Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының басты мұраты- адалықты ары санайтын, сыбайлас жемқорлықсыз ұжым болу. Осы мақсатқа институттың бүкілоқу-әдістемелік,тәрбие-әлеуметтік,ұйымдастыру жұмыстарының үрдісі жұмылдырылған. Институтта жаңадан «AIGI ADALDYQ ALANY» жобалық кеңсесі жасақталып,жұмыс жасауда.
Жобалық кеңсе аясында сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттермен күрестің стандарттары,коррупциялық іс-әрекеттерге қарсы саясат,Академиялық адалдық туралы ережелер жасалып, олар барлық бөлімшелер мен факультеттер жұмыстарында басшылыққа алынып отыр. Алқалы орган-сыбайлас жемқорлықпен күрес комиссиясы институтта осы қауіпті індеттің жолын кесу және болдырмау мен жемқорлық әрекеттердің себеп-салдарын анықтап,коррупцияға қарсы саясатты жетілдіру мақсатында жұмыс жасап келеді.
Атырау инженерлік-гуманитарлық институты емтихан сессияларын таза ұйымдастыру тәртібі бойынша білім алушылармен ректораттың жүйелі кездесулері,онлайн-кеңестері, кураторлық сағаттары,т.б. жүйелі өткізіліп келеді.. Институтта еліміздегі жоғары оқу орындарының Академиялық адалдық лигасының үміткерлері қатарына кіру бойынша да нақты жұмыстар атқарылуда.
Академиялық адалдық қағидаларын сақтау мақсатында ПРОКТОРИНГ жүйесі енгізілді. Студенттердің сапалы білім алып жатқанына көз жеткізудің жалғыз жолы – емтихан уақытында үздіксіз бақылау жүргізу және онлайн-прокторингті қолдану.
Институттағы Тәртіптік кеңес те «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің жолын кесуге бірден-бір ықпалды ұйым болып отыр. Кеңес жұмысының негізгі идеясы жастармен кездесулер өткізу және оларға жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлық туралы ұғымды түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша шараларды жетілдіру, сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеу
Жемқорлықтың түп тамырына балта шабу үшін жас ұрпаққа рухани тәрбие беруді де жақсарту керек. Осы бағыттарда институтта Жастар комитеті мен «Рухани жаңғыру» орталығы да әрбір оқу жылында арнайыжоспармен жұмыстар жасап,іс-шаралар өткізіп келеді.
9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында жыл сайын «Сыбайлас жемқорлық – бұл әлемдік қоғамның жаһандық проблемасы» тақырыбында конференция өткізіледі.Мұнда осы қауіпті індетпен күрес жағдайлары кең талқылау болады.
Конференциямызға биыл Атырау облысы адвокаттар кеңесінің өкілі,тәжірибелі заңгер А.К.Омарова,Атырау облысы Полициясы басқармасы бастығының орынбасары Р.О.Ешманов,Атырау облысы Полициясы басқармасы кадр саясаты бөлімі басшысы А.Х.Құбашев қатысып,тілектері мен ұсыныстарын,ойларын айтқан еді. «Бизнес,басқару және құқық» кафедрасы меңгерушісі,профессор,ішкі істер органының бұрынғы полковнигі Б.Ж.Исеев жемқорлық әрекеттермен күрес бағытында өмірлік бай тәжірибесін студенттерге айтудан жалықпайды,ол оқу мен тәрбиенің тиімді әдіс- тәсілдерін ортаға салып отырады.
Жемқорлыққа қарсы күрес, жемқорды ұстап, қолын кісендеп, темір торға қамап қою емес, жемқорлыққа қарсы күрес ол Ар мен Ұят үшін, Адалдық пен Әділдік үшін күрес .
Бұл адам тәрбиесі. Ақыл мен парасаттың ұстанымы. Жемқорлыққа қарсы күрес ол ел болашағы үшін, Тәуелсіздіктің қаупсіздігі, ұрпағымыздың амандығы үшін күрес! Бұл кеселмен күресу әр адамның,әр студенттің абзал борышы!
Институттағы «Адалдық алаңы»,«Саналы ұрпақ» жобалық кеңселерінің жұмыс бағыттарының бірі – ол сыбайлас жемқорлық жағдайларын анықтау мақсатында студенттер арасында сауалнама жүргізу. Құрамында 20 студенті 7 профессор- оқытушы бар аталмыш Клуб жиі анонимді сауалнамалар жүргізіп, « Таза сессия» акцияларын өткізіп келеді.
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында «Антиплагиат» жүйесі бірнеше жылдан бері бар. Енді жаңа «Антиплагиат.ВУЗ» бағдарламасы жүйесі сатып алынып,іске қосылды. Бұл жоба интернет желісіндегі ашық көздерден және басқа да көздерден алынған мәтіндік құжаттарды тексеруге арналған бағдарламалық- аппараттық кешен.
