Әбу Насыр әл – Фарабидің 1150 жылдығына
«Ұлы ғалым мұралары »
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында ұлы ғалым, энциклопедист, Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл – Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында геолог, ғалым, фарабитанушы Ақжан Жақсыбекұлы Машани мұраларын дәріптеу бағытында “Ұлы ғалым мұралары” атты конференция өтті. Конференцияға оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлер, студенттер қатысты.Шара пандемия талаптарын сақтай отырып өткізілді,сонымен бірге ZOOM платформасымен онлайн арқылы студенттер,ғалымдар,магистранттар қатысты.
Конференцияны Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры,Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Е.У.Ихсанов ашып,бүгінгі шараның тәрбиелік маңызы мен мәні зор екеніне тоқталды.
– Хакім Абай – әл-Фараби бастаған ойшылдар көшінің заңды жалғасы, ұлылар сабақтастықтың алтын арқауын келер ұрпаққа аманат еткен кемеңгер. Ұлы ойшылдардың арасындағы үндестіктің болмауы мүмкін емес. Фараби мен Абайдың әлеуметтік-этикалық идеялары бір жерге келіп тоғысады. Әл-Фараби және Абай пікірлерінің рухани сабақтастығы – өз алдына бір зерттеуге жүк болар дүние. Осы орайда әл-Фараби мен Абай танымдарындағы үндестік адамның «өзін танымақтық» немесе «жан қуаты» туралы ілімді атаймыз.
Әл-Фараби мен Абайдың ғылымды жіктеу принциптері жайындағы сабақтастық мәселесі – ғылыми тұрғыдан зерттеуге сұранып тұрған күрделі тақырыптардың бірі. Ақжан Машани осы рухани байланысты «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде жан-жақты зерделеген. Екі ойшылдың да нәр алған бастау-бұлақтары – дәстүрлі түрік һәм ислам руханияты. Олар осы екі қайнардың да қуатын, парасатын паш ете алды. Мұны айрықша атап өткеніміз жөн. Биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығын қатар атап өтуіміздің мән-мағынасы зор. Атқарылмақ іс-шаралардың да мазмұндық астарына ден қоюға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да шақырып отырғаны бекерден-бекер емес. Ұлы ойшылдардың даналық ілімінен алар тағылым-тәліміміз көп. Телегей-теңіз мұрадан келер ұрпақтардың да өз іздегендерін табатыны анық,-деді ректор Ерсайын Уалитханұлы.
-Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары ХХ ғасырдың 60-70-жылдарынан басталып, фарабитанудың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналдық. Ал қазақстандық фарабитанудың басында, негізгі ұйытқысы, мұраларын тұңғыш іздеуші, аударушы, ғұламаның өмірі мен шығармашылығы жайында өзекті мәселелерді көтеруші ретінде академик Ақжан Машанидың есімі тұратыны – заңдылық. Сондықтан да академик Ақжан Машанидің ғылыми мұраларын,өнегелі өр істерін жастарға кеңінен насихаттауымыз керек,бүгінгі конференция жұмысына сәттілік тілеймін,- деді Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті Ерсайын Ихсанов.
АИГИ Әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаментінің директоры Б.Қ.Қарабаев Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылым мен білім, философиялық ойлау,медицина,басқа да салаларда ерекше із қалдырған құдырет иесі екенін айтты. Ұлы ғұламаның тек күн сағатын ойлап табуының өзі көп салалы ғалым екенін дәлелдейді. Ал оның ұлы ғұламалығы мен қазақ ұлтының перзенті екенін бүкіл әлем алдында дәлелдеген академик, іргелі ғалым Ақжан Машанидің еңбегі қазақ тарихында өшпестей қалуға тиістігін,сол үшін жас ұрпаққа санасына сіңіру үшін осындай іс-шаралар өткізіліп отырғанын айтты.
Конференцияда «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының аға оқытушысы Г.К.Бозахаева «Әл-Машани әл-Фараби мұрасын зерделеу арқылы бүгінгі ұрпақтың рухын еңселеді» тақырыбында баяндама жасады. Өткен ғасырда кеңестік билік күйіп тұрған кездің өзінде академик Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың баға жетпес, ерлікке пара-пар келетін, еңбегі – ұлы бабамыз Әл-Фарабидің қазақ топырағында туып қана қоймай, қаны түркі екендігін дәлелдеудегі, оның еңбектерімен ұрпағын сусындату және насихаттаудағы теңдессіз қызметі туралы жеткізіп баяндады. Баяндамашы Ақжан Машанидың арқасында Әл-Фараби сынды ұлы ғұламаның рухы, есімі өз Отаны қазақтың қара топырағына қайта оралғаны үлкен еңбек екенін айтты.
«Инженерлік –техникалық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Э.А.Қуанбаева «Әл-Машани ғылым идеологиясын бағыттаушы» тақырыбындағы баяндамасында геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚазКСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ғалым-энциклопедист, аудармашы Машанов Ақжан Жақсыбекұлының геология, математика, геометрия, механика және тау – кен ісі саласындағы терең білімді адам ,ол ғылымның жаңа саласы – геомеханиканың негізін қалаушы екенін айтты.
-Геомеханика тау-кен ғылымындағы ғылыми бағыт ретінде бұрынғы КСРО аумағында,сондай-ақ Қазақстанда кең ғылыми және практикалық қолдануды тапты.
