Атырау инженерлік-гуманитарлық институты 2020 жылдың 16 наурызынан бастап елдегі Төтенше жағдайға орай қашықтықтан оқыту технологиясына толығынан көшкен болатын. Барлық білім алушылар үйлерінен күн сайын сабақ кестесіне сай онлайн байланысқа қосылады. Қашықтықтан оқытудың барлық оқу материалдары институттың PLATONUS платформасына салынып келеді. Институтта онлайн оқытудың негізгі құралы-ZOOM платформасы болып отыр.
Оқу үрдісінің барлық материалдары Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының сайтының “Қашықтықтан оқыту” жеке бетінде, ондағы YouTube каналына салынып келеді. Таяуда Платонусқа арнайы “Тапсырма” модулі де енгізілді. Бұл модульге барлық студенттерге оқылып жатырған пәндер бойынша берілетін тапсырмалар жазылуда, мысалы: практика есебін құрастыру бойынша тапсырма (есеп бойынша презентация дайындау, есептің өзі және практиканың басқа да материалдарын және т. б. қоса беру); күнделік толтыру бойынша тапсырма; есепті онлайн режимде және т. б. қорғау бойынша тапсырмалар, тағы басқалар жүктелуде.
Сондай-ақ барлық видеолекциялар, видеосабақ материалдары, студенттерге арналған тапсырмалар ИИС PLATONUS платформасында орналастырылып келеді. Білім алушылар да, профессор-оқытушылар құрамы да қашықтықтан оқу үрдісіне үйренді. Алғашқы нәтижелеріміз жаман емес.
Биыл институтты 509 студент бітіреді деп күтілуде. Емтихандары мен есеп материалдарын тапсырған 472 студент дипломалды өндіріс-тәжірибелік жұмыстарында жүр. Сәуірдің 6-ы мен 12-і аралығында студенттеріміз дипломалды тәжірибелік жұмыстары есептерін онлайн бойынша тіке байланысқа шығып ойдагыдай тапсырды. Қаржы және экономика мамандықтарының студенттері 9-10 сәуірде есептерін жақсы қорғап, өндіріс-тәжірибелік жұмыстарын тым-тәуір игергендерін көрсетті. Біз тәжірибе есептерін онлайн жағдайында электронды түрінде қабылдап, бағалап жатырмыз – дейді Құзіреттілік және жұмысқа орналастыру орталығы директоры Ақмарал Қадырова.
Қазір институттың барлық оқу бітірушілерінің диплом жұмыстары антиплагиат бағдарламасымен тексерілуде. Биыл институт антиплагиат бойынша тексеретін жаңа құрылғы-бағдарлама алған болатын. Сондықтан талап та тәртіп те қатаң екенін айту керек.Талаптан төмен диплом жұмыстарының кері дайындауға жіберіліп отырғандары да бар.
Сәуір айының 13-18 аралығында студенттердің диплом жұмыстарын алдын-ала қорғауы да онлайн бойынша өтуде. Бітіруші студенттерге де барлық тапсырмалар, есептер нәтижесі Платонус платформасына салынып, кері байланыс жасалып отыр. Студенттердің жақсы білім алуларына, білмегендерін сұрауларына барлық жағдайлар жасалып отыр.
Ал студенттер сабаққа дәлелсіз дистациялық форматта қатыспаса, тапсырмаларды орындамаса, сессияға жіберу және емтихан тапсыру мәселесі автоматты түрде жойылады.
2 және 3 курс студенттері үшін Төтенше жағдайға байланысты өндірістік тәжірибелерді өткізу мерзімдері өзгерді. Осыған орай 2019-2020 оқу жылының академиялық күнтізбесіне де өзгерістер жасалды, олар кешірек мерзімге ауыстырылды.
Институтта қашықтықта оқуға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Соны жақсы пайдаланайық, ауырмайық!
Атырау инженерлік гуманитарлық институтының Баспасөз қызметі