Көшім Лекерұлы Есмағамбетовпен кездесу

Атырау инженерлік - гуманитарлық институтының мәжіліс залында 2015 жылдың 16 қараша күні, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Көшім Лекерұлы Есмағамбетовпен кездесу өтіп, кездесуге институт факультетінің декандары, кафедра меңгерушілері, профессорлар мен оқытушылар құрамы, студенттер қатысты.

Мақсаты - жерлесіміз,  Атырау облысы, Индер ауданы, Қаңбақты ауылының топырағында дүниеге келген, Көшім Лекерұлының ғылыми-зерттеу еңбектерімен жақынырақ танысу, профессормен тілдесу, сұхбаттасу.

Ғалыммен кездесуді институт ректоры ф.-м.ғ.д., профессор Ерсайын Уалитханұлы Ихсановтың атынан Ғылым және халықаралық байланыстар, тәрбие жөніндегі проректор, с.ғ.д., профессор Киікбай Мыңбайұлы Жаулин алғы сөзімен ашты. Кездесуге жиналған институт факультетінің декандарын, кафедра меңгерушілерін, профессорлар мен оқытушылар құрамын және студенттерді К.М. Жаулин,  Есмағамбетов Көшім Лекерұлымен таныстырып,  оған сөз берді. 

Кіріспе сөзін т.ғ.д., профессор Көшім Лекерұлы «Адам баласының ең басты құндылығы – елдің адал ұлы болу, парасатты болу, елге қызмет ету» деп бастады. Сөз барысында студенттердің алған терең білімінен, атқарған адал қызметінен елдің болашағы бастау алатындығына тоқтала өтіп, елге қызмет етудің жарқын үлгісі М.Шоқай туралы ой қозғады. Студенттерге қазақ интелегенциясының алдыңғы қатарлы қоғам қайраткері М.Шоқайдың өмірі, қызметі, асқан білімі, тарихта орын алатын ерекше тұлғасы жайында көптеген мәліметтер келтіріп, сөз етті.  Сонымен бірге, өзінің Мұстафа Шоқай туралы жазылған 12 томдық ғылыми-зерттеу еңбегі бойынша, 15 жыл ішінде жүргізілген ізденіс жұмыстары, М.Шоқай туралы  Грузия, Түркияда, Москвада, Германияда, Парижде  сақталған құжат, материалдар туралы да біраз  сөйледі. Сөз соңында, «Мұстафа Шоқай  - гуманист, демократ адам» деп, қазақтың ұлы зиялы азаматы туралы өз ойын, осылайша тұжырымдады.

Сонымен бірге, кездесудің жүру барысында т.ғ.д., профессор Көшім Лекерұлының «Қазақ хандығының 550 жылдығы» және «Мәңгілік ел» бағдарламасы туралы пікірі тыңдалды. Профессордың ойынша, «мәңгілік ел» идеологиялық ұстанымы сонау көне түркілерден бастау алады. Бұл сөзіне мысал ретінде Орхон - Енисей ескерткіштерінің зерттелуі кезінде табылған айғақтарды, Әбу Насыр Әл Фарабидің жазған «Ізгілікті ел» еңбегін келтірді, және «ізгілікті» сөзін «кемел» деп аударудың әлдеқайда дұрыстығы жөнінде пікір білдіріп, «Кемел мемлекет болу үшін, кемел адам болуы керек» екендігіне ерекше тоқталды.

Көшпелілердің мемлекет туралы түсінігі, идеологиялық ұстанымы, бағыт-бағдары кейбір батыс зерттеушілерінің айтуынша осал емес, керісінше әлдеқайда мықты болғандығын  айтып өтті. Сөзін қорытындылай келе, профессор Көшім Лекерұлы әрбір адамның өзінің халқының тарихын білуі тиіс екендігін айтып, сөзін «Тарихын білмейтін елдің болашағы – бұлыңғыр» деп қорытты.

Сөз соңында студенттердің сұрақтарына толықтай жауап берілді.

Кездесу соңында К.М. Жаулин қорытынды сөз сөйлеп, Атырау инженерлік-гуманитарлық институт ректоры ф.-м.ғ.д., профессор Ерсайын Уалитханұлы Ихсановтың атынан, Қазақстан Республикасы Атырау инженерлік – гуманитарлық институты  Ғылыми Кеңесінің шешімімен 23 қазан 2015 ж. №3 хаттамасы бойынша Есмағамбетов Көшім Лекерұлына Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ атағы беріліп, құрметті профессор аттестаты салтанатты түрде табысталды.