдени-қоғамдық жұмыстарын өрбіту бағытында көптеген шығармашылық, конкурстық байқаулар, спорттық сайыстар ұйымдастыру жұмыстарында белгілі табыстарға жетті.  Институт ректорының ұжым мүшелерімен, студенттермен және әріптестермен өзара қарым-қатынасы іскерлік, сенімділік және мәдениеттілік тұрғыда қалыптасқан.

Сонымен  бірге ол өлкеміздің өркендеп дамуына және қоғамдық өміріне белсене араласып келеді, 4-шақырылған Атырау қалалық және 5, 6-шақырылған Атырау облыстық маслихаттарының депутаты. НұрОтан партиясы фракциясының мүшесі.

Белгілі ұстаз және ұйымдастырушы ретінде ол  еліміздің батыс аймағында жоғары білімді мамандар дайындауға үлкен үлес қосып келеді. Жоғары білімді, білікті мамандар дайындау ісіндегі және ғылымдағы қажырлы еңбегі үшін ол 1993 және 1999 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен, «ҚР білімінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен және ғылымдағы ерекше жетістіктері үшін Оксфорд университетінің Сократ атындағы медалімен марапатталды.

2010 жылы ҚР Президентінің жарлығымен оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.