Қуғын-сүргін құрбандары рухына тағзым

Қуғын-сүргін құрбандары рухына тағзым«31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» құрметіне орай салтанатты жиналыс өтті. Жиналысты институттың ректоры, профессор Е.У.Ихсанов ашып, «Қуғын-сүргін құрбандары – арыстай алаштың арыстары қазақ халқының тағдыры үшін отқа түскен боздақтар. Ашаршылық жылдары аштан қырылған қандастарымыздың өлімі – қазақ елінің қасіреті. Ал,  бүгінгі таңда олардың рухына бас иіп, тағзым ету біздің ұлттық парызымыз», – деп, қуғын-сүргін құрбандары рухының құрметіне бір минут үнсіздік жариялады.

Жиын барысында Ғылым, тәрбие, халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, саяси ғылымдарының докторы, профессор К.М.Жаулин «Зұлмат жылдар елесін еске алғанда» тақырыбында баяндама жасап, қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдары халық көрген қасіретті қиыншылықтарды ашық айтты. «Тарихи мәліметтерге жүгінсек, сонау зұлмат жылдарда Қазақстанда 100 мыңнан астам адам жазықсыз «халық жауы» атанып, соның 25 мыңы нақақтан атылып кете барды. Қызыл империяның қанды қылышы 1938-жылдың ерте көктемінде небәрі 2 аптаның ішінде қазақ елінің бүкіл саяси баскөтерерлерін қырқып түсті, 25-ақпаннан 13-наурыз аралығында билік тұтқасындағы 650 адам түгелдей оққа байланды. ГУЛАГ құрамындағы Степлаг, Карлаг, АЛЖИР айдау орындарына Кеңес Одағынан 2 миллион адам қамалды» –  деп, ашаршылық құрбандарына қатысты тарихи мәліметтер келтірді.

Әлеуметтік-ізгілендіру және жаратылыстану кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Г.Нұрымқызы «Солақай саясат қасіреті» тақырыбында баяндама жасап,  қуғын-сүргін жылдары қазақ халқы демографиялық жағынан халық санынан айырылып қана қойған жоқ, рухани тұрғыдан да тоқырауға ұшырады. Бірінен бірі қорқып, өз басының амандығы үшін бірін-бірі сатуға даярлық жасқаншақ философиясын қалыптастырды. Сайып келгенде, қазақ халқы ата-бабасынан мирас болып жеткен ұлттық мінез, қасиеттерінен айырылып, ұлттың мүддесі үшін күреспейтін болды. Қазақ қамы қара бастың қайғысына айналды. Қара бас қамы қалыптастырған мінездер құлдық философиясы, үрей психологиясы мен намыссыздық, ұлтсыздық, имансыздық еді. Осыдан келіп қазіргі уақытта ұлттық қасіретімізге айналған жасық қасиеттер өсіп-өнді» –  дей келіп, оның қазіргі таңдағы рухани зардаптарына тоқталды.

Сондай-ақ аға оқытушы, тарих пәнінің мұғалімі Г.Бозахаева «Қуғын-сүргін құрбандарының ерліктері» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама мазмұны қуғын-сүргін құрбандарының қазақ халқының алдындағы ерліктері мен қайраткерлік болмыстарына арналды.