Қазіргі уақытта барлық деңгейдегі білім сапасына қойылар талап күннен-күнге артып келеді. Осыған орай соңғы жылдары елімізде сапалы білім беру мәселесіне басымдық беріліп отыр, өйткені ХХІ ғасырдың стратегиялық ресурсы адамның алған академиялық білімін сауатты қолдана білуі болып табылады. Осы ретте «академиялық жазылым» деген термин айналымға кеңінен еніп жатыр. Оның себебі де жоқ емес. Атап айтар болсақ, Қазақстанда реферат пен курстық жұмыстарды, диплом мен диссертациялық жұмыстарды жазу жөнінде ұсыныстар беретін еңбектерді кездестіруге болады, алайда ғылыми мәтіндерді қалай құрастыруға үйрететін еңбектер жоқтың қасы.
Мектеп те, жоғары оқу орны да өз бетінше зерттеу жұмыстарын жазуды үйретпейді: мектепте академиялық жазылым дағдыларын дамыту жұмыстары жүргізілмейді, ал жоғары оқу орнында мәтіндердің сауаттылығына жауап беретін мамандар жоқ. «Сауаттылық» ұғымын орфография мен пунктуация ережелерін білу деп ұғынатындар көп немесе оны «тіл мәдениеті» ұғымымен алмастыру жиі кездеседі. Осы орайда «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «Академиялық сауаттылықтың теориялық және практикалық негіздері» атты оқу құралының авторларының бірі – филология ғылымының кандидаты Бекзат Бегалықызы Динаевамен сұхбаттасқан еді. -Қазақстанда ғылыми мәтіндерді қалай құрастыруға үйрететін еңбектер жоқтың қасы. Мектеп те, жоғары оқу орны да өз бетінше зерттеу жұмыстарын жазуды үйретпейді: мектепте академиялық жазылым дағдыларын дамыту жұмыстары жүргізілмейді, ал жоғары оқу орнында ғылыми мәтіндерді құрастыруды үйрететін пәндер жоқ.
Осы ретте академиялық жазылым және оқылым негіздерін қазақ тілінде баяндауға жасалған алғашқы қадам ретінде Сіздің Бекзат Бегалықызы және әріптесіңіз Сәбира Сапинаның құрастыруымен «Академиялық сауаттылықтың теориялық және практикалық негіздері» атты оқу құралы жарық көрді. Оқырмандарымызға «академиялық жазылым» дегеніміз не екенін түсіндіріп берсеңіз. – «Академиялық жазылым» ұғымы нені білдіреді? Жалпы жазу, жазылым деген не? Жазу не үшін керек? Интернеттің дамыған заманында жазудың қажеті қанша? Электронды құралдардың, ұялы телефондардың мүмкіндігі орасан үлкен және баршаға қолжетімді қазіргі кезеңде жазудың қажеттігі аз болып көрінуі рас.
«Алыс-жақын жерлерден жылдам хабар алғызған» электронды құрылғылар жазудың біраз түрін (хат, жеделхат) керексіз етіп шығарғанымен, жазу, оның ішінде академиялық жазылым, студенттік ортада, жұмыс кезінде кең қолданылады. Қазақ жастарының шетелдік оқу орындарында білім алуы, мектеп оқушыларының төменгі сыныптардан бастап шағын ғылыми жобалар орындауы, студенттер мен магистранттардың күрделі ғылыми зерттеулер жасауы, осының бәрі жазу әрекетінің маңызын жоймағанын, тіпті артып отырғанын көрсетеді. Оқушылар мен студенттер, магистранттар, докторанттар конспект, реферат, ғылыми мақала, ғылыми жоба, курстық жұмыс, диплом жұмысы, магистрлік, докторлық диссертация жазу керек болса, жұмысқа тұрған кезде жазу қызметкердің нақты қызметтік міндеттеріне кіреді. Қандай да бір жұмыс туралы сараптамалық талдаулар, қорытындылар, есептер, қызметтік хаттар жаза білуі тиіс, сауатты жаза білу күнделікті өмірде де қажет.
