Рухани жаңғыру
Атырау инженерлік-гуманитарлық институты «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен «Алтын Орда» мемлекетінің 750 жылдығына арналған дөңгелек үстел шарасы өтті. Оған профессор-оқытушылары, бөлімдер қызметкерлері, институт пен оның колледжі студенттері қатысты.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімені «Рухани жаңғыру» орталығы директоры Ермек Биғали ашты. Ол бүгінгі бас қосудағы тақырыптың тарихи маңыздылығына тоқталып, қамтылатын мәселелерге шолу жасады.
– Алтын Орда – Жошы ұлысы ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдары Бату хан құрған мемлекет. Оның құрамына Батыс Сібір, Солтүстік Хорезм, Еділ Бұлгариясы, Солтүстік Кавказ, Қырым, Дешті Қыпшақ жерлері кірді. Солтүстіктен оңтүстікке дейін Алтын Орда Кама өзенінен бастап, Дербент қаласына дейін созылып жатты.
750 жыл бұрын, яғни 1269 жылы қазіргі Талас жерінде құрылтай өтіп, Моңғол империясы құлады. Үгедей, Шағатай және Жошы ұлыстарының өкілдері жиналып, Моңғол империясынан бөлініп, өз алдына дербес Алтын Орда мемлекеті болды.
Ал Жощы ханның баласы Батудың кезінде ұлан-ғайыр жерді алып жатқан үлкен мемлекеттің астанасы (қазіргі Атырау облысының жерінде) болған Сарайшық- күллі Еуразияның тағдырын шешкен шаһар. “Сарайшықта орда хандары Токта, Әз Жәнібек, кейіннен қазақ хандары Жәнібек пен Қасым жерленген. Қала ХІІІ ғасырда сауда-экономикалық орталығы ретінде қалыптасты”, – деді Ермек Аққалиұлы.
Ал Түркістан – күллі түріктің рухани астанасы, барша түріктің алтын бесігі болған қала. 1598 жылдан бермен Қазақ хандығының астанасы ретінде танымал. Қазір ол қайта түлетіліп жатыр.
Совет өкіметі тұсында Алтын орда тақырыбына тыйым салынған еді. Ғалымдарымыз Бекмаханов, Сәтбаевтардың қудалауға түскенін білеміз. Бірақ, қазір тыйым, репрессия жоқ. Бірақ ғалымдарымыздың бұл тақырыпта зерттеулері тым аз. Біздің елде, тарихқа маманданған 4 ғылыми институт бар, бірақ Жошы ұлысын зерттеуші саусақпен санарлық екені айтылып жүр қазір. Біздің жоғары оқу орындары жыл сайын жүздеген тарихшы мен шығыстанушы шығарады, алайда олардың ешқайсысы Жошы ұлысына қатысты тақырыптарды терең зерттеуге барған емес екен. Жалпы ноғайлар, қазақтар, қазандық, сібірлік, қырымдық, польдік-литовтық татарлар, қарақалпақтар, өзбектер және тағы басқалары үшін Алтын Орда – ортақ тарих.Алтын Орда – бұл біздің жалпы өткен-кеткеніміз және жекешелендіріп алуға немесе «ұлттандыруға» болмайтынын атап өтті Е.Биғали.
«Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасы аға оқытушысы,магистр Гүлфайрус Бозахаева «Алтын Орда: Мемлекет құрылуы мен дамуы тарихы, тағлымы» тақырыбында әңгімеледі.
«Екі мың жылдық тарихы бар киелі Тараз Түркі қағанатының орталығы болған, осы жерде түркі халықтары ислам дінін қабылдаған, Қарахан мемлекеті қанатын жайған, Қазақ хандығының қазығы қағылған. 1269 жылы өткен Талас құрылтайы. Алтын Орда мемлекетінің, Шағатай ұлысының және Моғолстанның негізі қаланған тарихи басқосу» дей келе тарихи деректер тілімен айтып берді. Әсіресе Атырау атырабындағы киелі Сарайшық қаласы сол заманнан қалған тарихи мұра екенін жеткізді.
