«АСУЛАРДЫ АЛАДЫ ЖАСТАР ӘЛІ … »

17 қараша- Халықаралық Студенттер күніне арналған Атырау инженерлік-гуманитарлық институты студенттерінің «Асуларды алады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады» атты әдеби-музыкалық кеші өтті.
Кешке институт студенттері,профессор-оқытушылар,қонақтар қатысты. Күздің осы бір тамаша күніндегі мерекеде студенттеріміз сан түрлі өнерлерін дайындап әкелді.
АИГИ ректоры,физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі,профессор Е.В.Ихсановтың студенттерді құттықтауын әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректор Бақберген Қасымұлы Қарабаев оқып берді.
Иә,студенттік жылдар – өмірдің ең тамаша кезеңі. Ал білім – жастықтың басты қазынасы. Біздің жастарымыз алған білімін ақылмен, өнегемен, тән мен жанның сұлулығымен, парасаттылықпен ұштастырса, нұр үстіне нұр жауар. Оқу-білім үздіксіз еңбектің арқасында ғана жақсы нәтижеге, жоғары жетістіктерге жеткізеді. Студент жастарымыздың жан-жақты, саналы, терең білімді, бәсекеге қабілетті маман болуы – қоғам сұранысы.АИГИ профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларының басты ұстанымы да осы!
АИГИ студенттерінің арасында көптеген таланты өнерлі жастар бар – олар әншілер, актерлар, өнертапқыштар, ақындар, суретшілер, спортшылар,бишілер,көркем сөз оқушылар. Бүгінгі шарада олар тамаша өнерлерін көрсетті. Соның бірі-1-ші курс студенті Қуаныш Айкелбет «Адай» күйін нақышына келтіре орындады.
Студенттік өзін-өзі басқару кеңесінің президенті Аманжан Әділов студенттерді құттықтап,өлеңін оқып берді.
Студенттер, аяулы ақ мамандар,
Жыл сайын жасарғандар, жаңарғандар.
Қыз қуып терезеге қарағандар,
Білім қуып бөлмеге қамалғандар.
Студенттер, сарылып ой қуғандар,
Қарынды қанағатқа тойдырғандар.
Қара нанды достарымен қақ бөліп жеп,
Күн сайын, апта сайын той қылғандар…

Иә,студенттер бесаспап халық,«Отқа салсаң жанбайды,суға салсаң батпайды» демекші олар артіс те,музыкант та,ақын да бола алады.Кештің сәнін олар шырқаған ретро әндер,флешмоб жанрлары,мың бұралған билер, «Әуенді тап» сайысы,т.б көп көңілінен шықты.
Институт студенттерін «Бизнес басқару,құқықтану» кафедрасының меңгерушісі,экономика ғылымдарының кандидаты Болат Сандыбайұлы Қожиев ұстаздар атынан құттықтап, тамаша ән шырқап берді.
Жастар кеші студенттердің дискотекасына ұласты.
АИГИ Баспасөз қызметі.