Академиялық жазылым дегеніміз – зерттеушінің ғылыми мәтіндерді оқуына, түсінуіне және жазуына мүмкіндік беретін тілдік құзіреттілігі. Академиялық жазылым – бұл әлемдік білім беру салаларында және ғылыми ортада кең таралған ақпараттық үдерістерді, академиялық қарым-қатынастарды, халықаралық тәжірибе алмасуларды жаңаша дамытуға бағытталған құзыреттердің дәстүрлі түрі. «Академиялық жазылым» термині әлемдік білім беру жүйесінде, әсіресе, академиялық қызметке дайындық дәрежесін, яғни университетте немесе колледжде оқуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға, сондай-ақ ақпараттық дереккөздермен байланысты кез келген кәсіби қызметпен шұғылдануға және қандай да бір құжаттарды жазуға қажетті дайындығын анықтау үшін кең қолданылады. Осыған байланысты академиялық сауаттылық деңгейі абитуриенттің университетке дайындығын, сонымен бірге маманның басшы болуға әзірлігін айқындауға меже болып табылады.
Академиялық жазылым – эссе, курстық жұмыс, диплом жұмысы, магистрлік және докторлық диссертациялар, ғылыми мақалалар мен монографиялар сияқты ғылыми мәтін жазудың әдіснамасы. Академиялық жазылым – жеке ойлары мен идеяларын білдірудің және оны негіздей білудің әрі оларды мақсатты аудиторияға жеткізе білу дағдысы. Академиялық жазылым – бұл ғылыми мәтіндер жазу, олардың жазу тілі мен стилін таңдап, қолдана білу дағдысы. «Академиялық жазылым дағдысын білу – бұл академиялық ортада табысты болудың негізі», – дейді Ресей ғалымы И.Б. Короткина. Академиялық жазылым жазбаша қатысыммен байланысты мәселелерді шешуді талап ететін дағдыларды дамытуға бағытталған. Біріншіден, осы дағдылар кешенін қазақстандық мамандар әлі де терең меңгермеген десек қателеспейміз, оған дәлел ретінде мекемелердегі хат алмасу тіліндегі кемшіліктерді айтуға болады. Екіншіден, академиялық жазылым сауаттылығы сол мамандарда белгілі бір қиындықтар тудырады. Айталық, мемлекеттік қызметкерлер Қазтест бойынша жазылымнан диктант, мазмұндама, эссе жазуда ақсап жатады. Бұдан шығатын қорытынды: бұл құзырет түрі қазіргі ақпараттық технологиялар заманындағы кез келген маманның немесе басшының кәсіби жетістігін анықтайды. Шетелдік тәжірибеде «Академиялық жазылым» пәні EAP – English for Academic Purposes (академиялық мақсаттарға арналған ағылшын тілі) пәнін оқыту арқылы жақсы таныс. Оның ғылыми-әдістемелік базасы өте жақсы әзірленген, оқу құралдары жеткілікті. Бұл пән Батыста Академиялық оқылым, Академиялық тыңдалым және Академиялық сөйлеу (Academic Reading, Academic Listening және Academic Speaking) сияқты академиялық дағдыларды дамытуға бағытталған кешендік пәндердің қатарынан орын алады. Академиялық жазылым бағдарламалары шетелде ауқымды рөл атқарады, яғни оған маман даярлаудың барлық кезеңінде білім берудің (жекелеген курстар бойынша жазбаша жұмыс түрінде есеп беру), зерттеу жұмыстарының (жоба, диссертациялар жазу), дереккөздермен жұмыс істеу, сілтеме беру сияқты әмбебап зерттеу жұмыстарының ажырамас бөлігі ретінде маңызды көңіл бөлінеді. АҚШ пен Еуропаның барлық ірі университеттерінде