ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ:«АБАЙ және ХХI ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН»
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында алаштың ұлы ойшылы, композитор,философ, саясаткер, ағартушы,қазақтың реалистік жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған профессор-оқытушылар құрамы мен бөлімдер қызметкерлері , білім алушылардың қатысуымен «дөңгелек үстел» басындағы әңгіме –сұхбат мәслихаты өтті.– Елімізде алаштың бас ақыны Абай мерейтойы 21 қаңтардан басталды. Ұлы ақынның мерейтойы биыл ЮНЕСКО мен әлем елдерінде тойланады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында Абайдың -175 және Әл-Фарабидің-1150 жылдығын әлемдік деңгейде тойлауды ұйымдастыру,оның жастарға ғибрат берерлік болуы керектігін атап айтты . Абай тойын біздің АИГИ де өткен жылы Мемлекет басшысы Жарлығы шыққаннан кейін ақ бастаған болатын. Содан бері институтта оқу-тәрбие жұмыстары процестерінде ақын өмірі мен шығармашылығы,ғибратты өсиеттері,философиялық ой-толғамдары әр қырынан оқытылып,талқыланып келеді. Міне бүгін Мемлекет басшысының «Абай және ХХ1 ғасырдағы Қазақстан» бағдарламалық мақаласын талқылауға жиналдық,-деді «дөңгелек үстел» басындағы мәслихатты бастап ашқан институттың ғылым және халықаралық байланыстар бойынша проректоры,профессор Ақылбек Қабиұлы АХМЕТОВ.
– Бүгінгі таңда ХХІ ғасырдағы алаш ұлтының келбеті қандай болуы керек , біз не болып барамыз, ұрпаққа берер тәрбиеміз қалай,жастарымыз қандай болуы керек деген сауалдар баршамызды қатты мазалайтыны аян. Осы сұрақтарға жауапты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХ1 ғасырдағы Қазақстан» мақаласынан табамыз,-деген проректор АҚЫЛБЕК ҚАБИҰЛЫ қатысушыларды еркін әңгімеге шақырды.
Институттың «Рухани жаңғыру» орталығы директоры Ермек БИҒАЛИ «Қазақты сақтап қалған ұлы тұлға» тақырыбында баяндады.
– Ел Президентінің Абайға ерекше назар аударғанында үлкен мән бар. «Өмір үлкен көл, замана соққан жел»,- деген ойшыл Абай. Уақыт өткен сайын Абайды кезең-кезеңмен танып келеміз. Абайға әрқашан жаңа тұрғыдан оралып келіп отырамыз. Биыл елде басталган 175 жылдық мерейтой өзгеше өтетіні белгілі,-деді Ермек АҚҚАЛИҰЛЫ.
– Ұлы Абайдың бізге өсиет етіп кеткен дүниесі осы Қазақ елінің еркіндігі, халықтың бостандығы екені айқын. Сондықтан ұлы ақын Абай біздің ұлттық болмысымыздың үлкен биігі, біз Абайды жаңаша тануымыз керек және оны жас ұрпаққа жаңаша түсіндіру қажет. Біз Абай көрсеткен ұлы жолдан, Абай көрсеткен адамгершілік, ұлттық нысанадан ауытқымауымыз керек.Сонда біздің Қазақ елі көп ілгері дамиды,өркендейді.Ол үшін Абайды терең зерттеп, түсіну,оқу керек екені аян.
Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге,ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Абай ескі жыраулар поэзиясынан кейін қазақ даласына еуропашыл, жаңа лепті әкелген, қазіргі поэзияның темірқазығына айналған ақын.
Даналықтың өлшемі бола білген философ-ақынның рухани мұрасы шын мәнісінде, казақ халқының зерделі ойы мен өмірі тұрғысындағы энциклопедия секілді. Абайды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі казақ қоғамының экономикалық, саяси, кұкықтық, отбасылық, мәдени-тарихи, моральдық хал-жайынан айқын да толык мағлұматтар алуға болады.
