Атырау облыстық ДІБ «Ақпараттық-талдау орталығының» теолог мамандарымен кездесу өтті

WhatsApp Image 2017-10-17 at 11.30.45(1).jpeg
WhatsApp Image 2017-10-17 at 11.30.45(5).jpeg
WhatsApp Image 2017-10-17 at 11.30.45(4).jpeg
WhatsApp Image 2017-10-17 at 11.30.45(8).jpeg
WhatsApp Image 2017-10-17 at 11.30.45.jpeg

2017 жылдың 12 қазан күні Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының мәжіліс залында Атырау облысы Дін істер басқармасы «Ақпараттық-талдау орталығының» теолог мамандарымен кездесу өтті.

Мақсаты – жастарды теріс діни ағымдағы деструктивті топтардан сақтандыру.

Институт студенттерімен кездесуге «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қоғамдық қорының теологы – Уразов Амангелді Қалдыбайұлы, Атырау облысы Дін істері басқармасы «Ақпараттық-талдау орталығының» бөлім басшысы – Абзалов Ернар Абзалұлы және Атырау облысы ТЖД-ның Ардагерлер төрағасы – Дүйсекенов  Сейтжан Қисайұлы келді.

Кездесуді алғы сөзбен  Ардагерлер төрағасы – Дүйсекенов  Сейтжан Қисайұлы бастап,  кездесуге қатысып отырған оқытушылар мен студенттерге өз алғысын білдірді.  Өз сөзінде, «Дін» туралы ұғымға түсініктеме беріп, еліміздің тарих иірімдеріне шолу жасап өтті.  Қазіргі уақыттағы қоғамдық кеселге айналып отырған деструктивтік діни ағымдардың зардабы мен ғаламтордағы қолжетімділіктің жастардың санасына тигізіп отырған кері әсерлеріне тоқталды.  Студенттерді дәстүрімізге, тұрмыс-салтымызға кереғар киім-кешек киюден, тұрпайы мінез-құлықтан аулақ болуға шақырды. Өмірде, қоғамда дұрыс, түзу бағытты ұстанып жүруді насихаттады.

Келесі кезекте «Ақпараттық-талдау орталығының» бөлім басшысы Ернар Абзалұлы перезентация арқылы, «деструктивтілік», «теріс ағым» сияқты түсініктердің қоғамда кең таралуы, жастардың жат ағымға еріп кету фактілері жөнінде айтып, студенттермен сұхбат жүргізді.  Діни теріс ағымды топтардың кез келген жеке тұлғаның жанұя, отансүйгіштік, дәстүр (салт-сана), тіл, тарих  сияқты 5 аса маңызды құндылықтарына шабуыл жасап, олардан ада қылуды көздейтіндігін жете түсіндірді.  Сонымен бірге, теріс діни деструктивті ағымды топтар мен олардың көшбасшылары туралы мәлімет беріп, олардан сақтануға шақырды.

Кездесу соңын «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қоғамдық қорының теологы – Уразов Амангелді Қалдыбайұлы қорытып, деструктивті ағым, оның мүшелері, ислам дініне кереғар идеологияны ұстанатын діни ұйымдардың  мемлекет азаматтарын теріс ағымға итермелеуінің түрлі этаптары турасында сөз қозғай отырып, теріс, жат ағымдардың қармағына түспеудің амалдары саралады. Сөз соңында студенттерден күмәнді форум, сайттарды пайдалана отырып, дін жөнінде ақпарат алудан немесе уағыз тыңдаудан сақтануларын өтінді.

Кездесу соңында студенттерге анонимді сауалнамалар таратылды.