Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында Қазақстан Республикасының негізгі Заңы – Конституция күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Институттың ректоры,Қазақстан республикасы ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Ерсайын Валитханұлы Ихсанов салтанатты жиынды ашып, ұжымды,барша профессор-оқытушылар құрамын мерекемен құттықтады. Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналғанын,. Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналатынын, бұл біздің Ата заңымыздың үлкен әлеуетін дәлелдейтінін айтып,баяндама жасауға институттың «Рухани жаңғыру « орталығының директоры Ермек Биғалиға .сөз берді.
Баяндамашы Ермек Аққалиұлы Конституция – кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат екенін айта отырып, қазақ билер институтының ерекшеліктеріне тоқталды. Еліміздегі белгілі заңгер ғалымдар Зиманов С.З., Сартаев С.С.және басқалар Ата заңды жасауға көп үлес қосқанын баяндады. 1995 ж. 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, 9 тарау және 98 баптан тұратын жаңа Ата заңын қабылдады, сөйтіп еліміз құқықтық өмірінде жасампаз жаңа дәуірге қадам басып, тәуелсіздігіміздің тірегі нығая түскенін жеткізді.
Мұны білуіміз керек. Қазақстанда Конституция тұңғыш рет 1924 жылы және одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары қабылданды. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Ол 4 бөлім, 21 тарау, 131 бап пен өтпелі кезең ережелерінен тұрды.
Қазақстанның БҰҰ, ТМД, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕурАзЭс сияқты ұйымдарға мүше болуы, осындай мақсаттарды сәтті жүзеге асырудың куәсі болып табылады. Халықаралық қауымдастықтың елімізге деген сенімі және оның үлкен экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ғылыми және саяси жетістіктерін мойындауы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу мүмкіндігінде айқын көрінгенін атап өтті баяндамашы.
Президенттің және Парламент депутаттарының мерзімдері мен өкілеттігіне қатысты өзгерістер 1998, 2007 және 2011 жылдары енгізілген болатын. Әсіресе 2007 жылы Конституцияға елеулі өзгерістер енгізілді, олардың ішінде барабар сайлау жүйесіне көшу де бар.
2017 жылғы наурызда «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен Парламент өкілеттілігін кеңейту – сондай түзетулердің бірі. Мысалы, 67-ші баптың 4-ші тармақшасына сәйкес, енді Премьер-Министр Үкімет қызметінің негізгі бағыттары мен оның барлық маңызды шешімдері туралы тек Президентке ғана баяндап қоймай, Парламентке де баяндайтын болды. 70-ші баптың 1-ші тармағының жаңа редакциясы бойынша Үкімет жаңадан сайланған Мәжіліс алдында өз өкілеттігін доғарады. 49-шы баптың 1-ші тармағының тұжырымы нақтылана түсті: Қазақстан Республикасының Парламенті заң шығару билігін жүзеге асырады (бұрынғы редакцияда Парламент заң шығару функцияларына ие болатын).
Қазақстан халықтары ассамблеясы ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат ұсыну мүмкіндігін алды. Осылайша, халық, Парламент, Президент, Үкімет және биліктің басқа да мемлекеттік органдары «қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, экономикалық даму, патриотизм» жолында бірлескен жұмысты атқарады. Сондай-ақ Қазақстанның бірінші президентіне “Елбасы” мәртебесі берілді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, президент құзырындағы министрлер кабинетін жасақтау және олардың жұмыстарын қадағалау жұмыстары парламентке берілді. Үкіметтің де, парламенттің де жауапкершілігі арта түсті.
Мерекелік іс-шаралар қарбаласында, Конституция күні түрлі ойын-сауық шараларына толы жай ғана демалыс емес, ол біздің бейбітшілігіміз бен тыныштығымыздың,еліміздің тәуелсіздігінің кепілі екенін естен шығармайық, ағайын. Мереке құтты болсын!
Жаңа оқу жылы басталуына дайындық мәселесі де салтанатты жиын соңынан кеңінен талқыланды.
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры,Қазақстан ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ерсайын Ихсанов ҚР БҒМ тапсырмасына сәйкес, білім ордасы дәстүрлі форматта білім беру үшін алдағы басты міндеттерді. Институтта жаңа оқу жылына дайындық алгоритмі әзірленіп, ғимараттар мен жатақханалар санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша жабдықталуды толық аяқтауды тапсырды.
Институттың оқу-әдістемелік жұмыстар бойынша проректоры,профессор Жамиля Садыққызы Хасанова жаңа оқу жылының ерекшеліктері туралы жан-жақты айтып берді. Биыл оқытудың аралас нысанына жол беріледі, атап айтқанда: дәрістер-онлайн; санитариялық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, қолданбалы сипаттағы семинар, зертханалық және практикалық сабақтар күндізгі форматта өткізіледі.
Жоғары оқу орнының дәстүрлі форматқа оралуына және оқу процесін оффлайн режимде іске қосу алғышарттарының бірі – Ashyq жүйесінің енгізілуі.Оқу корпустарында, жатақханаларда және инситут аумағында ЭТҚ-ны қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды (қызметкерлер мен білім алушыларды күнделікті термометриялау, кварцтау, дезинфекциялау және т.б.). Жаңа оқу жылын ұйымшылдықпен бастап,білім алушыларды жарқын қабылдауда профессор-оқытушылар құрамының міндеттері тиянақталды.
АИГИ Баспасөз қызметі.