академиялық жазылым орталықтары бар және олар арнайы мамандандырылған орталықтармен ынтымақтастықта бірлесіп қызмет етеді. Академиялық жазылымды оқытудың алғашқы қарлығашы ретінде британдық университтеттерді танимыз. – Қазір әртүрлі деңгейде білімді жетілдіруге қатысты оқулықтар көп. Барлығы дерлік шетелдікі. Негізінен бізге сол кітаптар Ресейден келеді. Өзіміздің ұлттық оқулықтың шыққаны қуантады. Шетелдегі академиялық жазылым мен еліміздегі қалыптасқан жағдайға тоқталып өтсек. – Ресей жоғары оқу орындарында да академиялық жазылым ағылшын тілінің оқу бағдарламасына әлдеқашан енгізілген, алайда жаңаша білім беру жағдайында студенттерді академиялық жазылымға оқыту әлі де болса, бастапқы кезеңде екендігін, қазіргі уақытта бұл дағдыны дамытуға үлкен күш жұмсау қажеттігін, академиялық жазылымды ғылыми тұрғыда оқыту керектігін Ресей ғалымдары да мойындап отыр. Академиялық жазылым дағдылары қазіргі заманғы Ресей ғылыми қоғамдастығында, атап айтқанда, ғылыми және кәсіби қарым-қатынасқа түсуге дайын болу; шетелдік серіктестермен жазбаша түрде ғылыми-техникалық ақпарат алмасу; мемлекетті халықаралық конференцияларда, симпозиумдарда, вебинарларда таныстыру; шетел тілдері арқылы кәсіби міндеттерді шешу; таңдалған мамандық бойынша ғылыми-техникалық әдебиеттердің түрлі жанрларындағы мәтіндерді (ғылыми мақала, патент, монография, реферат, диссертация, баяндама, тезистер, аңдатпа, түйіндеме және т.б.) құрастыру және жұмыс істеу үшін қажет болып отыр. Ал Қазақстандағы жағдай қалай? Біздегі жоғары мектептердің оқу бағдарламаларында студенттің 1-курстан бастап академиялық сауаттылықтарын арттыруға бағытталған курс өз деңгейінде қамтылып отыр ма? Академиялық сауаттылық, академиялық оқылым және жазылым дегенімізді студенттеріміз түсіне ала ма? Өз ой-пікірін анық жеткізе алмайтын, аудиторияда еркін сөйлей алмайтын, қазақ/орыс тілдерінде сауатты жаза алмайтын студенттер көптеп кездеседі. Соңғы жылдары өз ойын жеткізуде сауатты сөйлейтін, жазатын адамдардың саны күн өткен сайын ортамызда азайып келе жатқаны анық байқалады. Оның себебі қазіргі жастардың тестіден бас алмай жаттап, кітап оқымай, өмірден шеттеп қалуынан болып отыр. Кітап оқымаған адам ой ойлаудан да қалады. Міне, осы олқылықтардың орнын толтырып, қазақстандық жоғары білім беру ісінде академиялық сауаттылықты арттыру мақсатында КАЗГЮУ Университетінде 2014-2015 оқу жылынан бастап модульдік оқыту бойынша 1-курсқа «Академиялық оқылым және жазылым» пәні енгізілген еді. (Өкінішке қарай, 3 жыл оқытылып, кейін оқу бағдарламасынан алынып тасталды). Курстың негізін студенттердің сыни ойлауын қалыптастыру, сөздік қорын, академиялық жазылым дағдыларын, кәсіби-ғылыми пікірталасқа түсу дағдыларын дамыту, ғылыми жобаларын дайындау және таныстыра білу, яғни жазбаша қатысымға қажетті құзыреттер кешенін меңгеру, ақпаратқа сыни тұрғыдан баға беру, өзінің жеке идеясын білдіру және ғылыми жобаға пікір жаза білу құрайды. Бірінші курс студентінен бастап белгілі профессорларға дейінгі академиялық үдерістің