«Мен қазақтың ұлымын!» атты жігіт сұлтаны байқауы

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында 27 қараша күні, 1- желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мерекесіне орай ұйымдастырылған «Мен қазақтың ұлымын!» атты жігіт сұлтаны байқауы өтті.

Байқаудың ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталып, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының Бірінші проректоры, п.ғ.к.,профессор Мұхтаров Мұстақим Харенұлы : «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының халық алдында атқарған ерен еңбегінің арқасында, бейбіт, бірлігі жарасқан елде, тыныш заманда, озық білім мен ғылыми инновацияның өркендеу дәуірінде өмір сүріп, білім алып, қызмет етіп келеміз. Қазіргі қоғамда жастар үшін  елімізде білім алуға, ғылыммен айналысуға, еліміздің қоғамдық өміріне араласуға зор мүмкіндіктер жасалып отыр.  Ендеше, білім алып оны дамытуға, қоғамда өз орындарыңды тауып қызмет атқарып, елдің  үлкен азаматтары мен азаматшасы болуларыңызға тілектеспін.» деп кіріспе сөз сөйледі. Институт және колледж оқытушылар құрамын, студенттерді 1 - желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, «Мен қазақтың ұлымын» атты жігіт сұлтаны байқауына қатысушы сайыскелерге сәттілік тіледі.

Бұл байқауға сайыскер ретінде Атырау инженерлік-гуманитарлық институты және колледжінің студенттері қатысты.

Байқауға қатысушылардың өнеріне, ақыл-парасатына объективті  баға беруші әділ-қазылар алқасының мүшелері болып Мұхамбетқалиев Бақтияр Сұлтанбекұлы – «Инженерлік- техникалық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, әділ-қазылар алқасының төрағасы, Елеусинова Ақмарал Едігеқызы – «Информатика, Автоматтандыру және басқару» кафедрасының меңгерушісі, Төлесінова Гүлназ Нұралықызы – Колледж директорының ғылыми ісі жөніндегі орынбасары, Қақпанбаева Нұрайна Мелсқызы «Инженерлік-техникалық» факультеті деканының орынбасары, Атырау инженерлік – гуманитарлық институтының түлегі, Жас отан жастар қанатының маманы Құбекен Сағынгерей сайланды.

Байқаудың «Тегімді менің сұрасаң...», «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес», «Егер мен Президент болсам», «Сұрақ – жауап» атты бөлімдерінде сайыскерлеріміз сахнада бар өнерлерін паш етті. Әсіресе, І  бөлімде Серікқалиев Еламан өзінің таныстыруын жұмысқа орналасу кезіндегі әңгімелесу көрінісімен ұсынса, Молдабаев Нұрдаулет, Базарбаев Салауат өздерін бейнеролик ролик арқылы таныстырып өтті. Келесі «Сегіз қырлы, бір сырлы» бөлімінде жігіт сұлтандары әрқайсысына тән, өз таланттарымен көрермендерді сүйсіндіріп, «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» бөлімінде викториналық – логикалық ойында да алғырлығы мен ұшқыр ойлылықтарын көрсете білді. «Егер мен Президент болсам» атты бөлімде қатысушыларымыз көрермен алдына шығып өз армандары мен ойларын әдеби тілмен жеткізе білді. Ал соңғы «Сұрақ - жауап» атты бөлімде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өміріне байланысты, ҚР тәуелсіздігіне, рәміздерге қатысты сұрақтар қойылып, сайыскерлеріміз бұл бөлімнен де сүрінбей өтті.

Байқау соңында, әділ-қазылар сайысқа қатысушы жігіттердің ерекшеліктерін, кемшін кеткен тұстарын да қалт жібермей айтып, өз ойларын білдірды. Сайыскерлеріміз төмендегідей ретте марапатталып, сыйлықтарға ие болды:

1. Жанатай Ернұр «Мұнай газ ісі» мамандығы 1 курс  - «Көсем жігіт»;

2. Өмірзақов Ердос «Оптикалық және электрондық жабдықтар» мамандығы 2 курс - «Шешен жігіт»

3. Қонаров Айбар «Автоматтандыру және басқару» мамандығы 2 курс- «Сері жігіт»

4. Базарбай Салауат «Мұнай, газ құбырлары мен қоймаларын салу және пайдалану»мамандығы 3 курс  - ІІІ орын;

5. Молдабаев Нұрдаулет «Мұнай газ ісі» мамандығы 2 курс – ІІ орын;

6. Жаңбырбаев Әділет «Құқықтану» мамандығы 2 курс – І орын;

7. Серікқалиев Еламан «Радиотехника, электроника және телекомуникациялар» мамандығы 3 курс – «Бас жүлде».