«Жеке тұлғалық өсу. Әлеуметтік кәсіпкерлік негіздері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

“Жеке тұлғаның ұжымдағы орны қандай болу керек?”, “Адамның тұлғалық ерекшеліктері неге байланысты?”, “Әр адамның айналасын танып білуінің сыры неде?”, “Кәсіпкерлік негіздерін қалай игереміз?”, “Әлеуметтік кәсіпкерлік мәні неде?” Осы және басқа да сауалдардың жауабын білім ордасында бүгіндері оқып жүрген студент жастардың, яғни ертеңгі жас мамандардың білгені жөн. Сондықтан Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында өткен жылдан бері I-SEED «Иновациялар,әлеуметтік кәсіпкерлік және білім беру» бағдарламасы аясында семинар-сабақтары,тренингтері өткізіліп келеді. Осындай кезекті семинар-тренинг 20-25 ақпанда институтта «Жеке тұлғалық өсу.Әлеуметтік кәсіпкерлік негіздері» тақырыбында өтті.

Семинар-тренингте бизнес-тренер Бағлан Қалдарбеков жеке тұлғалық қалыптасу мен әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сыры мәселелеріне жан-жақты талдау жасады,пікір сайыстар ұйымдастырды.

Қоғам мүшелерінің бәріне ортақ бір мінез-құлықтық қасиеттің болуы мүмкін емес. Әр адам өзінше жеке тұлға.Адамдар тұлға болып, өзіндік жеке бас ерекшелігі бірден дүниеге келмейді. Әрбір жеке тұлғаны қалыптастыру, тәрбиелеп жетілдіру қажет. Өзіне немқұрайды қарайтын кейбір қоғам мүшелері басқалар қалай өмір сүрсе, мен де солай өмір сүремін деген принципті ұстанғанымен, шын мәнінде өмірде олай емес.

Жеке тұлғаның ерекшелігі дегеніміз — ол оның өзіне тән мінез-құлқындағы, іс-әрекетіндегі, көзқарасындағы ерекшелігімен даралануы,-екенін семинарда сарапшы бизнес-тренер Бағлан Қалдарбеков нақты мысалдармен айтып берді.

Кезекті семинар-тренингте мынадай өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады:Әлеуметтік кәсіпкерлікті игеру,жеке тұлғалық өсу, жобалық басқару,бизнес- жоспарлау және өз жобаларыңды әлеуметтік желілерде жүзеге асыру. Осы мәселелерді іске асыра отырып әркім өзін дамыта білу жолдары талқыланды.

Семинар-тренингке қатысқан 3 курс студенттері неткворкинг пен тренингілік сайыстарда жеке көшбасшылық қасиеттері мен осал тұстарын анықтауға,әркім өзінің стратегиялық дамуын қалыптастыруға күш салды. Студенттер бес күн бойы осылайша жеке адамның тұлғалық қалыптасуы мен әлеуметтік кәсіпкерліктің сан қилы жолдары мен түйткілді түйіндері туралы сабақ боларлық жақсы мағұлматтар алды.

АИГИ Баспасөз қызметі.

Leave a Reply