«Рухани жаңғыру»: Туған жер бағдарламасы
Атырауда өлке тарихын зерттеп,толғамды ойларын қағазға түсіріп, жас ұрпаққа жеткізуге ынталы жандардың бірі – Сәтқали Әуелбаев. Махамбет ауданының қазіргі Алға, кеңес өкіметі кезіндегі Құлтай ауылының тумасы Сәтқали Әуелбайұлы ауылда орта мектеп бітіріп, актерлік арнайы білім алған соң Орал,Атырау облыстық драма театрларының белді актері болды,басқа да салаларда жұмыс жасап,өмірлік мол тәжірибе жинаған азамат.
Ол таяуда Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының «Рухани жаңғыру» орталығына келіп, туған жер тақырыбында өзін толғандырып жүрген тақырыптардың бірі- кеңес өкіметі кезінде, өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Кең Жылыойдан үдере көшкен ауылдар мен балықшы колхоздары туралы қызықты тарихи деректерді айтты. Үлкен ізденісті зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жазылып,баспадан шыққан «Тегін білу-тектілік» атты кітабын «Рухани жаңғыру орталығы қорына табыстады.
Бұл кітабында ата-бабамыздың басынан кешірген қилы замандарын жеке тұлғалар тағдыры мен даңқты бабалар өмірінен тарихи деректер арқылы танытып,олардың азаматтық келбеті мен атқарған еңбектері жайлы сыр шертеді.
– Шежіре-кітаптың негізгі мақсаты- ұрпаққа рухани тәрбие беру, жеті атасын біліп өскен ұрпақ жетесіз болмайды.Аға ұрпақтың ұлағатты өмірін жастарға жеткізу-басты мұратым. Осы кітапта көп мағұлмат бар,оны сатып, түскен қаражат табысымды өзімнің туып өскен – 17-ауылым,қазіргі атауы Алғаны дамытуға салыңыздар деп,беріп қойдым,-дейді өлкетанушы Сәтқали Әуелбайұлы.
Ал сонау елдегі дүрбелеңді отызыншы-қырқыншы жылдардағы туған жеріміз Атыраудың өңірлеріндегі ауыл-аймақтарды үдере көшіру,оларды қайта кәсіптік бағдарлау, елдің бас көтерген азаматтар мен дін иелерін сталиндік қудалау материалдары облыстың шаң басқан мұрағаттарында қозғалмай жатқан үлкен дүниелер екен. Сатқали Әуелбайұлы қазір осы тақырыптарда келесі кітабын да баспаға дайындап қойыпты. Аймақтың қалталы бизнес өкілдері, іргелі мұнай-газ ұйымдары,ынталы азаматтар демеушілік танытса деген ойларын да айтып қалды.
Алдағы уақыттарда Атырау инженерлік – гуманитарлық институты студенттерімен «Рухани жаңғыру» орталығында кездесіп,жастарға әсерлі әңгімелерін де айтуға дайын екенін жеткізді.
Ия, өлкеміздің өнегелі тарихи деректерін іздеп,жас ұрпаққа жеткізуге деген ізденісті ісіңізге сәттілік тілейміз!
АИГИ Баспасөз қызметі.