Қашықтықтан оқыту: АИГИ-дегі ҒЫЛЫМ АПТАЛЫҒЫ «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді жаңа қырынан оқыту мүмкіндіктері»

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында үстіміздегі жылғы сәуірдің 13- 18 аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысына орай Қазақстан Республикасындағы Ғылым күніне арналған Апталықтың онлайн форматындағы шаралары өтіп келеді. 17 сәуірде онлайн бойынша ғылыми-практикалық конференцияны ZOOM платформасында АИГИ-дің Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді қашықтықтан білім беру технологиясы бойынша жаңа қырынан оқыту мүмкіндіктері туралы» тақырыбында өткізді.
Кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Мафруза Ахметжан қызы Матжанова «Жоғары оқу орнындағы филология пәндерін қашықтықтан оқытуда жаңа әдістерді пайдалану» тақырыбында баяндама жасап,бүгінгі таңда онлайн жағдайында АИГИ-де білім берудегі тиімді методологиялық аспектілерін ортаға салды,дәрістер барысында қолданылатын көрнекілік –әдістемелік материалдарының презентациясын жасады.
Кафедра аға оқытушысы,магистр Гүлфайрус Кенжеғали қызы Бозахаева «Тарих,тағдыр,тұлға-Абай Құнанбаев» тақырыбында ақынның 175 жылдық мерейтойы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай білім алушыларға қашықтықтан дәрістер беру аясында баяндама жасады. Ұлы тұлға Абайдың әдеби-танымдық мұралары,әсіресе оның қара сөздерінің мәні турасында мазмұнды әңгіме айтты.
«Бүгінде әлем жұртшылығы Абайды,ол арқылы қазақты таниды.Оның еңбектері әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Абай бізге 8 мың өлең жолдарын,46 нақыл сөздер,тағы басқа да ғибратты еңбектер қалдырды. Осыларды білім алушыларға қашықтан оқу барысында да оңтайлы жеткізуіміз керек»,-деді спикер Г.Бозахаева.
«Қазақ тілін онлайн режимінде оқытуда тілдік дағдыларды дамыту ерекшеліктері» тақырыбында аға оқытушы,магистр Әсел Құрманғазы қызы Ығылова жан-жақты мазмұнды ,көрнекілік құралдар арқылы баяндама жасады.
Аға оқытушы,магистр Мақсат Кемал қызы Усербаева «Орыс тілін қашықтықтан оқыту: проблемалары мен келешегі» тақырыбында талдау жасады. Ал жас оқытушы,магистр Болат Жұбанов «Жастардың салауатты өмір салты-салауатты ұлт қалыптасуының негізі» тақырыбында Мәңгілік ел бағдарламасының талаптарын қашықтықтан оқыту жағдайында түсіндірудің жолдары туралы айтып берді.
Онлайн-конференцияға қашықтықтан профессор-оқытушылар, оқытушы-магистранттар, жас ғалымдар қатысып байланыста отырды. Ғылым апталығына орай онлайн-конференция өткізуге төселіп қалсақ та,әттеген-ай дегізер сәттер де кездесіп жататынын айту керек. Ғылыми конференция болған соң онлайн бойынша қатысушылар,әсіресе студенттер көп болғаны жақсы.ZOOM платформасында конференцияға берілетін уақыт та шектеулі әр спикер мұны ескергені жөн. Десек те бұл жолғы Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының онлайн- конференциясы жақсы өткенін айтқан абзал.
Айта кетейік, АИГИ -де қашықтықтан білім беру технологиясы аясында өтіп жатқан ғылыми, онлайн-конференцияларды ең үздік өткізгендерге,онда ең үздік тақырыптық баяндама жасағандар апталық қорытындысымен марапатталатын болады.

АИГИ Баспасөз қызметі

Leave a Reply