АИГИ:Алаш тағылымы-ақтаңдақтар ақиқаты

АИГИ:Алаш тағылымы-ақтаңдақтар ақиқаты
ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ҰМЫТЫЛМАС ҚАСЫРЕТ

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстандағы ашаршылық: халық қасыреті және тарих тағылымы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өттіОған институттың профессор оқытушылары,бөлімдер мен орталықтары қызметкерлері,студенттер карантиндік тәртіпті сақтай отырып қатысты. Конференция сондай-ақ ZOOM форматында онлайн бойынша да таратылды.

Конференцияны « Қазақстандағы зобалаң жылдар зұлматы» туралы Атырау инженерлік-гуманитарлық институты ректоры,Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті Ихсанов Ерсайын Уалитханұлы сөз сөйлеп ашты.

«Қазақ халқы өзінің тарихында небір қиындықтар мен қасыреттерді басынан өткерді,аштықты да,қуғын-сүргінді де,соғыстарды да өткерді. Бірақ мойымады, бәрін де жеңе білді. Соның арқасында ата-бабаларымыз бізге осындай ұлан-ғайыр ұлы даланы қалдырды, жаңа мемлекетті құрдық. Дүние жүзінде жер көлемі жөніне үшінші орын алады Қазақ елі,бұл үлкен байлық. Профессор-оқытушыларымыз Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы шараларға белсене қатыса отырып,жастарға патриоттық тәрбие беру,жаңаша қоғамдық сананы қалыптастыруға белсене қатысулары
тиіс»,-деді ректор Ерсайын Уалитханұлы.

«Қазақстандағы ашаршылық:халық қасыреті және тарих тағылымы»- тақырыбында Әлеуметтік және тәрбие жөніндегі проректор Қарабаев Бақберген Қасымұлы баяндама жасап,жан-жакты талдау жасады. «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып,тірі қалғаны жан сауғалап,босып кетуге мәжбүр еткен ашаршылықтың алғашқы кезеңі-1921-22 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті.Сол зұламаттың кесірінен қырылып қалмағанда,халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді.

Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді.Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ.Ала-құла деректер және оның себеп салдары жайлы әр-түрлі көзқарастар қоғамды адастырады.Тиісті тарихи құжаттарды,жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек»,- деді проректор Бақберген Қасымұлы.

Баяндамашы айтқандай Қазақстандағы 1930-33 ашаршылық жылдары орын алған апатта 1,5 млн. адам,жалпы халықтың бір ширегі опат болып,113000 адам елден қашып кеткен.(Қ.Р.Президені мұрағаты).Әлемнің бұл қазақ трагедиясы жайлы хабар өте аз немесе мүлдем жоқ деп айтуға болады,болған күннің өзінде де,ол апаттың себеп- салдарлары жайлы теріс түсініктер беріліп жүр.

Қазыналы мекен-Атырау облысының 1920 жылдардағы тарихи парақтарын ақтарсақ азамат соғысы шарпыған,өлке шаруашылығы әбден күйзелген болатын.Сол жылы Орал губерниясында,1916 жылға қарғанда,мал басы 4 миллионнан 1 миллионға,егістік алаңы 60%-ға,балық аулау 1600 000 пұттан,429 292 пұтқа төмендеген.Ал халық санағына келер болсақ,1916 жылы,Гурьев уезінде 162 125 адам тіркелсе,1920 жылғы санақ бойынша 31,8%-ға кеміген.

Экономикалық құлдырау мен халық санының осыншама кемуі,елдегі төңкерістер мен соғыстардың әсері екені сөзсіз.1920 жылдары елде қалыптасқан ауыртпалықты жағдай мұнайлы ауданға,Батыс Қазақстанға өз әсерін тигізді.Зерттеушілер М.Асылбеков,А.Ғалиев өз еңбектерінде Қазақстанның халық санындағы өзгерістерге,Азамат соғысының зардаптары және 1921 жылғы жұт,Кеңестік биліктің шаруалардан азық-түлік үшін малын тартып алуы ерекше әсер етті,-деді проректор Б.Қ.Қарабаев

«Причины и социальные последствия политики правительства Казахстана в 30- годы ХХ века»- тақырыбында философия ғылымдары кандидаты,доцент, аға оқытушысы Бисекенова Алма Түсіпқызы тақырыптық баяндамасында сол кездегі үкімет саясатының қателіктерін атап айтты.

