АИГИ: Өзекті мәселе конференция талқысында

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН БІРЛЕСІП КҮРЕСЕЙІК!

9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні.Осы айтулы күнге орай Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында «СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – БҰЛ ӘЛЕМДІК ҚОҒАМНЫҢ ЖАҺАНДЫҚ ПРОБЛЕМАСЫ» тақырыбында «Әлеуметтік жұмыстар департаменті» мен «Бизнес,басқару және құқық» кафедрасы ұйымдастыруымен конференция өтті.
Конференцияға Атырау облысы адвокаттар кеңесінің өкілі,тәжірибелі заңгер А.К.Омарова,Атырау облысы Полициясы басқармасы бастығының орынбасары Р.О.Ешманов,Атырау облысы Полициясы басқармасы кадр саясаты бөлімі басшысы А.Х.Құбашев, институттың профессор-оқытушылар құрамы мен онлайн арқылы студенттер қатысты.
Конференцияны институттың «Әлеуметтік жұмыстар департаменті» директоры Б.Қ.Қарабаев ашып, осынау Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні 2004 жылдан бастап, жыл сайын 9 желтоқсанда атап өтілетінін, 2003 жылғы 1 қарашада Мексиканың Мерида қаласында жоғары деңгейде өткен саяси конференцияда БҰҰ Бас Ассамблеясы Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын қабылдағанын, қазіргі уақытта Конвенцияға 140-қа жуық мемлекет қол қойып, 80-ге жуығы ратификацияланғанын, Қазақстан осы Конвенцияны 2008 жылдың мамыр айында ратификациялағанын айтты. Қоғам дерті- сыбайлас жемқорлықтың пайда болуынан бүгінгі оны жою жөніндегі талаптарға шолу жасаған Бақберген Қасымұлы Қазақстан жемқорлығы жоқ мемлекет құруды көздегендіктен, жемқолыққа қарсы іс-қимыл саясатын жүргізуде. Оның негізгі мақсаты ашық мемлекет құру, кәсіби мемлекеттік аппаратты құру, заңның үстемдік құруын қамтамасыз ету, бизнестің дамуына жағдай жасау болып табылатынын атапайтып, баяндамашыларға сөз берді.
«Бизнес,басқару және құқық» кафедрасы меңгерушісі,профессор Б.Ж.Исеев «Коррупция-глобальная проблема мирового общество» тақырыбында баяндама жасады.
-Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады.
Жемқорлық ұғымы заманауи құқықтық сөздік қолданысында кеңінен қолданылады және терең тарихи тамыры бар. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Кеңестер одағы кеңістігінде алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады, бұл заң жобасы арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізі принциптерін анықтап, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың және оған байланысты жауапкершіліктің артылуының түрлері анықталды.Елімізде 18 қараша 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны да баршаға мәлім.
Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу – жалпыға ортақ міндет,-деді профессор Б.Ж.Исеев.
«Бизнес,басқару және құқық» кафедрасы аға оқытушысы А.Б.Ермекбаева «Жемқорлық-ғасыр дерті» тақырыбында баяндады.
«Жастар ісі жөніндегі» комитет төрағасы Р.Рақымжанұлы «Елдің болашағы-жас ұрпақтың қолында» тақырыбында сөйлеп, студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарастарын қалыптастыру мақсатында институтта тұрақты түрде «Таза сессия» , «Адалдық алаңы» штабы жұмыс істейтінін, штаб қызметінің негізгі идеясы жастармен кездесулер өткізу және оларға жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлық туралы ұғымды түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша шараларды жетілдіру, студенттер арасында заңдылық пен жемқорлыққа қарсы тәртіп орнату, сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеу екенін айтты.
«Жастардың алған білімдері оларды өмірде туындаған кез келген жемқорлық атаулымен кездестірмейтіндігіне сенгіміз келеді. Біздің жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы! Елдің болашағы – жас ұрпақтың қолында!»-деді Р.Рахымжанұлы.
Қаржы академиясының магистрі,оқытушы Р.М.Әбуғалиев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім және тәрбие» тақырыбында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Конференцияда педагогика ғылымдарының докторы,профессор Ж.С.Хасанова сөйлеп, қоғамда сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінгі таңдагы өзекті мәселе екенін ,осы қылмыспен пара-пар індетке қарсы елде қатаң шаралар керектігін айтты.Білім мен тәрбие ұйымдары бұл індетке қарсы жас ұрпақтың санасын тәрбиелеу жұмыстарын түбірімен қайта қарау қажет екенін жеткізді профессор Жамиля Садыққызы.
Белгілі адвокат А.Қ.Омарова сөйлеп жемқорлықтың түп тамырына балта шабу үшін алдымен жас ұрпаққа рухани тәрбие беруді жақсарту керек, бұл індеттің өршіп кетуінің басты себебі осында, біздің қоғамда осы жағы әлі төмен,-деді. –Қазір қарасаңыз біздің елде,қоғамда жастардың,да ересектердің де масылдық,жалқаулық ,сұранымпаздық пиғыл-әрекеттері көбейіп барады.Осындай жағдайлар сөзсіз сыбайлас жемқорлыққа итермелейді,осы пиғылдардан азат болуымыз керек!-деді заңгер Айсұлу Қайырқызы.
Атырау облысы Полициясы басқармасы бастығының орынбасары Р.О.Ешманов сөйлеп, ішкі қызмет органдары, яғни полиция жаңа форматта жұмысқа көшенін,министрден бастап облыстық полиция басқармасы басшысы,орынбасарлары ,аудандық бөлімшелер халыққа жақын бола түскенін жеткізді. Ашық мәліметтер – біздің жұмысымыз туралы фактілер қоғамға қолжетімді (арнайы сайтар мен кәсіби сайттарда беріледі),басшылар әлеуметтік желіде халықпен тығыз байланыста отырады. Ашық сұхбат,Ашық есік күндері,»Жолда қабылдау», тағы басқа шаралар сыбайлас жемқорлықпен күреске ықпал етуде. Жемқорлыққа байланысты қандай мәселе болса да полицияға хабарлап,бірлесе күресуге шақырамын,-деді облыстық полиция басқармасы басшысының орынбасары Руслан Олжабайұлы.

Атырау инженерлік-гуманитарлық институты Баспасөз қызметі.