Атырау инженерлік-гуманитарлық институты қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық және ғұлама философ, ғалым,әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларына орай «ҰЛЫ БАБАЛАР МҰРАСЫ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ» атты онлайн-семинар өткізді.
Онлайн-семинар ZOOM платформасында өтіп,оған профессор-оқытушылар құрамы мен бөлімдер қызметкерлері,студенттер қатысты.
Онлайн-семинардың мақсаты: әлем таныған ойшыл-ғалым қандасымыз Әл-Фарабидің және Ұлы ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың өмірбаянымен, шығармашылығымен жақын танысуға, оның ғылыми-әдеби мол мұраларын ой-електен өткізіп, тарихы мен тағылымын, маңызын өскелең ұрпаққа ашып көрсете отырып, бүгінгі ұрпақ үшін өнеге екенін насихаттау, өзара,еркін пікір алмасу болды.
Семинарды Атырау инженерлік гуманитарлық институтының «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Ермек Биғали ашып, «Өлмейтұғын артына өсиет қалдырған екі ғұламаның үндестігі» тақырыбында баяндама жасады.
«Хакім Абайдың өз заманынан әлденеше ғасыр бұрын ғұмыр кешкен ғұлама-философтар еңбектерімен біршама білісті болғанын алдымен әйгілейтін жазбасы – «Қара сөздеріндегі» жиырма жетінші сөзі. Міне, осында ол хакім Сократ туралы айтады. Сократтың даналығынан хабардар етеді. Демек, ұлы философ Сократ және оның тұстастары жайлы әбден құлағдар, тіпті, еңбектерімен таныс болған деуге негіз бар.
Тек бұл ғана емес, «Отыз жетінші сөзінде» мынадай дерек келтірген: «Сократқа у ішкізген, Ионна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан… кім?..» дейді. Ендеше, хакім Абайдың білім деңгейінің кемелдігіне осы деректер де мол дәлел»,-деді Е.А.Биғали.
«Абайдың екі бірдей көлемді поэзиялық еңбегі «Масғұт» пен «Әзімнің әңгімесінің» басталуында Бағдат шаһары еске алынды. Тағы бірқатар өлеңдерінде Әбу Насырдың қозғап өткен ойлары тереңдетіліп баян болады.
Мұны әсіресе Әбу Насырдың бірқатар трактаттары мен Абайдың ғақлияларынан («Қара сөздерінен») байқау еш қиын емес. Жалпы, хакім Абайдың өлеңнен қалт еткенде қара сөзге бет бұруы – Әбу Насыр бабасының рухани мұраларымен танысудан бастау алып жатқан секілді.
Әбу Насыр өзінің «Ғылымның шығуы туралы» трактатында «Ғаламның көркі – оның иесін танудың жолы» екенін тайға таңба басқандай етіп, нақтылап жазып кеткен. Ал, хакім Абай «Қара сөздерінде» осы бағытта ой толғай келе «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» деп, одан сайын толықтырады. Болмаса, Әбу Насыр «Әр адамның ғаламда өз орны бар» деп, кісінің тіршіліктегі жолын көрсеткен. Абай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» демеуші ме еді! Ой ұқсастығы байқалады.
Ұлы Абайдың:
– Қызмет қылып, мал таппай,
Ғылым оқып, ой таппай,
Құр үйінде жатады… – деген жыр жолдарын, ойлап қарасаңыз, Х ғасыр ғұламасы Әбу Насырдың жазба мұраларынан да сүзіп алу қиын емес. Ол жазады:
«Шын беріле қызықтаған нәрсе ғана адамның жүрегінен орын алады» дейді.
Әбу Насыр жазады: «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы – жақсы мінез-құлыққа байланысты…».
Абай жазады:
«Жамандықты кім көрмейді
Үмітін үзбек – қайратсыздық…»
Әбу Насыр мен Абайдың тіршілік туралы, табиғат туралы ойлары да сәйкес келіп жатады. Сүйіспеншілік, ашықтық жайлы толғаныстары да үндесе кетіп, бір-біріне қиюласып отырады. Әсіресе, қоғам мен адам арасындағы қарым-қатынас жайы да екі ойшылдың ойларын түйістіріп жатқаны анық.
Жалпы Абайдың алғашқы ұстаздарының алдыңғы тобында Әбу Насыр әл-Фараби бабасы тұрғаны даусыз»-деді АИГИ «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі.
Атырау инженерлік гуманитарлық институтың «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының докторанты Гүлфайрус Бозахаева «Әл-Фарабидің философиялық және эстетикалық көзқарастары» тақырыбында баяндама жасады.
«Әл-Фараби антиканың мол мұрасын, әсіресе, көне гректің Платон мен Аристотель секілді классик ойшылдарының философиялық көзқарастарын араб-мұсылман мәдениетіне енгізумен қатар, ислам мен антиканың идеяларына синтез жасауды іске асырды. Ол өз заманының рухани шамшырағы болды. Өз дәуірінің барлық сауалдарына жауап табуға тырысты. Бұл ізденістер арғы-бергі бүкіладамзаттық рухани ізденістермен сабақтасып жатқандықтан еш уақытта өз мәнін жоймақ емес. Әлемдік философия мен ғылымның дамуында, Батыс пен Шығыстың диалогында өзіне тиесілі рөлін атқара береді.
