«ЖИТС–тың алдын алу» тақырыбында семинар

20 қарашада, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты, Атырау облыстық «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» және Атырау қалалық «ЖИТС орталығымен» біріге ұйымдастырылған «АИТВ (Адамның иммундық тапшылық вирусы) / ЖИТСтың алдын алу» тақырыбында студенттер арасында семинар өткізді.  Семинарға Атырау облыстық «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының» дәрігері Смағулова Гүлнұр Жақсыбекқызы мен ЖИТС орталығының дәрігер-эпидимиологы Ермашева Мақпал Мұхамеджанқызы қатысты.

Мақсаты –  жастар арасындағы ЖИТС–тің алдын алу, ЖИТС (Жұқтырылған иммундық тапшылық синдромы) туралы студенттерге толық ақпарат ұсынып, түсінік беру. Дерттен сақтанудың жолдарын көрсету.

Институт медбикесі В.П. Горбунова ең алдымен семинарды ашық деп жариялап, студенттерге қонақтарды таныстырып өтті. Сонымен бірге 2015 жылдың 1 желтоқсанынан бастап ЖИТС–ке қарсы күрес акциясы өтетіндігін, осы айлық акция ішінде кез келген студент өз қалауы бойынша медбикеге келіп ЖИТС–ті анықтайтын жедел тесттен өте алатындығын хабарлады.  Келесі кезекте Валентина Павловна студенттерге ЖИТС, оның берілу жолдары, сақтану шаралары жөнінде баяндама оқыды.  Баяндамадан соң инстиут студенттері ортаға шығып ЖИТС туралы қысқаша лекциялар оқып, маңызды мәліметтер келтірді.  

Семинар жүру барысында, студенттер назарына ЖИТС жөніндегі бейнероликтер көрсетіліп, ЖИТС және Жыныстық жолмен жұғатын инфекциялар (ЖЖЖИ) туралы ақпаратты брошюралар таратылды. Институт студенттері адамзатты ЖИТС–тен сақтандыру жөнінде шығарылған өлең жолдарын оқыды.

Одан әрі «ЖИТС орталығының» дәрігер-эпидимиологы Ермашева Мақпал Мұхамеджанқызы сөз алып,  студенттерге ЖИТС–тің сипаты, берілу жолдары, сақтану шаралары жөнінде баяндады. Сонымен қатар қазіргі уақытта Атыраудың өзінде ЖИТС–тің 149 жағдайы тіркелгендігін негізге ала отырып, бұл дертке келгенде бейқамдыққа салынбай, әр адам өз болашағы үшін денсаулығына аса мән беруі қажет екендігін айтып өтті. Әсіресе, студенттерді кездейсоқ жыныстық қатынасқа түсуден сақтандырды.

Сөз кезегінде Атырау облыстық «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының» дәрігері Смағулова Гүлнұр Жақсыбекқызы да ЖИТС–тің қатерлілігі, қауіптілігі, берілу жолдары жөнінде сөз қозғады. Студенттерге өз денсаулықтары мен болашақтарына деген жауапкершіліктің қарапайым гигиеналық сақтық шараларының үнемі орындалуынан басталатынын түсіндірді. Гүлнұр Жақсыбекқызы ЖИТС–тен сақтануға жеңіл қарауға мүлдем болмайтындығын айтып, қазіргі медицинада бұл дертті жеңетін әзірге ешқандай  ем-шара, дәрі-дәрмек табылмай отырғандығына ерекше тоқталып, студенттерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, сөзін аяқтады.

Семинар соңында мамандар студенттер сұрағына жауап беріп, сонымен бірге шараны ұйымдастырушы Атырау инженерлік-гуманитарлық институтына, студенттерге және институт медбикесі В.П.Горбуноваға алғыстарын білдірді.