«Абай ХІХ ғасырдың соңында жарға құлауға шақ қалған халықты құтқаруға жан дүниесімен кірісті. Ұлы дала мәдениеті күйреудің алдында тұрған кезеңде одан шығар жол іздеді. Абай көшпенді өркениеттің соңы еді. Абай бергі замандағы отаршылдықты, ашаршылықты, тіптен Арал қасіретін сезген Асанқайғыдай зар-заман өкілдерінің еңбектерін таныды.
Ұлы дала мәдениетіне қауіп төнген тұста өзінің өршіл, рухшыл, шыншыл, батыл шығармалары арқылы халқының кемшілігін сынады, мінеді, сабап та алды. Ол тығырықтан шығар жол іздей отырып, елін-жұртын мәдени күйреуден аман алып қалды. ХХ ғасырда жүректі, саналы ғалымдар, қаламгерлер, яғни Алаш қайраткерлері Абайды көсем тұтты әрі ұлы ойшылдың мұрасын елдің бостандығы мен келешегіне пайдаланды.
Мемлекет басшысы мақаласында Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған “Абай” журналына ел тарапынан қолдау көрсету қажеттігін айтты. Кезінде Алаш қайраткерлерінің бірі Әлихан Бөкейхановтың ұлы ақынның үйінде жиі болуы, оның шығармаларымен танысып, кітабын шығаруы Абай мен кейінгі буын көзқарастарында рухани сабақтастық байқалады.
Жалпы Әлихан Бөкейханов Абай мен Шәкәрімді төл ұстазы санаған.Олардан көп нәрсені үйренген,Санкт-Питербургтің Орман шаруашылығы институтын бітіргенде Әлихан бабамыз 9 тіл білген.Ғылым кандидаты атанып шыққан.Мұның бәріне Абайдан алған ғибраты мол әсер етті деп айту ләзім,-деді «Рухани жаңғыру» орталығы жетекшісі Е.А.БИҒАЛИ.
– Мәдениеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әуезов : «Абай қазақты сақтап қалған ұлы тұлға десек қателеспейміз. Қазақ халқы басынан қаншама нәубетті кешірді. Халқының келешегі үшін ұлы күреске ағартушылық жолмен келді. Осы тұста бауырлас жоңғарлар неге жойылып кетті деген сауал туындайды? Өйткені олардың Абайдай ұлы тұлғасы болған жоқ. Сондықтан да бүгінгі күні Абайды аударылған парақ ретінде емес, әлі де терең зерттелетін әлем ретінде қарастыруымыз қажет»,-деп атап көрсетуі де тегін емес.-деді Е.А.БИҒАЛИ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы рухани кеңістігімізге, мәдени өмірімізге серпін беретін, терең ой салатын жүйелі түрде жазылған құнды дүние. Абай кім, қандай тұлға болған, ғұламаның тарихымызда алатын орны қандай? Абай мұрасының қандай тұстары өмірімізге ерекше қажет, оны қалай зерттеп білеміз? Міне, осындай келелі ой салатын мақала Абайды жаңа қырынан тануды уақыт қажет етіп отыр.Бұл орайда біздің АИГИ институты ғалымдары, студенттері Абай тақырыбын зерттеуде шет қалмайды деп есептеймін.
Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы елде нәтижелі жүзеге асуда. Алаштың мәдени мұралары түгенделіп, санамыз рухани жағынан жаңарып,тарихымыздың көлеңкелі тұстарын терең де тағлымды зерттеп,аша бастадық. Ұлы Абай мен оның мұралары осы санғасырлық тарихымыздың жалғасы. Нағыз Рухани жаңғыру Абай мұрасында деп түсіну керек,-деді Ермек АҚҚАЛИҰЛЫ.
