ҰЛТТЫҚ ТАРИХТЫҢ ТАРЛАНЫ ЕРМҰХАН БЕКМАХАНОВҚА АРНАЛҒАН ОҚУ.

АИГИ: Тәуелсіздікке-30 жыл.
ҰЛТТЫҚ ТАРИХТЫҢ ТАРЛАНЫ
Ермұхан БЕКМАХАНОВҚА АРНАЛҒАН ОҚУ.

Атырау нженерлік-гуманитарлық институтында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайғы шаралар аясында Қазақ халқының ұлттық тарихнамасының қалыптасуына және елдің азаттығын аңсап,оған жету жолында кеңестік тоталитарлық режим кезінде ойыи батыл айтқан көрнекті ғалым, профессор Ермұхан Бекмахановтың өмірі мен қызметіне арналып лекция сағаты өтті. Тарих ғылымдарының докторы,профессор Алдар Сарсенов институт профессор-оқытушылары мен студенттер,бөлімдердің қызметкерлеріне онлайн форматында ZOOМ арқылы мазмұнды лекция оқыды
– Ермұхан Бекмаханов , қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы, «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» еңбегінің авторы, қазақ тарихының жанашыры. Ол қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі туралы зерттеулері үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған тоталитарлық жүйенің құрбаны,- деді профессор Алдар Сарсенұлы.
Воронеж педагогикалық институтының тарих факультетінде оқып жүрген Ермұхан 1936 жылы сол қалада айдауда жүрген Алаш қозғалысының белді мүшелері Халел Досмұхамедовпен және Мұхаметжан Тынышбайұлымен кездескен. Жоғары білімді, озық ойлы Алаш зиялылары жас тарихшымен ой-пікірлер алмасып, болашақта үлкен ғалым болуына ықпал етеді. Оқу бітірген соң Е.Бекмаханов Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында жұмыс істеді.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Республиканың халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болды. Сонымен бірге, Алматы ЖОО-ларында дәріс оқыды.1947-1966 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде өзі негізін қалаған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды. 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша “XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан” тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген бұл еңбегіне буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеді, Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалысты ақтады деп айып тақты. 1951 жылы «Правда» газетіндегі Е.Бекмұхановты қаралаған мақала жарық көріп, тарихшы университеттен қуылды және партия қатарынан шығарылды. 1952 жылы тұтқындалып, үш айға жуық тергелді. 1952 жылы желтоқсан айында Е. Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ лагеріне айдалды.
Сталин қайтыс болғаннан кейін, Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда ақталып шықты. Бостандыққа шыққан соң, тарихшы ғылыми еңбектер жазуды қайтадан қолға алды. Оның “Қазақстанның Ресейге қосылуы” атты еңбегі 1957 жылы Мәскеудегі “Наука” баспасынан 30 баспа табақ көлемінде жарық көрді. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми еңбектер жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихы оқулығын жазды.
Е. Бекмахановтың басты еңбегі – “XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан” еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ақталды. Сөйтіп Бекмаханов 1943 жылы Қазақстан тарихының кәсіби тарихшылар тарапынан жазылған алғашқы ғылыми нұсқасының ортаға шығуына түрткі болады. Қазақ және орыс тарихшылары тізе қоса отырып жарық көрген алғашқы Қазақстан ССР тарихы одақтас елдер ішінде бір елдің тұңғыш зерттеу кітабы және авторлары арасында орыстың белгілі ғалымдарының болуы одақ көлемінде бүкіл назарлардың оған аударылуына себеп болды. Кітап Сталин жүлдесіне кандидаттыққа ұсынылды. Белгілі орыс ғалымы А. В. Пиковский оның Марксистік-Ленинистік ғылыми зерттеулерге қосылған сүбелі үлес екенін айтып, оған жоғары баға берді. Бірақ кейін еңбек орыстарға қарсы жазылған зиянды кітап ретінде орынсыз сынға ұшырап, жүлде берілмеді.
Алайда бұл еңбек Кеңес Одағына мүше Ресейден өзге елдер ішіндегі бір елдің тарихының жан жақты жазылуының алғашқы ұмтылысы ретінде дараланды. Сонымен бірге ол қазақ халқының заманауи ғылыми зерттеу әдісімен жазылған алғашқы тарихы еді. Ермұхан Бекмаханов – қазақтың ұлттық тарихына өлшеусіз үлес қосқан және Қазақстан тарихнамасының негізін салған аса көрнекті тарихшы. Оның есімі мен мұрасы қазақ халқының жүрегінде мәңгі өмір сүретініне еш күмән жоқ. Ғалым 1966 жылы небәрі 51 жасында ауыр сырқаттан көз жұмды,-деді тарих ғылымының докторы,профессор А.Сарсенов. Тыңдаушылардың сұрақтарына да жауаптарын берді.

АИГИ Баспасөз қызметі: