Сан ғасырлық бай поэзиясы, ел қамын жоқтаған жүздеген ерен жүйрік жырау, жыршы, ақындары бар қазақ әдебиетінде Абай орнының ерекше болуы тегін емес.
Абай қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің, негізін салды. Абайдың шындық дарыны аса қуатты және сан қырлы. Ол-керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Сонымен бірге Абайды ойшыл ақын дейміз. Мұны алдымен ақынның өмір құбылыстарын терең толғап айту жағы басым келетін өлеңдеріне қатысты айтамыз. Сонымен қатар өмір, адам тағдыры, дүние-танымы көбірек көрінетін өлеңдеріне қатысты, яғни ойшыл-философ ақын деген мағынада да айтамыз.
Абай поэзиясы ақын өзі өмір сүрген тұтас бір тарихи дәуірді жан-жақты, барынша толық бейнелеп бергені анық. Бірақ ақын творчествосы жарты ғасырды қамтитын тарихи дәуірді танытады деу аз. Сол замандағы қоғамдық өмір салтының, ой-сана, ұғым-түсініктердің бірнеше ғасыр бойы қалыптасқанын, түп-тамыры арыда жатқанын ескерсек, Абай поэзиясы қоғамының дамуындағы бір елеулі кезеңді бейелеу арқылы халықтың тағдырын, ұлттық мінез-құлқын тарихи тұрғыдан кең арнада алып, қоғам көшінің, жеткен жерін ғана емес, өткен жолын да танытарлықтай етіп көрсете білді дегеніміз дұрыс болады. Ал қоғам өміріндегі көптеген адамгершілік, моральдық проблемалардың, мысалы, әділдік, бірлік, достық, еңбексүйгіштік, талаптылық, адалдық, солар қатар озбырлыққа, жауыздыққа, екіжүзділікке төзбеушілік секілді сан түрлі мінез-құлық мәселелері қай заманда да мәнін жоймайтындығын және қанша заман ауысып, уақыт, жағдай өзгерді дегенмен халықтың ұлттық ерекшеліктері, адамгершілік қасиеттері жаңғырып жаңаша сипат ала отырып, жалғастық тауып өрістеп, дами беретінін ескерсек, Абай поэзиясы кейінгі дәуірлердің, соның ішінде бүгінгі замандағы өмір шындығын танып-білуге үлкен себін тигізе алатынын мойындауымыз керек.
Олай болса, Абай творчествосын өз дәуірінің шеңберінде ғана қалатын, осы мағынада біз үшін тек тарихи маңызы бар, өткінші құбылыс деп санауға болмайды, ол – заман ауысып, уақыт озған сайын қоғамдық ой-санаға ықпал-әсері бар арта түсіп, өркендеп, дамып отыратын асыл мұра.
Тарихи принцип Абай творчествосының сол дәуірдегі қоғамдық өмірмен тамырластығын танып-білудің бірден-бір өажетті шарты екенін мойындай отырып, ақын шығармаларын бүгінгі оқырмандар қалай да өздерінің өмірге көқарасы, арман-мұраттарын жалғастыра, жанастыра қабылдайтынын және жоққа шығара алмаймыз.
Ақынның поэзиядағы өз тұлға-бейнесі арқылы біз оның өзі өмір сүрген заманды қалай танитынын, халықтың мүддесін, арман-тілегін қалай түсінетінін көреміз. Жинақтап айтқанда, осының бәрінен сол дәуірдегі қазақ өмірінің мол шындығын табамыз.
1886 жылы жазылған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңдерінде Абай замана жайын толғап, әр топтардың өкілдері, әр алуан адамдардың мінезі, іс-әрекетіне көз жібереді. Осы шығармаларындағы айрықша өзшелік – айту тәсіліндегі, стиліндегі қарапайымдылық болып табылады.
Абай поэзиясындағы бірнеше өзекті, маңызды тақырыптар түйісіп, шоғырланып келетін өлең – «Сегіз аяқ». Осы өлеңінде ақын елдің берекесін кетіріп, көзін аштырмай отырған бір-бірімен дауласу, қастасу, өтірік арыз беру секілді жаман әдеттер екенін нақтылап көрсетіп:
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың,
– деп өкініш білдіреді.
Елді бірлікке, татулыққа шақыру – өлеңнің ең бір күшті сарыны, «Біріңді, қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос,» деген үлкен қоғамдық мәні бар терең мағыналы түйінді ойын ақын ерекше тебіреніспен айтады.
Абай поэзиясындағы психологизм, әр түрлі адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, қандай жағдайда қандайлық әрекет ететінін ашып көрсету шеберлігі жағынан алғанда үздік шығармалар аз емес, дегенмен «Бөтен елде бар болса», «Сабырсыз, арсыз, еріншек» секілді өлеңдерді атауға болады. Қиын-қыстау жағдайда жалтарғыш, «бір сөз үшін жау болып, бір күн үшін дос болып» қырық құбылып жүретін адамдардың мінезін, іс-әрекетін ақын осы өлеңдерінде тап басып, нақтылы сипаттаған.
Абайдың табиғат лирикасы үлгісіндегі өлеңдерінде ақынның ой-сезімі, жан-дүниесі де терең ашылған. Ол өзінің шығармаларында жыл маусымдарына: қысты, күзді, көктем мен жазды қайталанбас, соны боялаурмен бейнелеп берді. Туған ел табиғатын сипаттауда оның суреткерлік шеберлігі айқын аңғарылады. Абай пейзажды адамның тұрмыс кешетін табиғи ортасы, мекен-жайы ретінде ала отырып, әлеуметтік өмірмен, қазақ халқының көшпелі тұрмысымен тығыз байланыстыра көрсетеді.
Табиғат лирикасының ішінде өзгелерден тақырыбы жағынан оқшаулау тұрған өлең- саятшылық өнерді өте көркем, келісті бейнелейтін «Қансонарда, бүркітші шығады аңға». Бұл өлеңінде Абай аңшының құс салып түлкі алуын түрлі түсті бояумен бейнелеген суреттегідей етіп айқын сипаттаған.
«Желсіз түнде жарық ай» дейтін өлеңінде ақын жазда өзен жағасына көшіп келіп қонып отырған мал баққан ауылдың өмір-тұрмысын шебер сипаттайды.
Қорыта келе, Абай поэзиясы, аудармалары, қара сөздерінің мағынасын терең бойлап ұғынып түсіне алсақ, өткен заманды, елдің жайын, халықтың тағдырын, ой-арманын тани аламыз. Және сол арқылы қазіргі заманды, кешегі мен бүгінгіні, келешегімізді де бағдарлаймыз.
Ығылова Асель Құрманғазықызы
педагогика ғылымдарының магистрі