« Ашаршылық ақиқатына жаңа көзқарас» тақырыбында баяндаған АИГИ-дің Жалпы білім беру кафедрасы аға оқытушысы,докторант Бозахаева Гүлфайрус Кенжеғалиқызы Қазақ тарихында «ұлы жұт» (ағылш. «Great Famine») атауымен қалған 1920-30 ж.ж. ашаршылықтың экономикалық және демографиялық зардаптарының өте ауырлығы дәлелдеуді қажет етпейтінін айтты. Сол кездегі қазақ зиялыларының мәліметтері бойынша, ашаршылық апаты Алтайдан Маңғыстауға дейінгі қазақ даласын түгел қамтыған. Бұл жылдары дәстүрлі мал шаруашылығы күйзеліске ұшырады, бірден-бір тіршілік көзінен айрылған қазаққа біржолата жойылу қаупі төнді. КСРО-дағы жүргізілген күштеп ұжымдастыру науқаны жаппай тәркілеу құрығына шаруалармен қатар, дәулетті қазақ байлары мен кезінде билік тізгінін ұстаған хандардың ұрпақтары ілікті,-деді Г.К. Бозахаева.

«Қазақ жеріндегі ашаршылық-қазақ геноциді» -тақырыбында АИГИ-дің Экономикалық-гуманитарлық факультет деканының орынбасары, магистр Ығылова Әсел Құрманғазықызы баядамасында «Бұл ашаршылық қазақ халхын қырып қана қойған жоқ, бұның түбіндегі көзделгені ең құбыжық мақсат – бұл халықты түп-тамырынан , рухани нәр алатын діңгегінен айыру,-деді.

-«Бұл 30-шы жылдардағы ашаршылық ол қазақ жерін жайлаған геноцид, қазақты барлық құндылығынан айырып жұтатқан геноцид. Ұлт ретінде жер бетінен жойып жібере жаздаған зұлмат. Қазіргі уақытта өткерген 70 жыл отаршылдықта болған кезеңнің салып кеткен іздерімен әлі күресудеміз. Сондықтан қазақ халқының басынан өткерген мұндай қиыншылықтары, азаптары, зобалаңдары тарих беттерінен өшпеуі тиіс. Оларды біз халық болып сақталғымыз келсе, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-насихат, сабақ ретінде, оларды тәрбиелеу құралы ретінде ұмыттырмай есіне салып отыруымыз керек, өзіміз де ұмытпауымыз керек. Ұлт ретіндегі идентификациямызды сақтау үшін шет елге еліктей бермей, өз құндылықтарымызды жаңғыртып, сақтап қалуымыз керек. Жаңа дамыған заманға сай пайдалы ілімдерін ғана үйреніп, пайдасызын кері итеруіміз керек. Әрқашан еліміз амандығын, саулығын, еркіндігін елдігін сақтау үшін әр қазақ өз үлесін еңбекпен қосуы керек деп ойлаймын»,-деді магистр Әсел Құрманғазықызы.

«Ашаршылық: себептері,салдары» туралы АИГИ-дің Жалпы білім беру кафедрасы оқытушысы,магистр Жұбанов Болат Ділмұқанұлы нақты мысалдармен баяндады.

« Қазақстандағы ашаршылық қасыретінің хронологиясы» туралы АИГИ-дің Экономикалық-гуманитарлық факультеті деканы,профессор Қуанов Мағыпар Саламатұлы айтты. Ол ашаршылық туралы жергілікті халық Сталин келмеске кетіп, Хрущев таққа отырған соң кәмпеске, жер аудару, аштық жайлы айта бастады. Ауылдағы қарияларлардың әңгімелері арқылы қаламгерлер алғашқы әңгімелерін, мақалаларын жаза бастағанын жеткізді.

Торғайлық ақын Нұрхан Ахметбековтың «Күләндам» дастаны 1932 жылы жазылды. Бұдан соң Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі», Шахан Мусиннің «Сөнбеген сенім», Бүркіт Ысқақовтың «Тас еден ызғары» дастандары жазылды. Бейімбет Майлиннің «Айт күндері» әңгімесінен де ашаршылықтың салқыны сезілетін.Қатерлі кезеңде зұлматты баяндаудан жасқанбаған бұл қаламгерлердің бәрі дерлік большевиктердің қаһарына ұшырады.

Еліміз Тәуелсіздік алған соң ғана 1992 жылы 31-мамыр «Ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп белгіленген еді. Алайда, неге екені жұмбақ, бұл күн 1997 жылға дейін ұмытылды. Осы жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» түрінде алғаш рет аталды.

2021 жылы 5 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ашаршылық зардаптары туралы айта келіп, тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлікүнге дейін жан-жақты зерттелмей келгенін, тиісті тарихи құжаттарды жинап, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеп мемлекеттік баға берілуге тиіс екендігін айтты,-деді профессор Мағыпар Қуанов.

Конференцияға қатысушылар ұсыныс ,пікірлерін де айтты. Конференцияда айтылып,талқыланған мәселелерді жас ұрпаққа жеткізу,оларды Отанға,аға ұрпақтың рухты жолындағы патриоттық тәрбие беруге пайдалану үшін профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерге арнап, арнайы кітапша етіп шығару ұйғарылды..

                                                                                                                                                                                            АИГИ Баспасөз қызметі.