-А.Машанов көптеген ғылыми кітаптар жазды. Солардың ішіндегі “Механика массива горных пород”, “Введение в геомеханику”, “Основы геомеханики скально-трещиноватых горных пород”, “Геомеханика”сияқты монографиялық еңбектері осы саладағы іргелі зерттеулер қатарына жатады. Қазақстанның алғашқы техника саласындағы интелегенттерінің алдында ғылым мен техниканың жалпы мәселелерімен қатар, ұлттық инженерлік-техникалық әдебиеттерді жазу қажеттігі тұрды. Сол кездері А.Машанов тау-кен атауларының тұңғыш сөздігін, жоғары оқу орындарына арнап қазақ тілінде көптеген оқулықтар даярлады. Мәселен, “Кристаллография, минерология және петрография” атты кітабы соңғы ғасырдағы алғашқы және әзірге жалғыз оқулық болып есептелінеді. Ақжан Машановтың техникалық білімі Әл-Фарабидің ілімін терең зерттеуге және қалың жұртшылыққа жеткізуде үлкен көмек болды. Әл-Фарабидің ілімінің ғылыми жетістігін өз Отаны Қазақстанға таныта білген ғұлама ешқашан да ұмытылмауы тиіс, оның есімін ұлықтауымыз керек-деді магистр Элмира Амантұрлықызы.
Институт оқытушысы саясаттану ғылымдары магистрі Б.Д.Жұбанов «Әбу Насыр әл-Фараби және Ақжан әл-Машани: ұлы тұлғалар құбылысындағы рухани сабақтастық»тақырыбында жан-жақты баяндады. Ал «Радиотехникаэлектроника және телекомуникация» мамандығының 2- курс студенті Гүлімай Хамитова «Әл-Фараби және Ақжан Машанов» тақырыбын зерделеп,ғылыми негізде нақты мысалдармен жеткізді.2-курстың студенті Ақбота Жағыпар «Әл-Фарабидің бір сөзі» тақырыбында ұлы ғұламаның өлең шумақтарын айтып берді.
АИГИ ректорының кеңесшісі,педагогика ғылымдарының докторы,профессор Ж.С.Хасанова ұлы даланың ұлы тұлғаларын ұлықтау –парызымыз екенін, осындай іс-шаралар алда да жиі өткізілуі керектігін,бүгінгі мазмұнды өткен конференция материалдары жинақталып,кітапша етіп шығарылып,студенттерімізге таратылуы тиістігін айтты.Жалпы институт кітапханасында академик,ғұлама ғалым Ақжан Машанидің еңбектері көп,соларды оқу,кураторлық сағаттарда,семинарларда кең танысып,талқылау қажеттігін кафедралар жетекшілеріне тапсырды.
«Әлеуметтік-техникалық пәндер» факультеті деканы,профессор М.Қуанов академик Ақжан Машанидің ерекше еңбегін атап айтты.Елімізде әл-Фараби мұрасын аудару мен зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізу барысында кеңестік идеологияның көптеген кедергілеріне тап болғаны жасырын емес. Сол кездегі фарабитанудың басында тұрған отандық ғалымдардың жанкешті еңбектері мен ғылымға деген адалдығын – олардың бүкіл өмірі мен шығармашылықтарын ғұлама мұрасын зерттеу, насихаттау, әлем кітапханаларынан іздеу, жұмыстарынан анық аңғарамыз.
Осы орайда тілге тиек етіп өтетін жайттың бірі әлем архивтері мен кітапханаларында сақталған Фараби мұрасын жинап, жүйелеп, зерттеп, ғылым игілігіне айналдырып, ұлт мүддесіне жарату мәселесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында әл-Фарабидің он томдық еңбектерінің жарыққа шығуы үлкен маңызға ие дүние деп білеміз. Қазақстанда Фараби мұрасына деген қызығушылық Фараби ілімін зерттеп, зерделеуге ұмтылған ғалымдардың екінші жаңа толқынын қалыптастырғанын атап өтті декан М.Қуанов.
Конференцияны АИГИ ректоры,Қазақстан ҰҒА корреспондент-мүшесі Е.У.Ихсанов қортындылады. Ұлы тұлғалар – халқының бет-бейнесін айқындайтын рухани құндылық иелері. Қазақ топырағындағы Отырар қаласында дүниеге келіп, түрік ғылыми дүниетанымын әлемге мәшһүр еткен Әбу Насыр әл-Фараби – адамзаттың кемелдікке деген үздіксіз ұмтылысын көрсеткен тұлға, Батыс пен Шығыстың өркениеттерінің рухани тұрғыда өзара жақындасуына зор еңбек сіңірген қайраткер. Әлемдік өркениетте өзіндік дара орны бар ұлы жерлесіміз әл-Фараби іліміне қайта оралу, танып білу, ұлт мүддесіне жарату таусылмас рухани азық, баға жетпес рухани құндылық деп білеміз.Ал оны барша әлем алдында өз қандасымыз екеніне көз жеткізе дәлелдеген академик,ғұлама, бесаспап ғалым,ұстазымыз Ақжан Жақсыбекұлы Машанидің еңбегі ешқашан да өшпек емес,оны ұлықтау азаматтық парызымыз екенін, жас ұрпақ осындай ұлы тұлғалармен мақтану керектігін айтты,- ректор Ерсайын Ихсанов.
АИГИ Баспасөз қызметі.