Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларымен кездесу

Атыраудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары іргелі жобалармен, ғылыми-зерттеу,зерделеу жұмыстарымен де айналысып жүр екен.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 «С» сыныбы оқушылары Маратқызы Анеля,Набиева Ұлжан және олардың ғылыми жетекшісі,тарих пәні мұғалімі Дүздібаева Айтолқын Базарғалиқызы өлкеміздегі қуғын-сүргін құрбандары туралы зерттеулері үшін материалдар,естеліктер жинау мақсатында Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының «Рухани жаңғыру» орталығында болып,бірқатар деректер алды,мәліметтерге қанықты. Сұрақтарына жауаптарын алды.
1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналғаны, зерттеушілер деректері бойынша, «қызыл қырғын» атанған кезеңдерде Қазақстанда 3,5 миллион адам қуғын-сүргінге ұшырап,оның 27 мыңнан астамы «халық жауы» ретінде атылғаны туралы кездесуге келген оқушыларға айтылды.
Ұлы терорлық әрекет қазақ баласын аямай орға жығып, тірілей құздан итерді. Елім деп емешегі үзілген қазақ интеллегенциясының бетке ұстарлары: А.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, О. Жандосов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Тынышбаев, М. Жұмабаев. С. Асфендияров және басқалар суық қарудың көзіне ілінді. Осындай асылдарымыздың бірі атыраулық (Жылыой ауданы) азаматтар-Самалықов Биғали мен Жантұрсынов Әшекен еді.
Олар да өзге қуғынға ұшыраған азаматтардай Кеңес өкіметіне қарсы үгіт–насихат жүргізді,діни салт-дәстүрді уағыздады, деген айыптаулармен «халық жауы» атанып, Сібір жеріне,Қолыма концлагеріне жер аударылған.
Тар жолда тайғақ кешіп, ұлтының қамы үшін азар да безер болып, мұз жайнап, от кешкен саяси қуғын-сүргін құрбандары ешқашан да ұмытылмақ емес. Әділет орнап, тәуелсіздік таңы атқан соң, репрессия құрбандарының бірі Самалықов Биғали 69 жылдан соң ақталды. Ұрпақтарының қолына ақталғандығы туралы құжат берілді. Ал саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Жантұрсынов Әшекен атамыздың қай коцлагерде болғаны мен ақталған- ақталмағандығы туралы деректер әлі беймәлім болып келеді. Ол туралы деректер іздестіруді қажет етеді.
Әлі күнге саяси қуғын-сүргін құрбандарының біразы,әсіресе іздеушілері жоқтары ақталмағаны белгілі.Осы ретте Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарын іздестіру,оларды ақтау жолындағы ізденісті істері құптарлық. Олардың осынау тағлымды істеріне табыс тілейміз.

АИГИ Баспасөз қызметі.