Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан

2016 жылдың 25 наурызында «Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының «Экономика және кеден ісі» кафедрасының ұйымдастыруымен институт мәжіліс залында «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті.

Мақсаты: алдағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ахуалы мен бүгінгі жарқын, бейбіт заманымыздың жетістігі жөнінде студенттермен пікір алмасу, дөңгелек үстел қонағы, Желтоқсан оқиғасына қатысушы - А.Ә. Ермековамен сұхбат құру.

Дөңгелек үстелге институттың профессор, оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Бас қосуды «Экономика және кеден ісі» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к., профессор А.Қ.Молдашева алғы сөзімен ашып, сөз кезегін Желтоқсан оқиғасына қатысушы, Мұнай және газ институтының оқытушысы – Айгүл Әлімжанқызына берді.

Айгүл Әлімжанқызы қазақ елінің сонау Ресей бодандығында болған кезеңіндегі қазақтың ұлттық тілі, ділі, дінінің жойылу қаупі күшейе түскен қысылтаяң замандарды басынан өткергендігі туралы да біраз сөз қозғады. Өзінің тарихи маңызы зор «Желтоқсан оқиғасының» куәсі болғандығына тоқталды. Оқытушылар қауымы мен студенттерге «Желтоқсан оқиғасының» өзін есейтіп, ересектер қатарына ерте қосқандығын да айтып,  1986 жылдың 16 желтоқсан күні болған, одан кейінгі күндердегі өз басынан өткен оқиғалар тізбегіне ой жүгіртіп, әңгімелеп берді. Өз сөзін қорытындылай келе,  «Бұл күн ұлтымыздың тағдырын өзгерткен, қазақ жастарының қазаққа тән өр, қайсар мінезін әлемге паш еткен күн деп айтуға болады. Әрбір адамның кез келген мәселеге қатысты жеке тұлға ретінде  өзіндік пікірі, ойы, таным, түйсігі болуы керек.» деп ой түйді.

Келесі кезекте «Экономика және кеден ісі» кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к. Меңдігереев К.Б. сөз алып, «Азат елдің тұғыры биік!» тақырып төңірегінде сөз қозғап, қазақ елінің Тәуелсіздікке ұмтылу жылдарындағы басты оқиғаларына, Тәуелсіздік алған жылдардан бергі Қазақстанның Тәуелсіз ел ретінде бағындырған белестері жайында сөз қозғады.  Өзінің студенттік шағының 1986 жылдар тұсында өткендігін айтты, бұл тарихи оқиғаға қатысты Ш.Мұртаза, Ш. Сариев, З.Қабдолов сынды  белді тұлғалардың сөздері мен пікірлерін келтіре сөйледі.

Сонымен қатар, «Экономика және кеден ісі» кафедрасының оқытушысы, магистр Султанғалиева Р.Қ.  «Елдің экономикалық тәуелсіздігі – Қазақстанның басты Тәуелсіздігі» атты баяндамасын ұсынды.

Өз баяндамасында  Р.Қ. Султанғалиева «Кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты белгілерінің бірі – оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздерінің болуымен сипатталса, елдің шынайы әрі іс жүзіндегі нақты тәуелсіздігі қайсыбір мемлекетке кіріптарлықтан ада ететін экономикалық еркіндігімен ұштастырылып жатады. Бұл рас нәрсе. Сондықтан да, қазіргі Қазақ елі 25 жылдық тәуелсіздік тарихында елдігін ғана емес, экономикасының егемендігін де сақтаған мемлекет ретінде межелі табалдырықтан абыроймен аттап отырғаны да шындық. 

Тәуелсіздіктің алтыншы жылында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев қалыптасқан жағдайдан шығудың нақты бағдарын айқындайтын, сондай-ақ елдің алдағы даму белестерін айғақтайтын  «Қазақстан-2030» даму стратегиясын  бекітті. Аталмыш стратегия жас Қазақстанның ұзақ мерзімді сатылап дамуына берік негіз қалағаны айқын.         

Өздеріңізге белгілі, 2015 жылдың 30 қарашасында Елбасымысыз Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты кезекті жолдауын ұсынған болатын.Өз жолдауында Ебасымыз еліміздің көксеген Тәуелсіздік тұғырына шығып, өз алдына жеке мемлекет боп қалыптаса бастаған сонау сындарлы ауыр жылдарынан бергі, Қазақстанның бағындырған тарихи маңызы зор белестер тізбегін саралап өтті. Қазіргі еліміздің бақуатты мемлекетке айналып, Қазақстанның көк туы бейбіт аспан астында желбіреп, ел жағдайының едәуір жақсарып, қазақ халқының еркін, бірлігі жарасқан, экономикасы, ішкі және сыртқы саясаты өрлеген, ғылым мен инновациялық  даму үрдістерімен бірге алға адымдап отырған толерантты, зайырлы елдің азаматтарына айналғандығына баса назар аударып «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің  қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру.» деп, алдымызда тұрған болашақ ұстаным бағытын көрсетті.» дей келе, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары ішінде жаһандық ауқымдағы дағдарыстарға төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басқандығын атап көрсетті.

Дөңгелек үстел соңы сұхбатқа жалғасып студенттер өздерін қызықтыратын сұрақтарға жауап алды, «Экономика және кеден ісі» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к., профессор Анар Қуанғалиқызы да сөз алып, студенттермен «Желтоқсан оқиғасы» тұсында өз басынан өткерген жайлармен бөлісіп, шараны қорытындылады.