АИГИ: Дүлділ АҚЫНҒА арналған АПТАЛЫҚ
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында профессор- оқытушылар құрамы мен студенттердің,бөлімдер қызметкерлерінің қатысуыменқазақ ауыз әдебиетінің ақиығы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған апталық басталды. Апталықтың іс-шаралары аясында конференция өтті.
Конференцияны институттың «Бизнес басқару және құқық» кафедрасы меңгерушісі, заң ғылымдары кандидаты,профессор Болат Жарылғас ұлы Исеев ашып, Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастағанын, бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылғанын, сол кезд-ақ Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алғанын айтты.
-Жамбыл өлеңдері әлемнің 50-денастам тіліне аударылған және жарияланған. Ұлы Жеңіске Жамбыл Жабаевтың да қосқан үлесін қазақ халқы да, ресейліктер де жадынан шығармайды. Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты атақты өлеңі ешқашан ұмытылмайды. Мен Санкт-Питербург қаласында аспирантурада оқыған кезімде орыс халқының Жамбыл жырауға ықылас-ілтипатының ерекше екенін көзіммен көрдім,оның сол қаладағы ескерткіші гүлден арылмайтына куа болдым,-деді Болат Жарылғасұлы.
«Адалдық пен адамгершіліктің, әділеттілік пен ізгіліктің алып жыршысы» тақырыбында институттың Құзыреттілік және мансапты жоспарлау орталығының директоры Нұрберген Жұмағалиев баяндады. «Өз дәуірінің ұлы жыршысы,қазақ халқының біртуар перзенті Жамбыл Жабаев
сынды алыпты терең ұғыну үшін терең білім мен зерде керек. Ол сан ғасырлық ақпа-төкпе, суырып салма ақындық өнердің,жыраулық дәстүрдің көшін ілгері апарып, осы заманға жеткізген және небір тарихи ұлы өзгерістерді сол үрдістен алшақ кетпей жырлай білген заңғар құбылыс деп танылды. Жамбыл жырау шығармашылығы әлі де толық зерттеліп болған жоқ,біздің институттың жас ғалымдары,тіл-әдебиет мамандары мұны қолға алулары керек»,- деді Нұрберген Жұмағалиев.
« Менің анам танымал әдебиет-тіл пәні ұстазы Сымғалиқызы Шандоз Жамбыл Жабаев,Ыбырай Алтынсарин, шығармашылығын көп зерттеп, ғылыми зерттеуін қорғаған адам.Біздің үйде Жамбыл жырау туралы көп дерек бар»,-деген Н.Жұмағалиев тың мәліметтерді ортаға салды.
Жалпы білім беру кафедрасының аға оқытушысы,докторант Гүлфайрус Кенжеғалиқызы Бозахаева Жамбыл өлеңдері Ұлы Отан соғысында жауынгерлердің рухын жігерлендіріп, күш бергенін,сөйтіп жеңіске үлес қосқанын айтты. Ұлы Жамбылды Мұхтар Әуезов мойындаған, Сейфуллин бас иген, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Ғабит Мүсірепов еркелеген, Бауыржан Момышұлы бас иген, Мәлік Ғабдуллин құшағына алған. Ромен Роллан, Михаил Шолохов, Павло Тычина, Николай Тихонов, Константин Симонов сияқты әлемдік әдебиеттің өкілдері де ерекше құрметтегенін Гүлфайрус Кенжеғалиқызы атап өтті.
Экономика және гуманитарлық факультет деканының орынбасары Әсел Құрманғазықызы Ығылова Жамбыл Жабаевтың Алматы облысындағы музей-үйіне барып,көзімен көрген ,білгендерін сурет- картиналармен көрсетіп,айтып берді.
Жалпы білім беру кафедрасы оқытушысы, магистр Болат Ділмұханұлы Жұбанов: -Ұлы қазақ даласында сан ғасырлық жыраулық мектептің негізін салған Асанқайғы, Қазтұған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиенбет, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Қаблиса, Сүйінбай сынды жырауларының жалғасы Жамбыл Жабаев . Ол «Менің – пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп өмірін өлеңге арнады. Атақты Майкөт пен Құлмамбетті жеңіп, Жетісудың бірінші ақыны атанды. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. Жамбыл 1945 жылғы мауысым айының 22-інде Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті,-деді
-Алтын қылыш қынабында жатпайды деген, Жамбылды тану үшін қазір жаңа көзқарас, жаңа таным керек. Мәселен, Жамбылдың революцияға дейінгі өмірі әлі толық зерттелмей келеді. Жамбыл жәй ғана ақын емес, ол күрескер ақын. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде 61 жасына қарамай, көтерілісшілерді қолдап, жыр арнады. Романовтардың таққа отыруының 300 жылдығына арналған Верныйдағы ақындар айтысындағы ақындық болмысы көзден тыс қалды. Сонымен қатар, Жамбылдың Балуан Шолақ, Әсет ақын, Шашубай сынды ақындармен арасындағы әңгімелер қалың оқырманға толықтай жетпегенін атап айтты магистр Болат Ділмұханұлы.
Институтта «Жыр алыбы-Жамбыл Жабаев» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.»Жүз жыл жырлаған жүрек» тақырыбында Жамбыл өлеңдерін жатқа айту челенджі,ашық тәрбие сағаттары өткізілуде.