1 ЖЕЛТОҚСАН – ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІ

ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫНЫҢ ҰЛАҒАТЫ

1 – желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. 2011 жылдың 10 желтоқсаны күні ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Заң 1 желтоқсанда аталып өтілетін – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күнін белгілеген еді. Өйткені 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақ елі өзінің тұңғыш Президентін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлады. Осыған орай аталған Заңның қабылдануы арқылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Республикаға сіңірген  зор еңбегі танылған болатын. Осынау айтулы күнге орай 2020 жылдың 30 қарашасы күні Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында «Рухани жаңғыру» орталығы, Жастар саясаты комитеті , «Тіл және әдебиет мұғалімдерін дайындау» кафедрасы ұйымдастыруымен «Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: ӘЛЕМДІК ҒЫЛЫМҒА АШЫЛҒАН ЖОЛ» тақырыбында онлайн-конференция өтті.
Конференцияны Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры,Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Е.У.Ихсанов ашып, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан санаулы жылдарда әлемдік аренада танымал мемлекетке айналып, өзіндік құрметке ие болғанын, бұрын бізге мүлдем жат болып көрінген нарықтық қатынастардың тұңғиық иірімдеріне түсіріп, небір алпауыт елдердің жаhандық үрдістегі ықпалының арасынан экономикалық дамудағы өз жолымызды тауып, береке-бірлігімізді сақтай білу, Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып,бүкіл әлемге танылудың сындарлы кезеңдерінен өтіп, бүгінгідей өркендеп келе жатқан мемлекетке айналудағы еңбектері туралы айтты.
АИГИ Әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаменті директоры,конференция модераторы болған Б.Қ.Қарабаев ел ішіндегі тыныштық пен бірлігімізді басты орынға қойған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау, халықаралық деңгейдегі  шиеленістер мен жанжалдарды келіссөздер арқылы реттеу және қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы форумдар құру сияқты әлем тарихында маңызды орын алатын тың бастамаларымен ерекше танылғанын, сырт елдерге беделді, ұлтымыздың көшбасшы тұлғасына айналғанын атап көрсетті. Нұрсұлтан Әбішұлының әр жылдардағы биік белестер мен нақты істерге халықты жұмылдырған Жолдауларымен қатар, «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен «Мәңгілік ел» жобасы аясында көптеген өзекті бағдарламалар өмірге келіп, даму жолымен алға ұмтылуымызға айрықша серпін бергенін айтты.
АИГИ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі,филология ғылымдары кандидаты А. З. Кенжеғарина « Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы және Нұрсұлтан Назарбаев» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы: «Тұңғыш Президент құрған Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды роль атқарды.Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі әлемдегі ең табысты жобалардың бірі болып танылды»,- деді.

Институт кітапханасы директоры С. Қ. Ниғматуллина «Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік озық білімге жол ашқан адам» тақырыбында баядады. ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы– «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы гуманитарлық білім саласына айтарлықтай жаңа өзгеріс әкелгенін,себебі, әлемнің ең үздік деген университеттері оқулықтарын қазақ тіліне аудару тіл тұғырын биіктету деп түсінетінін айтты.
-Тұңғыш Президентіміздің осы «Гуманитарлық білім:100 жаңа оқулық» жобасын 1000 кітапқа жеткізбей тоқтамауын өтінген болар едім. Себебі Елбасының игі бастамасы 100 жаңа оқулық жобасы жалғасын тауып, жастардың ғылыми-ізденісі мен білім алуына кең жол ашады деген үлкен сенімдемін,-деді С.Ниғматуллина.
«Тіл және әдебиет мұғалімдерін дайындау» кафедрасының аға оқытушысы,Г.Б. Ақмұрзиева «Рухани жаңғыру как программа духовного возраждения» тақырыбында айтты. Ал «Жалпы білім беру пәндері»кафедрасы аға оқытушысы,магистр Г.К. Бозахаева, «Болашақ біліміне қарай нақты қадам» тақырыбында баяндап берді. 1 курс студенті А.Айткалиева Тұңғыш Президенттің «100 жаңа оқулық» жобасының студенттер үшін пайдасы туралы айтты.
Онлайн конференцияны Атырау инженерлік-гуманитарлық институты ректорының кеңесшісі, Педагогика ғылымдарының докторы,профессор Ж.С.Хасанова қорытындылады. Ол институттағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мен «Рухани жаңғыру» орталығы «Тұңғыш Президент жолымен» жобасы бойынша өткен жылдан бері бірқатар насихаттық-тәрбиелік іс-шаралар жүзеге асырылып келе жатқанын айтты.
«Нұрсұлтан Әбішұлының еңбек жолы шын мәнінде жастарға үлгі болуға тиіс. Оның «Гуманитарлық білім:100 жаңа оқулық» жобасының өзі үлкен ерлік іс. Оның пайдасы ұшан- теңіз екеніне біз көз жеткізіп отырмыз. Институтымызға аударылған кітаптардың 2 партиясы келді,енді 3-і партиясына тапсырыс жібердік. Бұл кітаптардың электронды нұсқалары да бар,оқуға өте ыңғайлы. Профессор-оқытушыларымыз,студенттеріміз пайдаланып жатыр .Жалпы ,Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы қалай айтсақ та,қалай мақтансақ та болады,бұл елдің бағына біткен кемеңгер,ұлы тұлға! Біз оны жас ұрпақ санасына сіңіруіміз керек,тәрбие-насихаттық шаралар мен челендждерді тиімді өткізуіміз керек,- деді проофессор Жамиля Садыққызы.
Онлайн-конференция соңында қатысушылар пікірлерін,ұсыныс-тілектерін айтты.
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының Баспасөз қызметі.