Әл-Фарабидің философиялық мұрасы аса іргелі әрі метафизикалық күрделі тақырыптарды барынша жан-жақты қамтиды. Бұлар – Алла мен ғалам, субстанция мен оның атрибуттары, қозғалыс пен тыныштық, уақыт пен мәңгілік секілді ұғымдардың өзара қатысы туралы мәселелер»,-деді Гүлфайрус Кенжегалиқызы.
Атырау инженерлік гуманитарлық институтының «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының магистры, АИГИ колледжі директоры Мақсат Усербаева «Абай шығармаларындағы жастар тәрбиесі» туралы нақты мысалдармен баяндады.
«Абайдың биік таныммен көмкерілген ой-өрнектері, терең гуманистік идеяға, жоғары эстетикалық философияға құрылған әдеби мұрасы қазақ халқының ғана емес, түркі әлемінің, одан әрі адамзаттың асыл қазынасы десек те болады. Оның даналығы – үлкен ірі философиялық мәселелерді шешуде, жаны таза, эстетикалық талғамы жоғары образды сомдауда, соның алғышарт¬тарын көрсетуде алдына жан салмас шеберлікке қол жеткізуі.
Абайдың пайымдауында адамның бойындағы барша ізгіліктің басы отбасынан басталады. Ақын отбасында ата-анадан алынатын тәрбиені өте жоғары бағалаған. Сондықтан да өмірге келген әр адамды адалдыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке, сұлулыққа апарар жол ананың сүтінен, ата-ананың пәрменді үлгісінен тамыр тартады деген ой¬дың желісі Абай өлеңдерінде айқын аңғарылады»-деді Мақсат Кемалқызы.
Атырау инженерлік гуманитарлық институтының «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының магистры Әсел Ығылова «Абай шығармашылығы – қазақ руханиятының тарихи көрінісі» тақырыбында баяндады. Ал «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Мафруза Матжанова «Абай Құнанбаев және орыс әдебиеті» тақырыбында әңгімеледі.
« Орыс әдебиетіне зер салғанда, Абайдың назары алдымен Пушкинге ауғаны тегін емес. Пушкин орыс әдебиетіндегі жаңа дәуірдің, қоғамдық мазмұны, тақырып-идеялары мен көркемдік сапасы мүлде жаңа классикалық әдебиеттің басы болды. Ол қоғамдық ой-өрісі, дүниетанымы, тарихи мақсат-нысанасы, эстетикалық көркемдік жүйесі – барлық сипат-қасиеттері өзгеше сөз өнерін қалыптастырды, орыс әдебиетінде реализм әдісін берік орнықтырды.
Абайдың Крыловтан алған үлгісі Абай поэзиясын мазмұн, идея, түр жағынан онан сайын тереңдетіп, байытып, сатиралық сарынды күшейтіп, қазақ әдебиетінің реалистік даму жолын кеңейте түседі.
ХІХ ғасырдағы Пушкин бастаған орыстың ұлы ақындарының ішінде Абайдың шексіз сүйген және өлеңдерін көп аударған ақынның бірі – М.Лермонтов болды»,-деді Мафруза Ахметжанқызы.
Институттың орталық кітапханасы «Абай мұрасы-халық қазынасы» атты виртуалды көрме ұйымдастырып,оның директоры Сәния Ниғметуллина ұлы бабалар Әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының ғұмыры мен мол мұралары туралы шолу жасады.
Онлайн семинарда АИГИ-дің «Экономика және кеден ісі» кафедрасы меңгерушісі,ақын Алмас Садықов Абай шығармаларының маңызы туралы айтып, ұлы ақынға арнаған өзінің жүрегінен шыққан жырларын оқып берді.
Семинар жұмысын институттың оқу-әдістемелік жұмыстар бойынша проректоры Жамиля Хасанова сөйлеп,білім мен ғылымның қайнар көзі іспеттес болған ұлы бабаларымыз Әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының мол мұраларын жас ұрпаққа жеткізе білу керектігін, ол үшін әр кафедраға үлкен міндет жүктелетінін, институттағы жас ғалымдар қоғамы,клубтар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданулары, осы тақырыптарда студенттер арасында олимпиадалар,челендждер ұйымдастыруымыз қажеттігін айтты.
Институттың ғылым,халықаралық байланыстар бойынша проректоры Ақылбек Ахметов сөйлеп, білім ордасында қашықтан оқыту технологиясы жақсы игерілгенін айтты. Білім алушылар да профессор-оқытушылар құрамы да қалыпты жағдайда жұмыс жасап,бүгінгі семинарға онлайн жағдайында бір күн бойы қатысып, ұлтымыздың ұлы тұлғалары туралы жан-жақты талдау әңгімелер айтылғанын жеткізді.
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының Баспасөз қызметі