«Рухани жаңғыру-2020»
Facebook-тегі Қазақстан халқы Ассамблеясының парақшасында Абай туралы «Әлемді аялаған сөз» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты ҚХА қамқорлығымен Абайдың 175 жылдығына арналған «Әлемді аялаған сөз. Қазақстан этностарының өкілдері Абай туралы» кітаптың тұсаукесерін 26 тамыз күні онлайн бойынша өткізді. Осы салтанатты шараға Атырау инженерлік-гуманитарлық институтынан бізге де қатысу мүмкіндігі туды.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, ҚХА аймақтық өкілдері, Абай туралы эссенің авторлары мен рецензенттері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар кітаптың мазмұнымен танысты, сондай-ақ қызыл лентаны кесудің салтанатты рәсімі өтті.
Қазақстан этнос өкілдері дайындаған Абай туралы «Әлемді аялаған сөз» атты кітаптың мақсаты – ұлы ақын мұрасын Қазақстан этностарының арасында кең көлемде насихаттау.
«Бұл жинақта Қазақстан этностары өкілдерінің Абай туралы эсселері бар. Абай – қазақтың ұлы ақыны және ойшылы. 2020 жылы біз Абайдың 175 жылдығын атап өтудеміз. Әлемдегі болып жатқан жағдайға қарамастан, мерейтой кең көлемде және жоғары деңгейде атап өтілуде. Қазақстан Президентінің бастамасымен 10 тамыз Абай күні болып жарияланды және мерекелер тізіміне енгізілді», – дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Болат Мажағұлов.
Оның айтуынша, осы мерейтой қарсаңында ғалымдар ұлы Абай шығармаларын зерттей бастаған.
«Ғылыми-поэзиялық байқау, фестивальдар өтіп, кітаптар шығарылды және ескерткіштер тұрғызылды. Абайды ұлықтау марафоны жалғасады. Абай мұрасы – біздің асыл қазынамыз. Бұл – Абай туралы ғана емес, баршаға ортақ Қазақстанның, баршаға ортақ мұраның болашағы туралы кітап», – деді Болат Мажағұлов.
Қазақстан Халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев кітаптың кіріспе сөзінде:
– Қазақтың ұлы ойшылының тағылымы мол ілімі мен білімі арысын айтқанда пайғамбардан, берісі түгел түркі жұртының пірі саналатын Қожа Ахмет Ясауи бабамыздан бастау алатыны ақиқат. Оның даналығы, терең ойшылдығы түріктің ақыны Юнус Эмремен, әзербайжан ақыны Несимимен үндеседі.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!!!» Кез-келген халықаралық ұйымның, әлем бедерінде бейбітшілікті насихаттаумен айналысатын дүние жүзіне ортақ қоғамдық мекемелердің айнымас девизі осы емес пе?! Абайды әлемге таныту барысында ақынның осы бағыттағы ой-пікірлерін Темірқазық етіп ұстансақ жаңылмаймыз деп ойлаймын. Абай күні, ақын мерейтойы және бірегей ғұламаның шығармашылық әлемі өз кезегінде көпэтностық халқымыздың жарасты ынтымағын арттырып, береке-бірлігімізді бекемдей түспек, – дейді.
Ал Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева алғы сөзде жинақтың маңызды бөлігі – біздің замандастарымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің мүшелері Абайдың құрметіне арнап жазған эсселердің түпнұсқасы екендігін айтады.
– Ұлы адам жайында жазылған шағын әңгімелер Ұлы Абайдың мұрасынан алған жеке әсер мен ұстаным еркін баяндалып, нақты әрі толық түсіндіруді талап етпейді. Өйткені олар жүректерінің қалауымен жазды. Олардың арасында тек ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері ғана емес, сонымен қатар біздің ортақ мұрамызды сақтау ісіне бей-жай қарамайтын белсенді өмірлік ұстанымы бар қарапайым адамдар да бар, – дейді Айда Ғалымқызы.
Аталған жинақ Қазақстан халқы Ассамблеясының тапсырысы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспарын орындау аясында жарық көріп отыр.
АИГИ Баспасөз қызметі.