МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫ – ІС-ҚИМЫЛЫМЫЗҒА СЕРПІН БЕРДІ

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының  «Рухани жаңғыру» орталығы   мен  Ғылыми кеңесі   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа  Жолдауында айқындалған басымдықтарды талқылауға арналған кеңейтілген мәжілісін  үстіміздегі  жылғы 8  қыркүйекте    ZOOM платформасында өткізді.

Кеңейтілген  мәжіліске институттың  барлық профессор-оқытушылар құрамы  мен  қызметкерлері, студенттер  онлайн бойынша  қатысты.Кеңестің  модераторы  «Рухани жаңғыру» орталығының  директоры Ермек Биғали мәжілісті ашып, жүргізіп отырды.

-Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев  бұл  Жолдауында әлемді шарлаған пандемия індеті  біздің елді де шарпығанын,осы қиын кезеңде мемлекетіміздің дамуын   жан-жақты  көтерудің бірқатар өте маңызды, өткір мәселелерін  көтерді. Еліміздің еңсесін көтеретін экономикадан бастап білім, ғылым, денсаулық, адам құқығын қорғау, бала тәрбиесі мен ортақ ұлттық құндылықтарды сақтау жайын түгелдей нақты қамтыды,-дей   отырып кіріспе  сөзінде  Ермек Аққалиұлы  Жолдауда Президент  қоғамда орын алған елеулі оқиғалар мен бірқатар проблемаларды шешудің нақты жолдарын қамтитын қадамдарды айқындап бергенін  жеткізді.

Атырау инженерлік-гуманитарлық институты ректоры,ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі  Е.У.Ихсанов  « Елдің даму механизмі  кадрлық  мәселеге тікелей байланысты »  -деген  тақырыпта баяндама жасады.  –

Президент Жолдауын оқи  отырып, елдің даму механизмін кадрлық мәселеге тікелей байланыстырғанын аңғарамыз. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлердің санын алдағы 2021 жылға дейін 15 пайызға азайтып, сапасын арттыруды толық қолдаймын. Себебі, елді жайлаған пандемия нақты елге нағыз қажетті мамандарды өзі-ақ сұрыптап берген секілді. Демек, біздер жоғары оқу орындары қоғамға керекті  білікті  кадрларды  даярлауға  баса мән беруге тиіспіз.

Жолдауда Президент экономиканы одан әрі әртараптандыруға, бәсекелестікті арттыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, пандемияның қиын кезеңінде халыққа қажетті қуатты әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударғанын атап өтті.  Білім, ғылым және денсаулық сақтау саласын қолдау арқылы адами капиталдың сапалы өсуі Президенттің жіті назарында екені белгілі,-деді ректор Е.Ихсанов.

Пандемияның таралуы жағдайында білім беру жүйесінің алдына маңызды міндеттер қойылуда. Президент үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді, оқытудың балама нұсқаларын белсенді енгізуді және кәсіби дағдыларды сертификаттауды, жоғары оқу орындарының мамандарды даярлау сапасына жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Осыған байланысты  біздің институт тарапынан құрылған  ашық білім беру платформасын  бәсекеге қабілетті сапалы әрі жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Президент атап өткендей, кәсіптік  жоғары  білім беруде кәсіпкерлердің жаңа буынын дайындауға басымдық беру қажет. Сондықтан «кәсіпкерлік негіздері» пәні білім берудің барлық деңгейлерінде – мектептерден жоғары оқу орындарына дейін оқытылуы тиіс.

Бүгінде  АИГИ-де   бірнеше  студенттік бизнес-инкубаторлар  жұмыс істейді, онда студент стартаптары мен инновациялық жобалары іске асырылуда. «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқытуды бастап кеттік,- деді Ерсайын Уалитханұлы.

Институт ректоры Е.Ихсанов   Президент   Жолдауында  айтылған  міндеттерге   орай  білім берудің  онлайн платформаларына қойылатын бірыңғай талаптар әзірленіп,іске асырылып, қашықтан оқыту бойынша  жаңа интернет жүйелер енгізіліп  жатқанын  жеткізді.

Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының      оқытушысы, магистр  Болат  Жұбанов   «Білім саласындағы  жоғары талап » тақырыбында  Жолдауда  айтылған  міндеттер мен  оларды  жүзеге  асыру жолдары  туралы баяндады.

Инженерлік-техникалық  пәндер кафедрасы меңгерушісі,профессор Мұрат Ликаров    «Елдің   дағдарыстан кейінгі даму бағытын айқындап берді»-,- деген тақырыптағы  баяндамасында   Президент Жолдауында жаңа жағдайдағы экономикалық даму мәселесіне баса мән берілгенін айтты. Бәсекелестіктің, шағын және орта бизнестің өркендеуі табиғи ресурстарға тәуелділікті төмендету арқылы экономиканы күшейту, азаматтардың бастамаларын дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасау сияқты үш бірдей маңызды міндетті орындауға мүмкіндік беретінін  жеткізді.

Кафедра меңгерушісінің міндетін  атқарушы ,педагогика  ғылымдарының   кандидаты  Арайлым  Кенжеғарина  «Мемлекеттік басқарудың жаңа моделін ұсынды»,- деген тақырыпта баяндап,слайттар  арқылы нақты  мысалдармен айтты.

–  Жолдаудың үлкен бір тарауы мемлекеттік басқарудың жаңа моделі төңірегінде болды. Мұнда нақты қадамдар да атап көрсетілген. Стратегиялық жоспарлау мен реформалар жөнінде агенттік құрылатындығы, оның тікелей Президентке бағындырылатындығы және ол агенттік мемлекеттік жоспарлаудың бүкіл жүйесінің орталық буынына айналатындығы атап көрсетілді,-деді  Арайлым Заузақызы.

АИГИ оқу-әдістемелік мәселелері  жөніндегі проректоры,педагогика ғылымдарының докторы , профессор Жамиля Хасанова елдегі пандемия індеті  жағдайында  білім алушыларға сапалы білім мен  тәлімді тәрбие берудің  актуальды мәселелерін ортаға салды.Жолдауда  айтылған міндеттерге сәйкес  институтта оқу-әдістемелік  жаңа бағдарламалар, бейне лекциялар  циклдары  мен  «HERO» интернет желісі жаңадан іске қосылып,Платонус  желісі жаңартылып  жатқанын ,басқа  да көптеген істердің жүзеге асуы  мен міндеттердің  бар екенін  жеткізді.

Институттың ғылым және халықаралық байланыстар  жөніндегі проректоры,педагогика ғылымдары докторы, профессор  Ақылбек Ахметов   мемлекет  басшысының   Жолдауында ұлттық жаңа болмыс туралы арнайы сөз етілгенін  айтты. ХХІ ғасырдың ұрпағы кемел білімді болуы керектігі, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажеттігі, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыру дұрыс болатындығы, темірдей тәртіпке, жоғары жауапкершілікке бейімделу керектігі, адалдықтан, ұқыптылықтан, тиянақтылықтан танбау керектігі бірінші, екінші, үшінші деп тұрып, санамалап айтылғанын  жеткізді.

Президент Жолдауында жария етілген қағидалардың өмірде орындалуына әрбір азамат,атап айтсақ біздің Атырау инженерлік-гшуманитарлық  институты ұжымы да  ойдағыдай  үлес қоса  беретін  болады. Ол үшін жоғары  талап пен  міндеттерге сай еңбек етейік  әріптестер,-деді  проректор Ақылбек Қабиұлы.

Президент Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  Жолдауын   жүзеге асыру  бойынша   айтылған  пікірлер,ұсыныс-тілектер  бойынша   ғылыми кеңес  пен  «Рухани жаңғыру»  орталығы кеңейтілген мәжілісі   қаулы  қабылдады.

                         

  Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының

                        Баспасөз  қызметі.