АИГИ: 1 наурыз – «Алғыс айту күнінде»«АЛТЫН АЛМА АЛҒЫС АЛ…»
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында 1 наурыз – «Алғыс айту күніне» орай студент жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, Қазақстан мәдениеті мен тарихына,салт- дәстүріне құрметке тәрбиелеу мақсатында онлайн және офлайн форматтарында лекциялар циклы әрбір факультет пен топтарда өткізілді. Институттың «Рухани жаңғыру» орталығы директоры Ермек Биғалиев бұл күннің маңызы мен мәні туралы студенттерге кеңінен әңгімелеп берді.
«Инженерлік,өңдеу және құрылыс салалары» кафедрасы меңгерушісі,профессор Мұрат Ликаров, Жалпы білім беру кафедрасының
оқытушысы,магистр Болат Жұбанов,аға оқытушы,философия ғылымдарының кандидаты,доцент Алма Бисекенова, Инженерлік- техникалық факультетінің деканы, докторант Гүлжүзім Меңдіғалиева «Алғыс айту күнін» мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды бейнелейтінін жеткізіп, әсерлі сабақтар өткізді.
«Алғыс айту күні» – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналғаны туралы білім алушыларға түсіндірілді.
Қазақ «қарғыс алма, алғыс ал!» деп жатады, тіпті ескі түрік жазбаларынан қарғыстан қашып, алғысқа кенелуді үгіттеген киелелі сөз қалған. Бұл киелі сөз тәңірдің тілеуін де алға тартады.
Атам заманнан бабалар аманаттаған тағы бір бағалы сөз бар:
Алтын алма, алғыс ал:
Алтын деген жер сыйы,
Алғыс деген ел сыйы, – дейтін.
Қазір Атырау аймағында жүздеген ұлт пен ұлыс тату-тәтті тұрады. Сол ұлттар мұнда жерұйық іздеп келген жоқ, тағдырдың жазуы, саясат сілкінісінің салдары оларды ыстық ұя қонысынан айырып, тарыдай шашып жіберді. Төтеннен келген тауқымет алаң халықты аш-жалаңаш қалдырды, баспанасыз баз кештірді. Сол солақай саясатты сезінген шешен, корей,неміс,т.б. өзінің бір ұлындай санап, қазақ халқы бауырына басты. Қоғамның әрбір саласында қызмет етіп, елмен еркін сіңісіп кетті. Меніңше, олардың пейіліндегі ризашылықтың өзі – Алғыс!
«Алғыс айту күні» – адамдардың бір-біріне деген құрмет пен өзара сенімінің, жанашырлық пен ізгіліктің мерекесі.
Бір-бірімізге бауырмал, ілтипатты болып, тілеулестігімізді тілейік! Өмірдің мәні де, сәні де халықтардың татулығы мен ынтымағында! Әрқашан да бастарымыздан бақ, жүректерімізден алғыс кетпесін!
Студент жастар да сауалдарын қойып,тұщымды жауаптар алды.Институтта бірінші курс студенттері арасында ашық тәрбие сағаттары да «Алғыс айту күніне» арналды.Білім алушы жастар да профессор-оқытушылар құрамына, институт басшылығына жақсы білім мен тәрбие алуға барлық жағдайды жасап отырғандары үшін алғыстарын айтты. Жастардың белсенділіктері де жоғары болғанын айтқан жөн.
АИГИ Баспасөз қызметі.