– Ұлы ақынымыз Абай-ұлттың мерейі,оның мерейтойы әлемдік деңгейде тойлануы-ұлтымыздың үлкен бақыты,-деді «Абайды жаңаша түсінудің жаңа әліппесі» тақырыбында сөз алған Инженерлік-техникалық пәндер кафедрасы меңгерушісі,геология-минералогия ғылымдарының докторы,профессор,Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,ақын НӘСІПҚАЛИ СЕЙІТОВ.
– Президент «Абай және ХХ1 ғасырдағы Қазақстан» мақаласында 6 мәселені қозғады. Оның бәрі де өзекті тақырып. Абайдың философиялық мақсат-мұраттарының біразы биылғы мерейтойына арналған бағдарламаларға енгізіліп, жоспарларға кіргізіліп, қолға алынып жатыр. Жалпы, ол кісінің лирикасы, поэзиясы балабақшадан бастап оқытылуы керек деген идеяға толық қосыламын.
Осы уақытқа дейін «бізде ұлттық идеология жоқ» деп келдік. Негізінде біздің ұлттық идеологиямыздың ең басты құрамдас бөлігі осы Абайдың асыл мұраларында тұнып тұр. Абайдың «толық адам» деген ұғымы кемел адам деген мағына береді. Шынын айтқанда оның осы ұмтылыстары келешекте ұлттың, халықтың кемелденуіне алып келеді. Қай уақытта да кемшіліксіз адам болмайды. Бірақ, адамның ішкі дүниесін, жүрегін, көңілін, сезімін, ойын асыл арнаға, ізгілікті арнаға бұруы дейтін мұратты қолға алып жатқанымыз қуантады. Кейде кештеу де ойлап қаласың. Дегенмен, ештен кеш жақсы. Абай мұрасы, шығармалары еш уақытта ескірмейді», – деді Нәсіпқали СЕЙІТҰЛЫ.
Мемлекет басшысы көтеріп отырған осы алты мәселе-білім,тіл,халықтың билікке деген құрметі,қазақтың болмысы,толық,яғни кемел адам,дін тақырыптары Абай дәуірінде де қазіргі заманда да актуальды болып отыр. Сол кезде ақ Абай болашақты меңзегенін аңғарамыз.Осыдан нәтиже жасауымыз керек,-деді профессор Нәсіпқали СЕЙІТҰЛЫ.
«Қазақ халқы-Абайдың халқы»,осындай тақырыпта шетел тілдері кафедрасы меңгерушісі,PhD докторы НҰРАЙНА МЕЛІСҚЫЗЫ ҚАҚПАНБАЕВА баяндады. Ол қазаққа әлем әдебиетінің жұлдыздарын танытқан,қазақты да олардың білуіне жол салған ұлы ақын Абай туралы талдап айтты.
– Абай орыс тілін тамаша меңгерді. Мұның өзі оның орыс ақыны М. Лермонтовтың біркатар өлеңін қазақ тіліне аударуына мүмкіндік берді. А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанының үзінділерін қазақы ұғымда жатық етіп еркін аударды. Абайдың Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды. И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударумен де айналысты. Қазақтар ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі Ә. Бөкейханов өзінің қырғыз даласындағы әртүрлі уездерде болған кезінде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерін жақсы білетініне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткізіп қайтқанын жазады. Орыс тілінен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетін байыта түсті. Абай орыстың ұлы акындарының 50-ден астам өлеңін қазақ тіліне аударды,-деді Н.М.ҚАҚПАНБАЕВА.
Батыс классиктері Шиллер, Гете, Байрон, А. Мицкевичтің кейбір өлеңдерін Абай Құнанбаевтың алғаш рет қазақ тіліне аударуы халқымыздың рухани тарихында маңызды құбылыс болды. Жарқылдаған романтикаға толы, игілік пен сұлулықты, сүйіспеншілік пен сенімді паш ететін Шиллердің ғажайып жарқын поэзиясы абзал адамгершілікті, шындықты, әділет идеяларын аңсаған барлық адамдар сияқты Абайды да қатты қызықтырған. Шиллер шығармаларымен Абай орыс ақындарының, көбіне-көп Лермонтов аудармалары арқылы танысты.