Атырауға аяқ басқандардың Алтын Орда дәуірінде астана болған Сарайшық қаласының тарихи орнына табан тіремей¬тіні кемде-кем. Мұнда тарихшы-зерттеуші, облыс қонақтарынан басқа да осы орынды көру үшін шет мемле¬кет¬терден арнайы келетіндер де аз емес. Атырау облысының орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан ежелгі астананың тарихи орны мемлекет қамқорлығына алынған. Қасым хан хандық құр¬ған кезеңде саяси-эконо¬ми¬калық тұрғыда айрықша дамы¬ған, ғылыми орталық болған Сарайшықта бүгінде «Хан ордалы Сарайшық» мұра¬жай қорығы жұмыс істеп, өт¬кен¬нің ұлағатын ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөл атқарып тұр. 1999 жылы қыркүйекте ашылған кешен үш құрамнан тұрады. Оның алғашқысы – хандар пантеоны. Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпы¬тастар қойылған. Мөңке-Темір, Тоқтағу (Тоқты), Жәнібек, Әмір – Оқас, Қасым хан, Ших Мамай, Жүсіп хандардың есімдері осылайша тәуелсіз елдің төрінде тағы бір жаңғырды, – деді Г.Бозахаева
Ал мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылып, ХІV ғасыр¬дағы Сарайшық қаласының макеті жасақталған. Кешен ішіндегі мешітте ата-бабалар рухына дұға бағыштап, өткенге иман тілеу үнемі орындалып отырады. Кешеннің үшінші бөлігі – қазба орны. Жайық өзенінің иінінде орналасқан жалпы көлемі 600х600 метр алаңқайды алып жатқан қазба орнында жаз айларында Ә.Мар¬ғұлан атындағы Қазақ археология институ¬ты¬ның Батыс филиалының экспеди¬циясы жұмыс істейтінін және басқа да алтын орда мемлекетіне қатысты қызықты деректерді Гүлфайрус Кенжеғалиқызы айтып берді.
«Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасы меңгерушісі,филология ғылымдарының кандидаты,доцент Мафруза Матжанова «Ежелгі орыс әдебиетіндегі «Алтын Орда» тақырыбында жан-жақты мысалдармен,слайдтар арқылы әңгімеледі.
“Өздеріңіз жақсы білесіздер, тарихсыз болашақ болмайды. Біз тарихымызды баршаға көрсете алу үшін тереңірек зерттеп, зерделей түсуіміз керек. Бұл ретте ежелгі орыс әдебиетіндегі Алтын Орда тақырыбында жазылған шығармалардың маңызы ерекше екенін Мафруза Ахметжанқызы талдап айтты.
Аға оқытушы, магистр Болат Жұбанов «Алтын Орда- алтын бесік және қазіргі заман» тақырыбында сараптады.
«Шын мәнінде, Алтын Орда Рим империясы, Осман империясы, Цин империясы секілді ірі империя болған. Орыс кінәздіктері, Ноғай ордасы, көшпелі Өзбек мемлекеті, Моғолстан секілді елдер осы Алтын Ордадан бөлініп шыққаны белгілі. Сондықтан Кеңес Одағы идеологиялық мақсатта Алтын Орданы шапқыншы, қараңғы көшпелілер елі ретінде көрсетті.
«Қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды» деп Шоқан Уәлиханов кезінде естеліктерінде жазыпты. Сонда Алтын Орданың заңды мұрагеріміз деген ұғым бүгін пайда болған, мақтану үшін ойлап тапқан дүниеміз емес. Шоқанның тұсында-ақ аталарымыз бұл тарихи шындықты білген. Тарихи деректер, бұл атау Алтын Орданың негізін қалаушы Бату Ханның шатырының атынан шыққан деседі. Ең соңғысы теңге сөзі де сол, Алтын Орда заманынан тамыр тартады. Жошы ұлысының күллі территориясында валюта ретінде колданыста болған, 1-2 граммдық ақша «данга» делінгенін айтты магистр,тарихи зерттеуші Болат Ділмұханұлы.
Алтын Ордада жүйелі мемлекеттік құрылым болды. Онда ең алғашқы салық, әскер бөліністерін, пошталық жеткізу, мемлекеттік басқару жүйесі жұмыс істеп тұрды.Сондықтан, Алтын Орданың тарихын тереңірек зерделеу, Жошы Ханды дұрыстап зерттеу кезек күттірмейтін маңызды жұмыс”, – деді Болат Жұбанов. Қазақ мемлекеттігі мен оның қазіргі Ресейдің тарихындағы маңызына, заманның өзгеруіне орай, Алтын Ордаға қатысты халық танымы мен ғылыми көзқарастың да өзгеріп жаңа тұрғыдан қарау керектігін шешен сөз етті.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімені модератор,»Рухани жаңғыру» орталығы жетекшісі Ермек Аққалиұлы қорытындылады.
Ол «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында Алтын орданың 750 жылдығына орайда білім беру ұйымдарында жастарды өткен тарихымыз бен шежірелі мұраларымыз , мәдениетіміз негізінде отансүйгіштік пен патриотизм рухында тәрбиелеу бағыттарында алда алуан түрлі іс-шаралар өткізілетінін айтты. Жастар біздің өткен тарихымызды білуге тиіс. Өткенді білмей келешек күнгірт екені аян. Институтымызда алдағы күндері Алтын орданың 750 жылдығы тақырыбында лекциялар циклы,ашық сабақтар,семинар-тренингтер ,т.б. іс-шаралар өтетін болады. Бұл бағытта жоспарлар жасалды, барлық кафедралар,деканаттар сол жоспарлар бойынша жұмыстарды жүзеге асуы тиіс. Дөңгелек үстел материалдары негізінде институтта арнайы жинақ та шығарылатын болады.
АИГИ Баспасөз қызметі.