АИГИ: «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» Бағдарламасымен
МАҚСАТҚА ЖЕТУ ҮШІН
санамыз ісімізден озық болуы тиіс
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын білім алушылар бойына берік сіңіру,тереңірек түсіндіру мақсатында бүгінгі таңдағы пандемияның карантин талаптарын сақтай отырып, онлайн және офлайн форматтарында студенттерге лекциялар циклын, семинарлар,тәрбие сағаттарын,т.б.бағдарламалық шараларды жүйелі өткізіліп келеді.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында сананы жаңғыртудың алты негізгі басымдығы мен арнайы жобасын белгілеген еді. Онда: ХХI ғасырдағы ұлттық сана мен оның мәселелерін және таяу жылдардағы еліміздің алдындағы міндеттерді айқындап берді. Мақалада бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты мәселелерді күн тәртібіне қойып, оның нақты мәні мен мағынасына үңіле отырып талдау жасайды.Осы мәселелерді бірінші курста білім алушылар бойына берік сіңіру,тереңірек түсіндіру мақсатында циклды дәріс беруді бастадық.
АИГИ-дің «Рухани жаңғыру» орталығы директоры Ермек Аққалиұлы Биғали «Бәсекеге қабылеттілік-жаһандану заманының талабы» тақырыбында, ал Тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Бақберген Қасымұлы Қарабаев «Қазіргі Қазақстан дамуындағы прагматизмнің ролі» тақырыбында жан-жақты ,нақты мысалдармен әңгімелеп берді.
-Отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру өте маңызды және уақытында ел назарына ұсынылып отырған асқақ мақсат. Өйткені, әлемдегі барынша өрбіп, қанатын жайған жаһандану үрдісінен тыс ешбір мемлекет болмайды. Соның ішінде ашық әрі демократиялық қоғам құрып жатқан Қазақстан одан шеткері қалмайды. Демек, әлемдік экономикада алатын орнымыз, экономиканың даму қарқынын үдетіп, оны ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкіндігі де осы бәсекеге қабілеттілікке байланысты ,сондай-ақ халықтың тұрмысын үзбей жақсарта отырып, әлемдегі ең жоғарғы әлеуметтік стандарттарға жеткізу мүмкіндігі де осыған байланысты екендігін айтты «Рухани жаңғыру» орталығы директоры.
– «Мақсатқа жету үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап көрсетті Елбасы. Рухани жаңғырудың негізгі сипаты – өткен мен болашақты үйлестіре отырып жүзеге асыру. Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұратын сақтай отырып, болашақтан өз орнын айқындау. Онда прагматизмнің орны мен рөлі өте жоғары. Прагматизм қазіргі жастар үшін аса қажет. Осы тұрғыдан алғанда прагматизм өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз,-деді Бақберген Қасымұлы.
-Ол – ұлы дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын жайлаған отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен тұтастай арылту. Шынайы мәдениеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес, ұстамдылық, қанағатшылдық, қарапайымдылық, үнемшілдік пен ресурстарды орынды пайдалану.
Рухани жаңғыру дегеніміз – ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, мәдени дәстүрлерді берік сақтай отырып, оны жаңа заман жетістіктерімен, жалпыадамзаттық құндылықтармен байыту деп түсіну керек. Жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтау екені мақалада анық атап көрсетілген. Сондықтан да Елбасының «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» дегені бүгінгі мен ертеңнің және болашақтың, жалпы «Мәңгілік ел» идеясының басты шарты болуы тиіс,-деді проректор Б.Қ.Қарабаев.
Студенттермен кездесуде елімізде ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, үшінші жаңғыруды жүзеге асыратын ұлттық идеологияның басты қағидасы жастардың санасында туған жер мен туған елге деген ерекше сезімді, ілтипатты оятып, оны дәріптеу арқылы ел бірлігін сақтаудың жаңа заңдылықтары ұсынылғаны,қазірде осы бағыттарда жұмыстар жүріп жатқаны түсіндірілді. Студенттер сұрақтарына жауаптар да берілді.
АИГИ Баспасөз қызметі.