Біз институтымызда шетел тілдері кафедрасында Абай өлеңдерін шет тілдерде,яғни неміс,ағылшын,француз,т.б. тілдерде студенттердің оқып,жатқа айтына жұмыстанып жатырмыз.Осы тақырыпта бірқатар ашық сабақтар мен байқаулар өткізуді ұлы ақын Абай мерейтойы шаралары аясында ұйымдастырмақпыз,-деді кафедра жетекшісі Н.М.ҚАҚПАНБАЕВА.
«Ұлттық болмыстың үлгісі-Абай» тақырыбында Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы аға оқытушысы,магистр ГҮЛФАЙРУС КЕНЖЕҒАЛИҚЫЗЫ БОЗАХАЕВА әңгімеледі.
Спикер Ұлы ақынның ұлағатты өсиеттері мен философиялық ой-тұжырымдары қазіргі заманмен қалай астасып жатқаны туралы саралап берді.
Институттың құрылыс мамандығының бірінші курс студенті АМАНЖАН ӘДІЛОВ Абайдың «Қалың елім қазағым,қайран жұртым» өлеңін мәнерлеп оқып, челенджін бастады.
«Киелі мекен кереметтері: Абай туған жердің асылдары мен ақиқаттары» туралы институттың ЦИНиИЛ орталығы директоры,профессор,Семейдің тумасы МҰРАТ ЛИКАРОВ тебірене әңгімеледі.
– Абай өз заманында көтерген толғақты мәселелер қазіргі ХХ1 ғасырда да актуальдылығын,мәнін жойған жоқ,-деді ол.-Небәрі 59 жас өмір Абай ал,қандай ұлағат қалдырды артына, таң қалмай көріңіздер! Тіл үйреніңіздер,ғылымға ұмтылайық,жалқау болмайық,тағы басқалары қазір де өткір тұрған жайлар…Қазақ балаларының қазірде кейбір жағымсыз әдеттерін көргенде қынжыласың…
« Абай-біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс!»- деді Тұңғыш Президент,Елбасы Н.Назарбаев осыдан бірнеше жыл бұрын. Өте көрегендікпен айтылған сөз.Сондықтан біз ұлы Абайдың өсиеттерін бойтұмарымыз етіп дәріптеуіміз керек, сонымен өмір сүруіміз қажет,-деді профессор Мұрат ЛИКАРҰЛЫ.
Абай өлеңдері челенджінің жалғасы ретінде «ЖЕЛСІЗ ТҮНДЕ ЖАРЫҚ АЙ…» әнін «дөңгелек үстел» қонағы ,Дина Нұрпейісова атындағы музыка академиясы колледжінің студенті ҚОЛҚАНАТ ЕСІМҒАЛИ айтып, барша қатысушылар қоштауына жалғасты.
Өркениетті елдің руханияты әрдайым алдыңғы орында болу керек. Ұлттық мінез , ұлттық кодымыз осы Абай шығармаларында екендігі «дәңгелек үстел» басындағы әңгімеде кең айтылды. Ал оны сақтаған халықтың әлем алдындағы беделі де үстем, жігері де мықты, талабы да таудай болып, енді өніп жатқан жас бұтақтай бүр жарары сөзсіз.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп ұлы бабамыз Абай келер ұрпаққа ақылын айтып қалдырған. Ендеше бақытың кілті, өмірдің мақсаты неде деп қиналмай, Ұлы Абайдың ізімен алға басайық. «Сен де бір кірпіш, Дүниеге кетігін тап та, бар қалан» деп өмірден өз орнымызды табайық.
Абайдың 175 жылдығына орай институтта алдағы уақытта да осында мазмұнды әртүрлі деңгейдегі шаралар өтпекші.
Ермек Биғали,
АИГИ Баспасөз қызметі.