Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында 4 қарашада Атырау қалалық ішкі саясат бөлімі және Атырау қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмыстары» тақырыбында жоғары оқу орынының профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесіп, салиқалы әңгіме өткізді..
Кездесуге Сарсенова Нұргүл Қайырболатқызы – Атырау қаласы полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық- зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты, Дюсенгалиева Ақзияш Қалыбайқызы – Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінің маманы.; Төлегенова Бибігүл Қожасқызы – Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінің заңгері; Асылханова Елдана Асылханқызы – Атырау қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі келді.
–Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне етек алған маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар болып отыр,-деді сөз бастаған Елдана Асылханқызы.–Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы,баланы қорғау ерекше мәселе. Әрбір әйел-ана отбасының ұйытқысы. Өкінішке орай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес.
Спикерлер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы ісіндегі заңнаманы жүзеге асыруға байланысты барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Соңғы жылдары елімізде осы саладағы заңдылықты нығайту жөнінде пәрменді заңнамалық және практикалық шаралар қабылданды, тұрмыстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу жөніндегі құқықтық тетіктер қалыптастырылды.
Кездесуде атап өтілгендей, тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы салалық заң қабылданғаннан кейін жағдай түбегейлі өзгере бастады. Тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа тап болған адамдарға арналған дағдарыстық орталықтарының жұмысы негізінде де біраз іс-шаралар іске асып жатқаны айтылды.
Жалпы айтқанда, кездесуге келген комиссия мүшелері құзыретті құрылымдардың өзара келісілген іс-қимылын қамтамасыз етудің, тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықты тоқтату және оның алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталған тиімді құқықтық және тәжірибелік шаралар қабылдаудың және жастар арасында адамгершілік тәрбиенің ықпалын арттырудың .маңызы туралы айтып,студент жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға,әдептілік нормаларына берік сақтауға шақырды.
«Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі ешуақытта қоғамды бей-жай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылыққа,отбасындағы сыйластыққа және шаңырақтың шуағы,ұйтқысы аналар мен балаларды қорғау ата салтымыз екенін спикерлер нықтап айтты.
АИГИ Баспасөз қызметі.