ҚР ПАРЛАМЕНТ  МӘЖІЛІСІ мен СЕНАТЫ ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСУ

2020 жылғы 5 қаңтар  күні Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісінің  депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов,Бейбіт Мамыраев, Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев  Атырау қаласында Х.Досмұхамбетов атындағы университеттің үлкен акт залында сайлаушылармен,атап айтқанда Атырау мемлекеттік университеті мен Атырау инженерлік-гуманитарлық  институтының профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті.

Кездесуде  депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асырудағы басым бағыттар туралы баяндады. Парламент Мәжілісі  мен Сенатының заңнамалық жұмыстары туралы хабардар етті. Депутаттар әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне, атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа форматына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге және жаңа  жылдан бастап қолданысқа енгізілген Заңдар мен педагог мәртебесі туралы Заңның басым бағыттарына баса назар аударды.

Жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңда мұғалімдердің құқықтары нақты көрсетілген. Яғни, мемлекет мұғалім мәртебесін көтеруді өз міндетіне алып отыр. Ең бірінші кезекте мұғалімдерді педагогикалық жұмысына жатпайтын жұмысқа тартпау мәселесіне басымдық беріледі. Заңда мұғалімдер мен оқушыларға түсетін жүктемені азайту мәселесі де қарастырылған. Себебі, білім беру ісі ең алдыңғы қатарға шығуы тиіс. Бұған дейін халық санағын жүргізуде де, сайлау кезінде де мұғалімдерді жұмысқа тартқан жағдайдың болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұның бәріне нүкте қойылды. Заң қабылданды. Осы заң мұғалімнің барлық жұмысын құқықтық рельске қойып береді», — деді депутат Б.Мамыраев.

Депутаттарға  сұрақтар қойылып,шешімін  күткен мәселелер айтылды. Мемлекеттік тіл қазақ тіліміздің мәртебесін көтеру, Жайық өзенінің тартылып бара  жатқаны және егістік алқаптарды тиімді пайдалану, суландыру мәселелерін университет профессорлары Қадыр Жүсіп пен Бақтығали Таубаевтар көтерді.

Мемлекеттік  тілдің мәртебесін  көтеру жолында қазір парламентте біраз іс-шаралар белгіленіп  отырылғанын депутат Б.Мамыраев айтса, депутат Б.Ізмұхамбетов  мал жайылымдық алқаптар мен егістік жерлерді тиімді пайдалана  алмай отырғанымыз растығын,бұл бағытта жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Біз Атырау облысына әкім боп келгенде мұнда 8 мың гектардайғана жерге егіс егіледі екен, осы егін егетін алқапты 16 мың гектарға жеткіздік,-деді Бақтықожа Салахаденұлы. Жұмыстанса  әлі де өсіруге болады. Агрокешенді дамытуда да Атырауда жақсы жұмыстар бар. Қазір Атырау қаласындағы құс фабрикасы Қазақстанның батыс облыстарын арзан жұмыртқамен қамтамасыз  етіп отыр. Ал В. Розметов жетекшілік етектін шаруа қожалығы алма мен лимон өсіретін бақтары өнімі Атыраудың даңқын асырды, қазіржылына 40 тонна лимонды сауда орнына жіберіп  отыр.Бұл біз жоспарлағаннан әлдеқайда көп. Біз оған барлық жағдайды жасап берген едік.Істі үйлестіріп әкетті,-деді Б,Ізмұханбетов. 

Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Жайық өзенінің проблемалары бойынша біраз жұмыстар жасап жатқанын,алда  да бұл бағытта Ресей Федерациясының Башкирия республикасы, Орынбор облысы аймақтарымен бірлескен жұмыстар  атқарылатынын жеткізді.

Сайлаушылар,  яғни профессор-оқытушылар  мен студенттер аймақтың экологиясының  нашарлығы, азық-түлік қоры молшылығын жасаудағы қиындықтар, шет елдіктер  мен жергілікті кадрлардың еңбек ақыларындағы айырмашылықтар,облыста жер телімдерін бөлудегі  әділетсіздіктер мен берілген жерлерді игерудегі кемшіліктер және басқа да өзекті жағдайларды   депутаттардың назарына салды. Парламент төрінде осындай өзекті мәселелердің шешімін табуына тілектерін айтты.

Сайлаушылардың аймақтың толғандырар  мәселелері бойынша ұсыныс-тілектерін, сұрақтарын парламенттің Мәжілісі  мен Сенаты депутаттары Атыраудағы «Nur-Otan» партиясы кеңсесі арқылы қабылдайтындарын жеткізді.

Атырау амағындағы жұмысы аясында Мәжіліс пен Сенат депутаттары өндірістік және әлеуметтік нысандарға барып, кәсіпорындардың, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің еңбек ұжымдарымен кездесуде.    

Ермек Биғали.