«Студенттік көктем – 2012» фестивалі
«Студенттік көктем – 2012» фестивалі
Сәуір айының 16-шы және 21-ші жұлдызы аралығында Атырау инжеренерлік-гуманитарлық институтында өнерлі жастарды қолдау мақсатында «Студенттік көктем – 2012» фестивалі ұйымдастырылды.
Фестивалдің мақсаты - талантты жастарды табу, олардың азаматтық белсенділігін арттыру, өнерін шыңдауға ықпал ету және өскелең ұрпақ бойында патриоттық сезімді ояту болып табылады.
Фестивалде «АИГИ аруы– 2012», «Жігіт сұлтан – 2012», «Үздік жыл студенті – 2012» сайыстары ұйымдастырылып сайысқа қатысушы студенттердің өнерлері тамашаланды.Бір аптаға созылған көктем мен жастық мерекесі саналатын дәстүрлі «Студенттік көктем - 2012» фестивалі 23-ші сәуір күні өз мәресіне жетіп фестивалдің соңы қорытынды гала концертке ұласты.
«АИГИ аруы – 2012» сайысы
«АИГИ аруы - 2012» сайысында сахна төріне айдын көлдің аққуларындай болып арулар шықты. Сайыс 5 кезеңнен тұрды.
1 –ші кезеңі «Сәлем - сөздің анасы» аруларымыз өзін өзі таныстыру.
2 кезең «Өнерліге өріс кең» яғни арулардың бойындағы өнерін тамашалау
3 кезең «Білімді мыңды жығар» яғни салт дәстүрге байланысты сұрақтар
4 кезең «Қыздарға әсемдік жарасады» көктемгі сән үлгісі
5 кезең Үй тапсырмасы яғни аруларымыздың өз қолынан шыққан туынды
Қазақ «көркіне көз тоймаған кербезім» дегенде осы көріністі айтса керек. Беу бұл қазақтың қыздарына қайран қалмасқа бола ма? Бірі Қыз Жібектей көркімен көз арбаса, бірі Қыз Назымдай қылығымен баурайды. Бірі күміс көмей Күләштәй көсілісе, енді бірі би падишасы Шара апамыздай мың бұрала билеп сахнаның сәнін келтірді. Әр кезеңнен сүрінбей өткен аруларымыз көрерменнің қошеметіне бөленді.
Сұлулардың сырғасы мен сәукелесінде, шолпыысы мен шашбауында мін жоқ. Қазақтың байлығымен бекзаттығынан сыр ұқтырғандай қыздарымызға көзіміз тоймай ұзақ қарадық.
Хас сұлулардың арасынан қақ жарып ішінен оза шауып бас жүлдені «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының 1 курс студенті Биғожиева Арайлым жеңіп алды. Бірінші орынды «Құрылыс» мамандығының 1 курс студенті Бақтыгереева Айнұр, екінші орынды «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының студенті Аманғали Ардақ қанжығасына байласа, үшінші орынды «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығының 1 курс студенті Үмбетқалиева Жұлдыз бен «Экономика» мамандығының 1 курс студенті Алиева Ардаққа еншісіне тиді. «Информатика» мамандығының студенті Есенғалиева Құндыз және «Кеден ісі» мамандығының студенті Наурызғалиева Салтанат институттың алғыс хаттарымен марапатталды.
«Жігіт сұлтаны – 2012» сайысында жігіттер бақ сынасты
Сыр мен сымбат, шешендік пен көсемдік, білектілік пен жүректілік сынға түскенде жігіттер қарап тұрсын ба? Арулардан соң келесі күні Сұлтандарда сайысқа шықты. Ер жігіттер де ешкімге есе жіберген жоқ. Сұлтандарымыз 5 кезең бойынша сайысқа түсті.
1 Тегімді менің сұрасаң.... (өзін - өзі таныстыру)
2 «Сегіз қырлы бір сырлы...» өнер сайысы
3 Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес (салт дәстүрге байланысты сұрақ)
4 Сақидан таңдап алған саңылағым (қызға сезім білдіру)
5 Ақылына күші сай (гир көтеру)
Әр кезең бойынша жігіттер бойындағы бар өнерлерін көрсетті. Әуелетіп ән шырқап, би билеп, әзілімен көрерменнің көңілінен шыққан жігіттер салт дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беруден де мүдірмеді. Сақидан таңдап алған саңылағым атты кезеңде де жігіттеріміз бар өнерлері көрсетті. Сондай ақ гир көтеру кезеңінен де сұлтандарымыз алдына жан салмады.
Қорытындысында «Жігі сұлтаны – 2012» сайысы бойынша бас жүлдені «Информатика» мамандығының 1 курс студенті Жалғабай Асхат иеленді. Бірінші орынды «Экономика» мамандығының 1 курс студенті Әміржанов Бекболат қанжығасына байласа, екінші орынды «Мұнай газ ісі» мамандығының 1 курс студенті Қоблан Бекболат және «Құрылыс» мамандығының 1 курс студенті Сұлтанбеков Нұртас иеленді. Үшінші орынды «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының 1 курс студенті Сатуов Алихан мен «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 1 курс студенті Сисенов Нұрханға лайық деп танылды.
«Үздік жыл студенті – 2012»
20 шы сәуір күні «Үздік жыл студенті – 2012» сайысы өтті. Студенттер 5 кезең бойынша сайысқа түсті.
1. Таныстыру
2. Шығармашылық жұмысы (ғылыми ізденушілік)
3. Өнерін көрсету
4. Ситуациялық сұрақтар
5. Компьютерлік бағдарламалармен жұмыс жасау
Осы аталған кезеңдер бойынша студенттер өздерінің жан жақты біліктілігі мен тапқырлықтарын көрсете білді.
Үздік жыл студенті – 2012 сайысында бас жүлдені «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 4 курс студенті Самиғоллаұлы Жасұлан иеленіп, бірінші орынды «Экономика» мамандығының 1 курс студенті Икпарова Динара иеленді. Екінші орынды «Мұнай газ ісі» мамандығының 1 курс студенті Сұлтанов Самат және «Экономика» мамандығының 2 курс студенті Бобылева Валерия қанжығасына байлады. «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығының 1 курс студенті Нариманова Гүлбану мен «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының 1 курс студенті Биғожиева Арайлым үшінші орынға ие болды.









"HIGHFLYERS Community" ©