“Адалдық сағаты” да кең көлемде ұйымдастырылып келеді. Оның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәденеиетті қалыптастыру, жастарды адалдыққа, парасаттылыққа тәрбиелеу.Осы тәрбие сағаттарға қаланың аранайы мониторинктік топ мүшелері, білім саласының жетекшілері,т.б. қатысты.
Институттағы «Саналы ұрпақ» клубы мен «Гладиатор» дебат клубының белсенді студенттері А.Ільяс,М.Аймақова, А.Аймұқанов, Ж.Саламатова, М.Дияс және басқалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, таза,әділетті қоғам құру мәселелерін дамыған елдер өмірінен мысалдар келтіре отырып арнайы тренинг сағаттарын өткізді,онда мәселені мысалдармен талқылап,өз ұсыныс-тілектерін айтты.
«Үш анық» атты философиялық еңбегінде Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Бізше адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуы керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныш өмір сүруге
мүмкіндік жоқ» – деген екен.
Жалпы Адалдық дегеніміз не?
Мұның жауабын іздеуде әрине, адам бойындағы асыл қасиеттер еске түседі. Демек, асыл қасиет деп – еңбексүйгіштік, достық, әдептілік, шынайылық, адамдарға көмек беру, қоғамға қызмет ету, құрметтеу, жақсылық жасау, кішіпейілдік. Бұл қасиеттер – әрбір адамға тән, жақсы өмір сүрудің шарты.
Адамда асыл қасиеттермен қатар жағымсыз қасиеттер де болады. Олар – жалқаулық, сараңдық, пайдакүнемдік, менмендік, мақтаншақтық, қулық, екіжүзділік, қатыгездік, ашу, ызақорлық, тағы басқа.
Осылайша, адам бойында ізгі қасиеттер неғұрлым биік тұрса, ол адамның аты да, болмысы да жоғары болмақ және ол адам сымбатты да, парасатты көрінеді.
Адалдық – адам бағасының бір өлшемі де іспетті. Жеке тұлғалар мен
адамдардың абырой – атағын арттыратын ізгі қасиет.
Жалпы, жастардың жетістікке жету жолындағы өзегі ретінде мына талаптар бойынша ілгері жылжу маңызды:
• «Сапалы білім»: Білім – көкжиегі кең жастардың басты құндылығы. Олар үшін бұл қоғамды қалыптастыратын мәдениеттің жоғарғы сатысы: қаржы және рухани дағдарыстан алып шығатын басты құрал.
• «Креативті және жасампаз тұлға»: Қазақстанның сәтті, қарқынды және инновациялық экономикасы креативті және жасампаз жастардың көмегімен ғана қаланады. Өйткені, бұл қасиетке ие жастардың қолынан идеяларды іске асыру, әдеттен тыс шешімдерді табу және қабылдау, шығармашылық дамуға бастау мен олардың өмір салтына енгізу келеді.
• «Бәсекеге қабілеттілік»: Мемлекеттің стратегиялық міндеттеріне айналған бұл дағды жетістікке бастайтын бірден-бір жол. Бәсекеге қабілетті болу – кәсіби маман ретінде биіктердің бағындыруға мүмкіндік береді.
• «Жоғары ақпарат мәдениеті»: Ақпараттар ағыны көш бастағаннан бері адасу да, жалған мен шындықтың аражігін айыра білу де қиынға соғуда. Әсіресе, бұл этика аспектісіне келгенде ақсаңдап жатқаны жасырын емес. Жастардың дамуы барысында ақпараттардың жіктелуі, оларға сараптама жасай білуі мен қоғам талабына сай өңдейбілуі де басты міндеттердің қатарына кіреді.
• «Біліктілік»: Бұл бағыт бойынша жастарға мәселе төңірегіндегі сұрақтарды жан- жақты қорытып, салмақты түрде шешім қабылдай білу міндеті жүктеледі. Мақсаттарды қоюы, орындалуы, тұлға ретінде даму барысында шексіз мүмкіндіктер алаңын қолдануы, жеке көзқарасын білдіруі де маңызды рөл атқарады.
Міне,Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында жаңадан қайта жасақталған «AIGI ADALDYQ ALANY» жобалы кеңсесі аясында профессор-оқытушылар құрамы мен әлеуметтік тәрбие ұйымдары, барша қызметкерлерінің басты ұстанымы – адалықты ары санайтын, сыбайлас жемқорлықсыз ұжым қалыптастыру. Осы мақсатқа институттың бүкіл оқу-әдістемелік,тәрбие- әлеуметтік,ұйымдастыру жұмыстарының үрдісі жұмылдырылған.
АИГИ Баспасөз қызметі.