Жас ұрпақты ғылымға тарту – ел өркенін өсіру жолы
18 наурызда Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында «Жастардың ғылымға ынта-жігері» тақырыбында облыстық студенттер конференциясы өтті.
Облысымыздағы орта және жоғары оқу орындарының студенттерінің шығармашылық әлеуетін қалыптастыру, ғылыми көзқарасын қалыптастыру мақсатын діттеген студенттер конференциясы, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы және Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына да арналды.
Конференцияны Атырау инженерлік-гуманитарлық инстиутытының ректоры, профессор Е.У.Ихсанов ашып, «Ғылымға қолдау білдіру – біздің Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға бағытталған шаралардың бірі болып табылады. Өйткені ғылымсыз, білімсіз елдің келешегі жоқ, ол – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Халқымыз «жас келсе, іске», - деп бекер айтпаған. Себебі жастарда күш мол, қуат көп. Жаратылыс заңындағы үндестікпен жастарға жол беру – жаңа идея, жаңа серпінге орын босату сияқты іс. Сондықтан да, осындай конференция сияқты үлкен шараны ұйымдастыруға ұйытқы болып отырған профессор-оқытушылар құрамына алғысымызды білдіремін», – дей келе, сөз соңында конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Келелі жиынға қатысқан Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы М.Ж.Қалауи қашан да жастар, жастарды қолдау саясатының Елбасы назарынан тыс қалмай келе жатқанын айта келіп, осынау үлкен мүмкіндікті қалт жібермей, пайдалана білу керектігін айтты.
Конференция жұмысы «Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның көп конфессиялы қазақ қоғамындағы этносаралық тұрақтылық пен келісімді нығайтудағы ролі», «Қазақстан және ЕЭО мемлекеттерінің экомикасының мәселелері: міндеттері және болашағы», Ақпараттық, телекоммуникациялық және мұнай-газ салаларында жоғарыда инновациялық технологияларды қолдау», «Екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысындағы қазақ қаһармандарының ерлігі» секциялары бойынша жұмыс жасады.
Студенттер конференциясына Атырау инженерлік-гуманитарлық институты, колледжі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі, Атырау энергетика және құрылыс колледжінің студенттері қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама жасады.
Конференция соңында мазмұнды да мағыналы баяндама жасаған студенттер марапатталды.









"HIGHFLYERS Community" © development 2019