барлық субъектілерінің өмірлерінде бір рет болса да, әдетте, алғашқы ғылыми жұмысын жазғанда, жазбаша түрде өз идеяларын мазмұндауда қорқыныш сезімін бастан өткізбегендері жоқ шығар. Қорқу сезімінен қашудың ең бір қарапайым тәсілі – бұл қарсыласымен «бетпе-бет» келуі, яғни әрбір адам ғылыми мәтін жазу дағдысын меңгеруі тиіс. Осы мақсатта эссе, ғылыми мақала, курстық жұмыс, бакалаврлардың диплом жұмысын, магистрлік және докторлық диссертациялар жазуды үйретуге байланысты аталған пән енгізілген болатын. Академиялық жазылымның мазмұндау стилі, академиялық лексиканы пайдалану, берілген тақырыпқа немесе мәселеге бағытталу сияқты өзіне тән сипаты бар екендігі белгілі. Академиялық тілдің басты ерекшелігі оның лексикалық қорының мол болуында. Мәтінді сауатты құрастыра алмау қазақ бөлімінде оқитын барлық студентке тән сипат болып келеді, осыған байланысты оқытушының алдында студентте кемшін түсіп жатқан дағдыны қалыптастырып, олардың академиялық контексте қолдана алуына көмектесу міндеті болуы керек. Академиялық жазылымды терең меңгеруге қажетті негізгі дағдылар мыналар: 1) зерттеу жүргізу дағдылары – студенттің ізденуге қабілеттілігі, белгілі ғылыми дереккөздерді тауып оқи білуі; 2) конспектілеу дағдылары – тұтас мәтінді көшіре салмай, басты ақпаратты бөліп алып көшіре білуі; 3) өз-өзіне бақылау жасау – мақала жазуға және оны редакциялауға қажетті уақытты тиімді бөле білу қабілеті; 4) болашақ мәтінінің жоспарын құрып, алғашқы нұсқасын жазу; 5) аяқталған мәтінге редакторлық түзетулер жасай алу. Академиялық оқылым және жазылымның қазіргі академиялық қызметке бағдарлануы сабақ беретін оқытушылардың студенттермен жұмыс барысында біршама қиындықтар тудырды. Студенттердің жалпытілдік құзыреттерінің төмен болуы, өз беттерімен пайымдау жасай алмайтындықтары, оқылған мәтінді (ғылыми жұмыстарды) сауатты баяндай алмайтындықтары оларға бірден ғылыми зерттеулермен жұмыс істеуге кедергі келтірді. Олардың сөйлеу әрекетінің оқылым, айтылым және тыңдалым сияқты түрлеріне қарағанда жазу дағдыларының артта қалып қойғандығы анық байқалды. Осыған байланысты студенттердің эссе, ғылыми мақала, сауалнама, жоба сияқты бүгінгі таңда кеңінен қолданылатын жұмыстарды жазуда қиналғандарын атап өткіміз келеді. – Биылғы, яғни 2020 жылғы жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің барлық жоғары оқу орындарында «Академиялық жазылым» және «Академиялық адалдық» пәндерін енгізгені ресми бекітілді. Аталған пәндердің міндетті компоненттердің қатарынан орын алуының қаншалықты маңызы бар? – Біз 2014-2016 жылдары екі жыл бойы жоғарыда аталған кемшіліктерден сабақ алып, бар тәжірибемізді жинақтап, филология ғылымының кандитаты Сәбира Мінатайқызы Сапинамен авторлық бірлестікте «Академиялық сауаттылықтың теориялық және практикалық негіздері» атты оқу құралын жазып шықтық. Аталған оқу құралын КАЗГЮУ Университетінің Ғылыми кеңесі мақұлдап, 2016 жылы басылып шықты. Бұл оқу құралын академиялық жазылым және оқылым негіздерін қазақ тілінде баяндауға жасалған алғашқы қадам