ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА-ЖАНЖАҚТЫ ДАЙЫНДЫҚ! ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ЖАҚСЫ НАСИХАТТАҒАНЫ ҮШІН


Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының профессор-оқытушылар құрамы елімізде пандемия індетіне орай карантин уақыты басталған наурыз айынан қашықтан білім беріп оқу жылын табысты аяқтаса,енді 2020-2021 жылдың жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындалуда. Институт қабылдау комиссиясы оқуға тілек білдірген талапкерлердің құжаттарын еш қиындықсыз қабылдауда.

Сонымен бірге АИГИ профессор-оқытушылар құрамы,магистрлер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ел халқына арналған Жолдауын білім беру ұйымдарының педагогтары мен білім алушылары арасында кеңінен насихаттау мақсатында нәтижелі жұмыстар атқаруда. «Дарынды оқушылардың қабілеттерін айқындау, дамыту» жобасы аясындағы «Жоғары оқу орнының үздік педагогы -2020» атты Республикалық байқауында жүздеген таңдаулылар арасынан АИГИ оқытушысы, магистр ГҮЛЖҮЗІМ ХАМИТҚЫЗЫ МЕҢДІҒАЛИЕВА жеңімпаз атанып, Бірінші дәрежелі Дипломмен және арнайы төсбелгімен марапатталды. Сонымен бірге Гүлжүзім Хамитқызының есімі мен үздік танылған жобалық еңбегі «Жоғары оқу орындарының үздік педагогы-2020» атты республикалық байқаудың материалдары жинағына енді.
Аталмыш республикалық байқауды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Нұр-Сұлтан қаласының Білім беруді жаңғырту орталығы және «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы бірлесіп қашықтан,онлайн форматында мұғалімдердің интеллектуалдық ой-өрісін, білім деңгейін тексеруі, өзін-өзі дамытуы үшін жағдай жасауы, білім беру жүйесін жетілдіруге жас мұғалімдердің белсенді кәсіби көзқарасын қалыптастыруы, ғылыми- инновациялық жұмыстарда кәсіби батылдығын және дербестігін дамыту мақсатында өткізген болатын.
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының оқытушы-профессорлары мен магистранттары қашықтан жұмыс жасай отырып, республикалық ғылыми-практикалық жобалар, имидждік шаралар мен байқау-конкурстарға да қатысып және өткізіп келеді. Осы оқу жылында институттың сегіз профессор-оқытушысы әр алуан конкурс-байқаулардың жеңімпазы болды.Қазіргі күні АИГИ 20 оқу бағдарламасы бойынша жоғары білімді мамандар даярлауға дайын.

Әріптес педагогымыз,жас ғалым,магистр Гүлжүзім Меңдіғалиеваны Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректораты шын жүректен құттықтап,жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту жолында үлкен табысты қадамдар тілейді.

АИГИ Баспасөз қызметі