Туым – теңдігім, Елтаңба – елдігім, Әнұран – Айбыным

Әрбір мемлекеттің тәуелсіздігінің, біртұтас¬тығының ажырамас бөлігі – мемлекеттік рәміздері. Әлемде елдіктің басты белгілері – Ту, Елтаңба, Әнұранды төріне іліп, көгінде шалқыту бақыты бұйырмаған ұлтттар да бар.
Қазақ елінің аспан түстес Туын, қанатты тұлпар бейнеленген Елтаңбасын, рухты жанитын Әнұранын әрбір күн сайын ерекше құрмет тұтамыз. Тәуелсіз елдіктің басты белгілерін қастерлеу азаматтық парызымыз! Кеңес Одағы тұсында октябрят, пионер болған біздің қатарластарымызға өңірімізге тағылған төсбелгі мен мойнымыздағы галстукты қадірлеуді санамызға мықтап сіңірді. «Қызыл галстук – қызыл тудың бір бөлігі деп қараған едік. Қызыл туға революция жолында құрбан болғандардың қаны тамған» деген түсінікке жіпсіз байланғандардың қатарында болдық. Идеологияның адам санасын, жас өскін ұрпақ ойын қалыптастырудағы алапат күшіне қайран қалмасқа шара жоқ.
Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген ұрпақтың қасиетті көк байраққа құрметінен кемшіндік байқалмайды Желбіреген көк Туды көргенде, жас та кәрі де бір тоқтамай өтпейтіні де рас. Бұл қасиетті көк Туымызға құрмет. Алайда көңілге қаяу түсірер жайлар да кезігіп отыр. Күні кеше Австралия мен Ұлыбританияда жалаңаш күйде Қазақстанның туын көтерген “Бораттар” флешмоб өткізді. Бұл біздің халықтың ашуын келтірді. Қазақстандықтар,желі қолданушылары мен қоғам белсенділері акция өткізіп, Боратқа қатысты шара қолдануды талап ете бастады. Алматыда “Борат-2” фильміне қарсы жастар АҚШ-тың елшілігіне петиция да табыстады.
Тәуелсіз елдің, текті ұлттың, рухы бай азат елдің ұрпағы едік.
Біз бүгінгі ұрпақ бейбіт күнімізбен бақыттымыз. Аллаға шүкір.
Алайда мына опасыздық ойландырмай қоймады. Төрткүл дүние төрінде көрінгеннің көзайымына айналған көк туымызды кірлетуге ешкімнің хақы жоқ!!! Айдың-күннің аманында азаптау мен мазақтаудың шегіне шекара қоюға не кедергі болып жатыр екен?! Ерлік пен елдіктің, бірлік пен татулықтың туын биік ұстау біздің азаматтық міндетіміз. Тілге тиек етер тәуелсіздігіміз барда жігеріміздің мұқалмайтыны сөзсіз. Туымыз тұғырымыздың төрінде тұрсын. Осындай да қанмен келгенді қастерлемесең қарның ашып, қадірің қашатын тұсың да осы.
Ия,көк байрағымызды біз тек атаулы күндері ғана емес үнемі ұлықтап отыруға тиіспіз. Біздерде акция, флешмоб, марафон сияқ¬ты шаралар бірінен кейін бірі өтіп жатады. Әри¬не, жастардың елжандылық рухын көтеру үшін қажет шара. Бірақ алаңға Туды көтеріп шы¬ғумен, құр айқаймен, бір реттік акциямен іс бітпейді. Рәміздерді ұлықтаудың балталаса бұзылмайтындай мызғымас қағидалары әлі де қалыптасып үлгермей жатқаны жасырын емес.
Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков «Елтаңбада жетпіс екі уық бар. Оның біреуі кем болса, стандартты сақтамаған болып есептеледі. Мүйіздердің жеті сақинасы бар. Бұл әр ұрпақтың жеті атасын білу дәстүріне саяды. Керегелердің де орналасу тәсілдері бар. Ол қазақтың ұғымында үлкен мәнге ие. Оның босағасы бар, босағасында тұрған қиықтары бар, қошқар мүйіздер бар. Солардың барлығы Елтаңбамыздың қуатты және қасиетті екендігін білдіретін белгілер» деп суреттеген. Уақыт пен кеңістікті бейнелейтін белгілермен көмкерілген Елтаңбамыздың ерекшеліктерін, мән-мағынасын жас ұрпақтың бойына терең сіңіріп,насихаттауда әлі де атқарылар жұмыстар аз емес.
Зеңгір көк түстес Тудың, шаңырақ бейнелі Елтаңбаның, жүректерде жатталған қуатты әуеннің аясына біртұтас болу үшін жиналған халқымыздың асқақ армандары уақыт өткен сайын ақиқатқа айналып келеді. Рәміздердегі әрбір белгі халықтың кешелі-бүгінгі өмірінің айнасы іспетті. Сонысымен ыстық, сонысымен қадірлі. Сайын далада еркін қалықтаған қыран, сұлулықтың сырын ұғуға жетелейтін ою-өрнек, халықтың жүрек лүпілін сездіретін сырлы әуен, қасиетті шаңырақ, дүлдүл тұлпар шежірелі өткен күн мен кемел болашақ арасын жалғап тұрғандай.
Қастерлі көк туымыз бен Елтаңбамызды, Әнұранымызды студенттерімізге насихаттап,маңызын,тарихын тереңірек түсіндіруде Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында бірқатар игі іс-шаралар өтіп келеді.Конференциялар,тәрбие сабақтары ,кураторлық сағаттар,флешмобтар онлайн форматында өткізілуде. Институт фойесінде жаңа мемлекеттік рәміздер стендісі мен мәжііліс залында Елтаңба мен көк туымыз жаңадан орнатылды.Басқа да мазмұнды іс-шаралар жоспарланып отыр. Ия, көк Туым – теңдігім, Елтаңба – елдігім, Әнұран – Айбыным. Мәңгілік елдің басты белгілерін ардақтайық ағайындар!
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының
Баспасөз қызметі.