Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні

Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніИнститут оқытушылары 1-наурыз Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні құрметіне орай Атырау мұнай және газ институты, Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменттері ұйымдастырған «Азаматтық қорғау, апаттардың алдын-алу және қауіпсіз қоғам құру мәдениеті» атты оқу-жаттығу жұмыстарына қатысып қайтты

 Атырау мұнай және газ институтынан – 30, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтынан – 10, Құқық және бизнес колледжінен – 10 оқытушы қатысқан оқу-жаттығу ісі Атырау мұнай және газ институтының Студенттер қалашығында өтті. Оқу-жаттығу жер сілкінісі кезінде және өрт жағдайында құтқарушылардың әдіс-тәсілдерін насихаттауға арналды.

Оқу-жаттығу шарасын институт ректоры, профессор Д.О.Құлжанов ашып, «біздің мақсат – Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні азаматтарды төтенше жағдайлар кезінде қорғау әрекеттеріне профессор-оқытушылар құрамын дайындау және оқыту, тұрғындарға жедел құтқару жұмыстарының маңыздылығын үндеу», – деді.

Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні​Оқу ордасы басшысының кіріспе сөзінен кейін бағдарлама бойынша –  штаб командирлері өздерінің құтқару қызметтеріне даярлықтарын мәлімдеп, жедел құтқару жұмысына кірісіп кетті.

 Құтқарушылар, алдымен, жер сілкінісі кезінде қираған ғимараттардың  астында қалған жандарды тауып, медицина бөлімшесіне орналастырды. Ал, дәрігерлер оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

 Жер сілкінісінен соң шыққан өртті өрт бөлімшелерінің қызметкерлері сөндіріп, қауіптің бұлтын сейілткен құтқарушылар бір-бірімен құшақтасып, қуаныштарын бөлісті.

 Шараны қорытындылаған ректор, профессор Д.О.Құлжанов «ұстаздар қауымын азаматтық қорғаныс, құтқаруға дайындап, төтенше жағдайлардан сақтандыруға бағытталған осындай акциялар қашан да жалғасын табады. Азаматтық қорғаныс – жеке тұлғаның өз қауіпсіздігін қамту шарасы емес, ел ертеңіне төнетін қауіп түрлерін қаперге салу», – деп оқу-жаттығуға қатысқан Құқық және бизнес колледжі, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты ұжымдарына алғыс айтты.

Институттың баспасөз қызметі