деуге болады. Оқу құралында ғылыми-зерттеу мәтіндерін құрудың академиялық сауаттылық талаптарына қойылатын отандық, әлемдік стандарттарға сүйене отырып, ғылыми жанрдың түрлерін мазмұндық, құрылымдық, техникалық тұрғыдан ресімдеудің ережелері беріледі. Оқу құралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің тізіміндегі ғылыми басылымдар мен шетелдік ғылыми журналдар (Tomson Reuters, Scopus) қоятын талаптарға сәйкес ғылыми мәтін құрастыруды, атап айтқанда, мақала, аңдатпа, абстракт, тезис т.б. жазуды үйретуге бағытталады. Оқу құралы академиялық жазылым және оқылым мәселелеріне арналған шетелдік, ресейлік ғалымдардың еңбектерін негізге ала отырып, қазақ тілінде академиялық мәтін құрастырудың жолдары мен әдістерін көрсетеді. Бүгінгі таңда академиялық жазылымға үйрету қазіргі заманғы жоғары мектептердің алдында тұрған үлкен міндет болып отыр. Аталған құзыретті терең дамытудың тағы бір қиындығы академиялық сауаттылықтың барлық аспектілерін, атап айтқанда, академиялық оқылымды, пікірсайыстарға түсе білу мен таныстырылым (презентация) жасай алуды, сөйлеушіні тыңдай білу, сұрақ қоя білу, қойылған сұраққа жауап бере білу дағдыларын дамытуды, кез келген ақпаратты сыни тұрғыда бағалап, оны түсіндіре білуді оқытқанда ғана жүзеге асатынында болып отыр. Академиялық сауаттылық – әртүрлі ақпаратпен жұмыс істей білу, өзгелердің идеяларын түсініп, оны қабылдай білу, өз идеясын айтып, оны негіздей білу.Академиялық сауаттылықжаңаша сауаттылықтың басым компоненті болып табылады. Цифрлық сауаттылықтан айырмашылығы тек білім беру жүйесінде дамиды. Сөзіміздің соңында елімізде академиялық жазылымды мектеп партасынан бастап жоғары оқу орындарының студенттеріне дейін (бірінші курстан бастап соңғы бітіруші курсқа дейін) меңгертіп, тіпті мамандарды қайта даярлауға қатысты да жүзеге асыру қажет деген ұсыныс айтқымыз келеді. Қазіргі студент – болашақ маман академиялық сауаттылық дағдыларын терең меңгермейінше, әлеуметтік кеңістікке шығуы мүмкін еместігін, кәсіби және ғылыми ортада оның бәсекеге қабілеттілігінің шектеулі болатындығын жоғары оқу орнына түскен кезінен бастап түсіне білу керек. Сіз атап өткен екі пәннің оқу үдерісіне енгізілуіне байланысты «Академиялық сауаттылықтың теориялық және практикалық негіздері» оқу құралының толықтырылған нұсқасын екінші рет шығаруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар «Академиялық адалдық» көмекші оқу құралын баспаға әзірледік. Соңғы оқу құралын әзірлеуіміздің себебі – қазіргі қоғамда резонанс тудырып жатқан плагиатпен (біреудің еңбегін ішінара, толық көшіру, ой ұрлау, басқа тілде жарияланған еңбектерді аударып бере салу т.б.) айналысудың белең алуы. Аталған кітаптар – ЖОО оқытушыларына – мектеп мұғалімдеріне – докторанттарға – магистранттарға – студенттерге – сауатты академиялық мәтін жазғысы келетін барша қауымға арналады. Осы ретте 2020 жылғы қыркүйек айында жарық көретін кітаптарға жоғары оқу орындары мен жекелеген тұлғалардан алдын ала тапсырыс қабылданатынын хабарлаймыз.
Авторы: Махат Садық