Ғылым күніне арналған апталық

Атырау  инженерлік-гуманитарлық  институтында  үстіміздегі  жылғы  13-18 сәуірде Қазақстан Республикасындағы  Ғылым  күніне  арналған  апталық  өтуде. 14 сәуірде – Институтта   осы апталықтың  ашылуына   арналған  онлайн-конференцияны  Информатика, автоматтандыру және басқару  кафедрасы  өткізді.

Онлайн-конференцияға «ZOOM»  платформасы арқылы профессор-оқытушылар, студенттер, оқытушы-магистранттар, жас ғалымдар  белсенді  қатысты.

Конференцияны Атырау инженерлік-гуманитарлық  институтының ректоры, физика-математика  ғылымдарының  докторы, профессор Ерсайын Уалитханұлы  Ихсанов кіріспе сөзімен ашты.

«Қазіргі таңда білім және ғылым жүйесінің алдында жаңа өзекті  мақсаттар мен міндеттер тұр. Сондықтан  Қазақстан Республикасы  Білім  және ғылым министрі  нақты міндеттер мен тапсырмалар  жүктеп отыр. Осы ретте биыл онлайн бойынша елімізде Ғылым  күнін, апталығын өткізуді  тапсырды, -деді  Ерсайын Уалитханұлы. Осынау  маңызды  міндеттерді  шешу үшін Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бірқатар стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға негізделген, білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы  биылдан бастап  жүзеге асуда. Бұлар: «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауда берілген тапсырмалар екені  белгілі.

Білім мен ғылымды дамытудың  жаңа мемлекеттік бағдарламасында  қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту; ғылымның ел экономикасына қосар үлесін   арттыру  басты  міндет  болып  отыр. Сондықтан да  біздің  институттың профессор-оқытушылары, ғалымдары   өз  белсенділіктерін   көрсетіп,  еліміздегі Ғылым апталығын  табысты өткізеді  деп  үміт  артамын – деді профессор, ректор Е.Ихсанов.

Онлайн-конференцияны  Информация, автоматтандыру  және басқару  кафедрасы  меңгерушісі Шарбат Сагидоллакызы Нұржанова  жүргізіп  отырды.  Конференцияның  алғашқы  баяндамасын  Информатика, автоматтандыру және басқару кафедрасы аға оқытушысы, магистр  Гүлжүзім Хамитқызы Меңдіғалиева  «Қашықтықтан  оқытуда дәрәс сабақтарын  Ltcture  together   (қосарлы дәріс)  форматында өткізу  тиімділігі» тақырыбында жасап, жақсы мағұлматтар берді.

Институттағы  Автоматтандыру және басқару мамандығының 3 курс  студенті А.Базарбаев «Бітіруші түлектер  үшін  қашықтықтан  білім беру технологияларын  қолдануы» тақырыбындағы  баяндамасы  нақты  мысалдар негізінде  өрілді.

Кафедраның  аға  оқытушысы, магистр  Ақгүл Оңдасынова  «Лабораториялық  сабақтарды  Google Ciassroom  платформасында  өткізу»  тақырыбында  әңгімелеп, бірнеше студенттің қосымша толықтырған  видеоесептерімен  дәлелдеді.

Аға  оқытушы, магистр Гүлжанат Меңдігерейқызы Дүйсенова  «ZOOM» платформасының  қосымша мүмкіндіктерін  практикалық  сабақтарды  ұйымдастыруда пайдалану және  кейс-технологияны пайдалану»  қашықтықтан  оқытуда  тиімділігінің жоғары  екендігін   көрнекі слайттармен айтып берді.

Онлайн- конференция соңында   қатысушылар  мен студенттер  пікірлерін  айтты. Олар  конференция  онлайн форматында  болғанымен, өз деңгейінде өткенін, зерттеушілер мен студенттердің  ғылымға,  зерттеу  істеріне  деген  қызығушылықтарын әрі қарай да арттырғандарын мәлімдеді. Конференцияны ұйымдастырушылар   қатысушыларға алғыстарын білдірді.

                                                АИГИ Баспасөз  қызметі

Leave a Reply