Мен салауатты өмірді қалаймын!

12-қарашада «Рауан» жастар - қоғамдық бірлестігі, Атырау инженерлік-гуманитарлық иснтитутының студенттерімен біріге отырып, Атырау қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Мен салауатты өмірді қалаймын!» атты шара өткізді.

Мақсаты: жастарға салауатты өмір салтын насихаттау, денсаулыққа зиянды әдеттерге әуестенбей, бойын аулақ ұстауға үндеу, нашақорлықтың алдын алу.

Шараға «Жарқын болашақ» жастар денсаулық орталығының меңгерушісі Сыралиева Алуа Әділбекқызы, қала әкімшілігінен Меңдіқұлова Гүлбаршын Ерсайынқызы қатысты.

Алуа Әділбекқызы өз сөзінде студенттерге салауатты өмір салтын ұстанудың пайдасы мен маңызы, денсаулық күтімінің қажеттілігі, шылым шегу, ішімдік ішу, нашақорлыққа салыну сияқты зиянды әдеттердің денсаулыққа қандай қауіп-қатер төндіретіндігі жөнінде мәлімет беріп, ондай зарарлы әрекеттерден аулақ жүруге кеңес берді. 

Сонымен бірге студенттерге Қ.Р. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалған, салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі бейнематериал көрсетілді. Студенттердің қатысуымен «Ертеңіңді ойласаң, есірткіге жолама» атты көрініс қойылды. Заманауи, спорттық «hip-hop» биі тамашаланып, студенттер және ұйымдастырушылар «Қазақ елі, алға» әнін гитара әуеніне қосылып шырқады.

Шара соңын «Рауан» жастар – қоғамдық бірлестігі қорытындылап, қатысқан қонақтар мен студенттерге  өздерінің алғысын білдірді.