“Тәуелсіздік: мәңгілік елдің берік тұғыры”

Атырау инженерлік-гуманитарлық институты
“Тәуелсіздік: мәңгілік елдің берік тұғыры”
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы іс-шаралар аясында “Тәуелсіздік: мәңгілік елдің берік тұғыры” тақырыбында 16 қыркүйек күні конференция өтті. Оған АИГИ-дің профессор-оқытушылары,бөлімдерінің қызметкерлері мен студенттері қатысты.
Конференцияның басты мақсаты: Тәуелсіз мемлекет құрудың қазақстандық моделінің жетістіктері, даму стратегиясы мен 30 жылдағы жетістігімізді студенттерге жеткізу.Жалпықазақстандық патриотизмді, азаматтықты, толеранттылықты, Отан тарихына қызығушылықты қалыптастыру, студенттерінің рухани жан дүниесін толықтыру және өз елінің алдындағы жауапкершілікті сезінуге тәрбиелеу.
Институт ректоры,профессор, Қазақстан ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерсайын Валитханұлы Ихсанов кіріспе сөз сөйлеп,конференция жұмысына сәттілік тілеп, тәуелсіздіктің маңызы мен Мәңгілік елімізді дамтудың бүгіні мен келешегі туралы айтты.
“Тәуелсіздік: мәңгілік елдің берік тұғыры” тақырыбында Тәрбие және әлеуметтік мәселелер бойынша проректор Бақберген Қасымұлы Қарабаев баяндама жасап, биыл қазақ елінің тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Қазақстан әлемге танылып, тар жол тайғақ кешу мен зұлмат қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, жаңа деңгейге қол жеткізді. Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған тәуелсіз елді әлем танығанын атап өтті.1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірден аяққа тұрып кетпегеніміз бәрімізге аян. Әлемге беймәлім елдің болашағы бұлыңғырлау көрінгені рас. Бірақ қазақ халқы еш уақытта мойыған жоқ. Елбасы айтпақшы, «Тәуелсіздік алған тұста бұрынғы Кеңес Одағының соңында қалған республика болатынбыз. Экономикамыз әлсіз, қолда бар өндірістер мен зауыттар әбден ескірген. Мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы тауып берудің өзі қияметтің қиыны болатын». Десе де қиын-қыстау шақты артта қалдырып, дамудың даңғыл жолына түстік,- деді Бақберген Қасымұлы. -Қаншалықты биікті бағындырғаныңды білу үшін, артыңа көз салсаң жеткілікті. 30 жыл ішінде Қазақстанның алған асуы мен жеткен белесі аз емес. Тәуелсіздік алған тұста еліміздегі қазақтың саны 40% ғана болатын. Ал бүгінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғарылаған. Тіпті Кеңес Одағы кезіндегіден де көбейіп келеміз. Құдайға шүкір, жыл сайын халқымыздың саны артып 19 миллионға жетіп отыр.
«Тәуелсіз мемлекет құрудың Нұрсұлтан Назарбаев моделі: Жетістіктері мен даму стратегиясы» тақырыбында «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасы оқытушысы, доцент,филология ғылымдары кандидаты Айкүміс Қыдырбаева баядады. Ол Тәуелсіз мемлекет құрудың қазақстандық,яғни Нұрсұлтан Назарбаев моделінің жетістіктері, даму стратегиясы және осы 30 жылдағы жетістігімізді саралап жеткізді.
«Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан экономикасының дамуы» тақырыбында «Инженерлік-техникалық» факультет деканы, техника ғылымдары кандидаты,профессор Нұрлан Накимжанұлы Ізтелеуов баяндама жасады. Ол егемендік алғаннан кейін еліміз жаhандық экономикада әлемдiк тауар рыноктарына мұнай, газ, қара, түстi, сирек кездесетiн және қымбат металдар, уран өнiмдерiн шығаратын ел ретiнде танылғанын, ал ауылшаруашылық өнiмдерiнен астық экспортының келешегi өз алдына алға жылжығанын айтты.
-Өндiрiстiң және шикiзат ресурстары экспортының қарқынды дамуы экономикалық дағдарыстан шығып, соңғы үш жылда экономикалық өсудiң жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бердi. Елдегі өмiр сүру деңгейi жоғарылап, индустриялық сервистiк-технологиялық даму сатысына өтуге мүмкiндiк беретiн қаржы ресурстары жинақталды. Қазіргі таңда әлем елдері Қазақстанды әлемдiк қоғамдастық нарықтық экономикадағы мемлекет ретiнде мойындады. Тәуелсiздiк жылдары Қазақстан экономикасына 21 миллиардтан астам АҚШ доллары тартылды,-деді Нұрлан Накимжанұлы.
Әлемдік дағдарыстар Қазақстан экономикасын айналып өтті деп айта алмаймыз. Бүгінде Қазақстан экономикасының стратегиялық өзекті мәселесіне бәсекеге қабілетті өнімдер алуға бағытталған отандық ғылыми сыйымдылығы мол өндірістерді дамыту, жаңа ақпараттық технологияларды дайындау мен игеру, сонымен қатар республиканың өндірістік және ғылыми-техникалық мүмкіндіктерін сақтап қалу мен дамыту арқылы ұлттық экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кіретінін атап көрсетті факультет деканы Нұрлан Ізтелеуов.
«Семей ядролық полигонының жабылуына- 30 жыл» тақырыбында «Инженерлік,өңдеу және құрылыс» кафедрасы меңгерушісі.техника ғылымдарының кандидаты,профессор,осы аймақ тумасы Мұрат Ликарұлы Ликаров баяндады.
– 2021 жылғы 29 тамызда бүкіл әлемдік қоғамдастықтың даму тарихындағы әрі жаһандық антиядролық қозғалыстағы маңызды оқиға – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 30 жыл толды,-деді ол.-Семей ядролық полигонында 456 ядролық сынақ жүргізілді, одан бір жарым миллионнан астам адам зардап шекті. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Қазақстанды ядролық полигонды жабу жөніндегі теңдессіз шешімі үшін әлем мойындады. Қазақстанның бітімгершілік үлгісі 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясын 29 тамызды «Халықаралық Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні» деп жариялауға септігін тигізді,- деді Мұрат Ликарұлы.Сондай-ақ баяндамашы полигон не үшін жасалғанын және оның қандай міндеттер атқарғанын,оның зияны қандай болғаны мен жабудың маңызы туралы жан-жақты айтып берді.
«Біз – Тәуелсіз ел ұланымыз!» тақырыбында 3 курс студенті.Студенттік өзін-өзі басқару ұйымы президенті Аманжан Әділов сөйлеп,бүгінгі жастардың көзімен тәуелсіздік туралы толғаныстарын білдірді.
АИГИ Баспасөз қызметі.